Қоғам • 06 Қаңтар, 2026

Талғар тұрғындарының шыдамы таусылды: ауызсу мәселесі 4 жылдан бері шешілмей тұр

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талғар қаласында төрт жылдан бері салынып жатқан магистральдық су таратқыштың құрылысы тұралап тұр. Қала күн сайын кеңейіп келеді, ал ауызсу жүйесі әлі де тозған желіге телміріп отыр. Осы ахуалды көзбен көру үшін Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Талғарға арнайы барды, деп жазады Egemen.kz.

Талғар тұрғындарының шыдамы таусылды: ауызсу мәселесі 4 жылдан бері шешілмей тұр

Магистральдық су таратқыш жобасы қала үшін жай ғана инфрақұрылым емес. Ол іске қосылғанда Талғар ескі құбырлардан құтылып, тұрақты әрі жеткілікті ауызсуға қол жеткізуі тиіс еді. Бірақ құрылыс аяқталмай, бұл үміт кейінге ысырылып келеді.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожиннің айтуынша, жоба уақытында аяқталмай отырған басты себеп − қаржының толық бөлінбеуі.

– Қазіргі таңда Талғар қаласында бар болғаны 4300 текше метрлік резервуарлық қуат жұмыс істеп тұр. Бұл, әсіресе жаз мезгілінде, қала үшін жеткіліксіз. Ал жаңа жүйе толық іске қосылған кезде қосымша 7600 текше метрге дейін су жеткізуге мүмкіндік бар. Жоба аясында төрт резервуар салынғанымен, су сапасын бақылауға арналған зертхананың құрылысы да жарты жолда тоқтап қалған. Оның ішіндегі негізгі жабдықтар әлі орнатылмаған, себебі қаржы бөлінбеген, – дейді депутат.

магистраль

Жоба 50 мыңға жуық тұрғынды ауызсумен қамтуы керек. Жалпы құны − 4,6 млрд теңге. Алайда құрылысты толық аяқтау үшін қажет шамамен 1,7 млрд теңге әлі күнге дейін бюджеттен бөлінбеген. Бұл қаржыға суды хлорлау жүйелері, зертханалық құралдар мен негізгі технологиялық жабдықтар алынуы тиіс.

– Дәл осы жабдықтар орнатылмайынша нысанды пайдалануға беру мүмкін емес. Мәселе тек құрылыс көлемінде емес, судың сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Нысанды 2026 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған. Алайда ол үшін негізгі жабдықтар мен материалдарды биыл сатып алу қажет. Әйтпесе, мердігердің айтуынша, жобаның құны қымбаттап, іске асыру мерзімі тағы да созылып кетуі мүмкін. Сондықтан облыстық бюджеттен жетіспей тұрған қаражатты уақыт оздырмай бөлу мәселесін көтеріп отырмыз, – деді Максим Рожин.

Құрылыс тоқтаған сайын салмақ ескі жүйеге түсіп отыр. Әсіресе жаз айларында мәселе ушығады: су қысымы төмендейді, кей аудандарда ауызсу сағаттап, тіпті күндеп берілмейді.

Талғар тұрғыны Ахат Солтанқұлов бұл қиындықтың қарапайым халық үшін күнделікті күйзеліске айналғанын жасырмайды.

– Жазда жағдай тіпті қиындайды. Әсіресе 9 қабатты үйлердің жоғарғы жағына су мүлде көтерілмейді, қысым жоқ. Суға жарымай қалатын күндер болады. Кеңдала мен Ақдала ауылындағы саяжайлардың жағдайы тіптен қиын. Қала күн сайын өсіп жатыр, ал су жүйесі баяғы қалпы. Шынымызды айтсақ, әбден шаршадық. Енді осы су таратқышты тезірек бітіріп, іске қосса екен деп күтеміз. Басқа үміт қалмады, – дейді ол.

Мәжіліс депутаттары Талғардағы магистральдық су таратқышты әлеуметтік маңызы бар стратегиялық жоба ретінде тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Себебі бұл тек құрылыс нысаны емес − ондаған мың адамның күнделікті тіршілігі мен қауіпсіздігі тікелей осы суға тәуелді.

 
 
Соңғы жаңалықтар