Ақпарат көздерінің дерегінше, қаза тапқандардың екеуі Иранның батысындағы Лордеган қаласында тіркелген. Ал билік органдары батыстағы Кухдашт қаласында бір адамның көз жұмғанын растады. Сонымен қатар Hengaw ұйымы елдің орталық бөлігіндегі Исфахан провинциясында тағы бір наразылыққа қатысушының оққа ұшқанын хабарлады.
Бастапқыда бейбіт сипатта басталған наразылық кейіннен демонстранттар мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыстарға ұласқан. Шерулер жексенбі күні ұлттық валютаның күрт құнсыздануына және бағаның жаппай өсуіне наразы болған саудагерлердің бас көтеруінен басталған.
Fars агенттігінің мәліметінше, Лордеган қаласында қауіпсіздік күштері «қарулы наразылық білдірушілер» деп атаған топпен қақтығыс кезінде екі адам қаза тапқан.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Кухдашт қаласында өзімен байланысты «Басидж» ерікті әскери ұйымының бір мүшесі қаза тауып, тағы 13 адамның жарақат алғанын хабарлады. КИРС бұл жағдайға наразылық білдірушілерді кінәлап, олардың шерулерді өз мақсаттарына пайдаланғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар ондаған наразылыққа қатысушы ұсталғаны хабарланып отыр.
Ирандағы тәртіпсіздіктер ел үкіметі үшін күрделі кезеңде өтіп жатыр. Батыс санкциялары экономикаға ауыр соққы болып, инфляция деңгейі шамамен 40 пайызға жеткен. Бұған қоса, маусым айында Израиль мен АҚШ тарапынан Иранның ядролық инфрақұрылымы мен әскери басшылығына бағытталған әуе соққылары жасалған.
Иран үкіметінің ресми өкілі Фатиме Мохаджерани билік өкілдері кәсіподақтар мен саудагерлердің өкілдерімен тікелей диалог жүргізетінін мәлімдеген, алайда нақты тетіктерін ашып айтпады.