Фото: Ашық дереккөз
Вале кантоны полициясының шефі Фредерик Гилер өткізген баспасөз мәслихатында соңғы мәліметтерді жариялады. Оның айтуынша, апат салдарынан 40 адам қаза тауып, 115 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Полиция басшысы қаза тапқандар мен ауыр жарақат алғандарды тану (идентификациялау) жұмыстары біраз уақытқа созылатынын ескертті. Құрбандардың арасында Швейцария азаматтарымен қатар шетелдік туристер де бар.
60 адам Вале кантонының астанасы Сьон қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Қалғандары Женева, Лозанна, Берн және Цюрих қалаларындағы мамандандырылған клиникаларға жөнелтілген. Көршілес Франция, Германия және Италия елдері зардап шеккендерді емдеуге көмек ұсынып отыр.
Өрт жергілікті уақыт бойынша түнгі 01:30-да басталған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, өртке қарапайым абайсыздық себеп болған. Мереке кезінде шампан бөтелкесіне салынған отшашу (фейерверк) жағылып, ол төбеге тым жақын ұсталған. Салдарынан от шатырға тиіп, санаулы секундтар ішінде бүкіл ғимаратты шарпып кеткен.