Саясат • 09 Қаңтар, 2026

Өкілді билік тармағы сын-қатерлерді еңсереді

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысының жұртшылығымен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және өңірдегі дарынды жастармен жолықты. Кездесулерде Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған бастамалар, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан өңірлерді орталықсыздандыру бағдары мен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы тапсырмаларды іске асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Одан бөлек, бірқатар маңызды бағыт бойынша Сенаттың мәслихаттармен бірлескен жұмысының негізгі басымдықтарына мән берілді.

Өкілді билік тармағы сын-қатерлерді еңсереді

Палата спикері мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың бірлескен жұмысы ерекше мәнге ие екенін айтты. Сондай-ақ ол ел Президенті «Turkistan» газетіне берген сұхбатында белгілеп берген міндеттерге назар аударып, цифр­ландыру, жасанды интеллектіні дамыту мен Қазақстанды цифр­лық державаға айналдыру туралы бас­тамалар аясында күш бірік­тірудің маңызына назар аударды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Басты мақсат – әділетті мемлекет, тиімді экономика және жауапты басқару жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің қазіргі ахуалына және алдағы даму бағдары­на кеңінен тоқталды. Президент­­тің барлық бастамасы елімізді әділет­ті, демократиялық, ашық мем­ле­кетке айналдыруға бағыт­талған. Сондықтан Мемлекет басшы­сы жүктеген міндеттерді сапалы іске асыру үшін сенаторлар мен мәсл­ихат депутаттарының жү­йелі өзара іс-қимылын және бірлес­­кен жұ­мысын белсенді түрде жал­­ғас­тыра береміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, фискалдық және салық саясаты толығымен қайта қаралған жаңа Бюджет, Салық кодекстерінің, сондай-ақ қабылданған басқа да заңдардың маңызына назар аударды. Палата спикері Президенттің өңірлерді орталықсыздандыруды және олар­дың дербестігін арттыруды көз­дейтін бұрын-соңды болмаған бағдары мен «Қуатты өңірлер – қуат­ты ел» қағидатының негізгі мәнін де тілге тиек етті. Мұндай қадам өзекті мәселелерді жедел шешу жолында бюджеттік дербестікті және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілікті арттырады, сондай-ақ жергілікті билік институттарының рөлін нығайтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың құзыретін күшейтіп, бірқатар өкілеттікті орталықтан өңірлерге беруді маңызды міндет етіп белгі­леді. Осыған байланысты жергі­лікті атқарушы органдардың бюджет­тік дер­бестігін кеңейту үшін ауқым­ды өзгерістер атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде салықтар мен төлем­дердің 25 түрі жергі­лікті деңгейге, оның ішінде аудан­дар мен ауылдарға берілді. Ең осал аймақтарға стандартты даму деңгейіне жету үшін көбі­рек ресурстар беріледі. Мұндай тәсіл инф­рақұрылымдық олқылық­тар­ды барынша азайтуға және елді мекендердің дамуын нақ­ты жоспарлауға жол ашады. Өңірлер­дің кірістерінің 70 па­йызы аудандық деңгейде және облыс­тық маңызы бар қалаларда шоғырланған. Бұл – жергілікті әкімдерді бизнес ортаны дамытуға және табыс базасын ұлғайтуға ынталандыратын қадам. Осындай ауқымды жұмыста мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл ретте Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуын бақылауды күшейтудің маңызы зор», деді Сенат төрағасы.

Кездесуде М.Әшімбаев саяси жаңғыру жолындағы тағы бір маңызды мәселе – парламенттік реформа туралы айтты.

«Президент халыққа арнаған Жолдауында бір палаталы Парла­ментке көшу мәселесін қоғам мен сарап­шылар талқылауына шығ­аруды ұсынды. Бұл бастама демо­кратиялық институттар мен тетіктерді нығайтуға бағытталған дәйекті реформалардың қисынды жалғасы екені анық. Осы жолда кеңейтілген өкілеттіктерге ие Парламент маңызды рөлдердің бірін атқарады. Аталған реформа аясында Конституцияның 40-қа жуық бабына өзгерістер енгізіледі. Бұл мәселе бойынша түп­кілікті шешім халықтың пікі­рін ескере отырып, референ­дум арқылы қабылданады. Жалпы, парла­мент­тік реформа өкілді билік тармағын одан әрі тиімді, икемді және заманауи сын-қатерлерге төтеп беретін жүйе ретінде күшейтуді көздейді», деді палата спикері.

М.Әшімбаев Қызылорда облы­сының экономикалық өсу келешегі мен қарқынына назар аударып, жаңа даму тетіктерін жетілдірудің және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар облыстың инвестициялық әлеуетіне, осы бағыттағы негізгі міндеттерге, олардың ерекшелігіне тоқтала келе, іске асырылып жатқан бірқа­тар жобаның тиімділігін және инфрақұрылымды жаңғыртуға, жолдар желісін, су мен инженерлік жүйелерді жаңартуға қатысты мәселелерді талқылады.

Өңірдің креативті жастарымен кездесуде елді жаңғырту үдерісінде білімді жас буынның рөліне, олардың бойына жасампаз құндылықтарды, жауапкершілік пен прогрессивті идеяларды сіңірудің маңызына және өскелең ұрпақты жүйелі қолдауға баса мән берілді. Атап айтқанда, үздіксіз даму, цифрлық сауатты арттыру мен озық технологияларды игеру жөнінде кеңінен сөз болды.

Сапар аясында сенаторлар Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті және физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың қызметімен таныс­ты. Аталған білім ордасы заңсыз иемденген активтерден қайта­рыл­ған қаражатқа Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен салын­ған. Дарынды балаларға арнал­ған оқу орнында нақты ғылым­дар­мен қатар ағылшын тілін терең­детіп оқытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Бұған қоса Сенат депутаттары Инклюзивті спорт орталығына барып, жастармен және оқытушылар­мен кездесті. Бұл орталық ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарға түрлі қызметтер көр­сетеді. Олардың қатарында ортаға бейімделу, түзету-дамыту және әлеуметтік-психологиялық қол­дау сияқты маңызды салалар бар.

Сенаторлардың «Тұмар» ша­ғын өнеркәсіптік аймағының өкіл­дері­мен кездесуінде шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау­ға қатысты өзекті мәселелер талқы­ланды. Сондай-ақ депутаттар об­лыстық тарихи-өлкетану музейі­нің және әуежайдың жаңа терми­на­лының қызметімен танысты. 

Соңғы жаңалықтар