Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жыл алмасар шақтағы жаңалықтарға, құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы саласындағы көрсеткіштерге тоқталып, жаңа пәтер иелерін құттықтады.
– Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін де, өңіріміз үшін де бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын істердің жылы болды. Аймақ негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындардан көрінді. Жалпы, өңірлік өнім көлемі жыл қорытындысында 3 трлн 700 млрд теңгеге жетіп, 6,5%-дық өсім қамтамасыз етілді. Облыс бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеге жетіп, 2021 жылдан бері 246%-ға өсті. Оның 56%-ы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Даму бюджетінің көлемі биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 4,4 есеге артты. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып келеді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында баспанамен қамту, инфрақұрылымды қайта жаңғыртуға қатысты қажетті шаралар қабылданды. Аймақта 3 жыл ішінде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынуы осы сөзіміздің дәлелі. Ұзақ жыл пәтер кезегін күткен сіздер де бүгін мемлекет қолдауымен баспанаға қол жеткізіп отырсыздар. Қоныстарыңыз құтты болсын, – деді Н.Нәлібаев.

Былтырдан бері қалада заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп келеді. Жыл тоғысында қолданысқа беріліп отырған мына үй де тіршілігі күннен-күнге жанданып келе жатқан сол жағалаудағы көрікті ғимараттардың бірі.
Жалпы кейінгі жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер табысталды. Кейінгі үш жылда алғаш рет барлық ауданда 1 800-ге жуық жаңа пәтер ел игілігіне берілді. Биыл 3 600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлініп отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА