Өндіріс • Кеше

Павлодар облысында ірі өнеркәсіп паркі салынады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр XINFA GROUP басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюнмен елімізде салынатын заманауи өнеркәсіптік парк құрылысының инвестициялық өзара іс-қимыл және практикалық аспектілері мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Павлодар облысында ірі өнеркәсіп паркі салынады

Фото: primeminister.kz

Павлодар облысында толық циклді ауқымды өнеркәсіптік парк құру жөніндегі инвестициялық жобаның тұжырымдамасы көмірден, бокситтерден, мыстан, флюориттен және әктастан жоғары қайта бөлу өнімдерін шығару мақсатында шикізатты терең өңдеуді көздейді. Атап айтқанда, алюминий және мыс өндіру бойынша металлургия өндірістерін салу, жаңартылатын энергия көздері базасындағы нысандарды қоса алғанда, энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ сода, көміртекті материалдар өндіретін кәсіпорындарды іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен 15 млрд доллар деңгейінде бағаланады. Болашақ индустриялық парктің ауданы – 3 мың гектардан астам деп белгіленген.

Xinfa Group басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюн компания боксит, көмір және мыс кен орындарын қоса алғанда, Қазақстанның ресурстық базасына алдын ала талдау жүргізгенін және терең өңдеу тізбегін қалыптастыру мен қосылған құны жоғары өнім шығару ісінде де олардың өнеркәсіптік әлеуетін оң бағалайтынын атап өтті.

Роман Скляр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытына сүйене отырып, өнеркәсіптік жаңғыртуды, стратегиялық инвестицияларды тартуды және технологиялық индустрияны дамытуды мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары ретінде қарастыратынын атап өтті. Үкімет халықаралық индустриялық топтармен ұзақмерзімді әріптестік тетіктерін қоса алғанда, ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу үшін орнықты құқықтық және институционалдық база қалыптастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша жобаны одан әрі егжей-тегжейлі пысықтауға, индустриялық әріптестікті кеңейтуге және ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға келісті.

Соңғы жаңалықтар