Қоғам • Бүгін, 07:50

Тарихи тамырмен табысқан сәт

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері 14,8 мыңнан астам этностық қазақ қандас мәртебесін алған. Жыл сайын өсіп келе жатқан бұл көрсеткіш шетелдегі қазақтардың атажұртына көптеп оралып жатқанын дәлелдейді.

Тарихи тамырмен табысқан сәт

Фото: kaztag.kz

Бұл – жай ғана көші-қон емес, елге елдің қосылуы, үміт пен үміттің жалғануы. Биылғы қандастардың басым бөлігі көршілес мемлекеттерден қоныс аударды. Мысалы, 44,5%-ы Өзбекстаннан, 43,6% – Қытайдан, 4,1% – Түрікменстаннан, 3% – Монғолиядан 2,5% – Ресейден және 2,3 басқа елдерден келген. Олардың арасында еңбекке қабілетті жастағылар да, жасөспірімдер мен зейнет жасындағы азаматтар да бар. Демек көш – елдің демографиялық қана емес, әлеуметтік болашағына да әсер ететін маңызды үдеріс. Білім деңгейі жағынан да қандастар әртүрлі. Арасында жоғары білімді мамандар, кәсіби-техникалық салада шыңдалған азаматтар, сондай-ақ жалпы орта біліммен келгендер де кездеседі. Олар экономика мен еңбек нарығы үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені білімі мен тәжірибесін еліміздің дамуына жұмсауға дайын.

Қоныс аударған қазақтар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырылды. Әсіресе еңбек күші тапшы солтүстік және шығыс аймақтарға басымдық берілді. Бұл өңір­лерде қандастарды қабылдау үшін арнайы квота белгіленіп, оны жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да айтарлықтай. Қандастарды жұмыспен қамту, жаңа ортаға бейімдеу, тұрғын үй мәселесін шешу бағытында нақты тетіктер іске қосылды. Соның бірі – тұрғын үй алуға немесе салуға арналған қайтарымсыз қаржылай қолдау. Бұл бастама көшіп келген отбасыларға жаңа өмірді нық қадаммен бастауға мүм­кіндік беріп отыр. Қандастардың елге оралуы – статистика ғана емес, санадан өшпеген сағыныш, ұлттың ішкі тұтастығын күшейтетін рухани үдеріс. Әрбір оралған қандастың жанарында бір үміттің шамы жанып тұрғаны шындық. 

Соңғы жаңалықтар

Алматыға кіру ақылы бола ма?

Аймақтар • Бүгін, 11:34