Суретті салған – Айдарбек ҒАЗИЗ
– Көке, неге Жаяу Мұса боп жүрсіз? Қайда барасыз, апарып тастайын, – деді құрақ ұшып.
– Рахмет, балам, өзің қай баласың, шырамытып тұрмын.
– Насыбайшы Қасымбектің немересімін. Атадан қалған дәстүр ғой, – деп ерніндегі насыбай қалдығын сұқ саусағымен сылып алып, жерге тастады.
– Атың кім?
– Әзім.
– Әзімжан, мен ауылға жаяу жүру үшін келемін. Әйтпесе төрт дөңгелек көп қой.
– Ой-й, сізді де жазушы деп жүрміз ғой. – Қалтасынан насыбай шақшасын шығарып.
– Мынаған қалайсыз? – деді.
– Қойғанбыз, ниетіңе рахмет!
Дөңкиген қоңыз мәшине гүр етіп жүріп кетті.
Жаяу Мұса қара жолдың бойында қалып қойды.
Полиция мен прокурор
Елге барғанда полиция құрдасым қонаққа шақырды. Ауданның «беткеұстары» әрі үстінен қарайтын бақылаушы болғасын ба, прокурорды қоса шақырыпты. Екеуі де қызметтік форма киіп, погон тағып отырды. Сөз саптауларына қарағанда екеуі дүниені ұстап тұр, басқалардың бәрі қалқыған көмескі бейнелер. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай іліп әкетіп, әулекі сөздің тігісін жатқызып, әңгіме атаулының тізгінін ұстап отыр. Бір мезет прокурор:
– Сіздердің жұмыстарыңыз құр сөз ғой, – деп менің тіршілігіме шүйлікті.
– Бұл кісілер сөзбен күн көріп жүр ғой, – деп полиция да қостап қойды.
Енді мен де тақырыпқа тереңдеп кірістім.
– Қарағым, сен «Әліппе» оқып, қара таныдың. «Қазақ тілін» оқып, тіл сындырдың. «Ана тілін» оқып, тақпақ жаттадың. Заң факультетіне түсерде әдебиеттен шығарма жазып, тарихтан ауызша сынақ тапсырдың. Осының бәрі математика емес, сөз ғой. Сен жоғарыға берген есебің мен жиналыста жасаған баяндамаңды да сөзбен айтпайсың ба? Сотталушыны да дүйім жұрттың алдында сөзбен қараламайсың ба? Жарайды, сен мен кетісімен ауылдың амандығын айтып, маған бір бет хат жазшы, сөздің алдындағы күшіңді көрейін.
Прокурор «асығыс едім» деп кетіп қалды.
Полиция шекпенін шешіп, демін алды.
Мен хат күтіп жүрмін.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы