Ауа райы • 31 Желтоқсан, 2025

Қаңтар жылы болады: синоптиктердің 2026 жылға болжамы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазгидромет» 2026 жылдың қаңтар айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды. Мамандардың мәліметінше, алдағы қаңтар айы еліміздің басым бөлігінде климаттық нормаға қарағанда 1-2 градусқа жылырақ болады. Жауын-шашын мөлшері жалпы республика бойынша норма шамасында күтіледі, деп жазады Egemen.kz.

Қаңтар жылы болады: синоптиктердің 2026 жылға болжамы

Фото: ашық дереккөз

Сонымен бірге Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарының солтүстік-шығысында жауын-шашын көбірек түсуі ықтимал. Сондай-ақ Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан облысының оңтүстік-шығысында және Жетісу өңірінде қар мөлшері қалыпты деңгейден жоғары болуы мүмкін.

Ауа райы құбылмалы болады

Қаңтар айында қар жауып, жел күшейіп, боран мен тұман, көктайғақ құбылыстары байқалатын кезеңдер мен ашық әрі аязды күндер алма-кезек ауысады.

Еліміздің батысында айдың алғашқы онкүндігінде түнде ауа температурасы -10…-18 градусқа дейін төмендеп, күндіз -5…-12 градус шамасында болады. Кейін біртіндеп жылыну күтіледі.

Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде түнгі ауа температурасы -10…-20 градустан -3…-8 градусқа дейін құбылып, күндіз -12 градустан +3 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Шығыс аймақтарда түнде -2…-18, күндіз -6…+2 градус аралығында сақталады. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнгі температура -12 градустан +5 градусқа дейін, күндіз +8…+10 градусқа дейін көтеріледі. Елдің ең оңтүстігінде күндізгі ауа температурасы +15 градусқа жетуі ықтимал.

Қаңтардың екінші жартысында аяз күшейеді

Синоптиктердің болжамынша, қаңтардың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, солтүстік-батыс, орталық және шығыс өңірлерде суық ауа массаларының енуіне байланысты күрт аяз болады. Түнде ауа температурасы -25…-35 градусқа дейін төмендеп, күндіз -15…-20 градусқа дейін суытуы мүмкін.

Батыс өңірлерде аязды күндері түнгі температура -20…-27 градусқа дейін төмендейді. Кей күндері күндіз 0…+5 градусқа дейін жылыну ықтималдығы да жоқ емес.

Ал еліміздің оңтүстігінде температура құбылмалы болады: түнде 0…-20, күндіз +12…-13 градус аралығында сақталады. Қаңтардың соңына қарай кейбір өңірлерде түнгі аяз -30 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Қарсыз қыс қалыпты жағдайға айнала ма?

Айта кетейік, биыл қыстың алғашқы күндері еліміздің көптеген өңірінде қарсыз өтті. Синоптиктердің айтуынша, егер осындай ауа райы сақталса, еліміз үшін қар аз түсетін немесе қарсыз қыс біртіндеп қалыпты құбылысқа айналуы ықтимал.

Соңғы жаңалықтар

Шымкентте үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 11:00