«Біз аралаған аңғар ежелгі заманда Тетис мұхитының табаны болған. Кейін жер қыртысы қозғалып, Пангея бөлініп, су кейін шегінді. Сөйтіп мыңдаған жылдар бойы табиғат алып тас мүсіндерді қалыптастырды. Жазықтың ортасынан қылыштай өткір жартас шоқылар, үстірттер мен иілген күмбезге ұқсас биіктер бой көтереді. Бұл аймақ соншалықты ұзақ уақыт бойы құрғақ әрі иен қалғандықтан, миллиондаған жылдық тарихтың ізі әлі күнге дейін анық көрінеді», деп жазады саяхатшы-журналист.
Тілшінің тіліне тиек болып отырған Тетис суы – мезозой дәуіріндегі алып мұхит-тұғын. Ол қазіргі Еуразия мен Африка-Арабия аралығын алып жатқан. Жер қыртысының қозғалысына байланысты азайып, бір жола тартылып кеткен. Қазіргі Маңғыстау дәл осы Тетис мұхитының астында жатқан. Ғалымдар оны теңіз жануарларының қалдықтары арқылы дәлелдеген.
Бұл нәрсе Америкадан келген журналисттің де назарын аударған. Бұған қоса Дженнифер Мюллер Маңғыстаудағы керуен-сарайлардың қирандыларын, сопылық ғибадатханалары мен жерасты мешіттерін асқан таңданыспен басылымға жариялаған.
«Ғалымдар олардың қалай пайда болғаны жөнінде әлі күнге дейін ортақ пікірге келген жоқ. Ал маған бұл алқап бір кездері құдайлардың ойын алаңы болған деген нұсқа көбірек ұнайды», деп жазады журналист.
Автордың айтуынша, ұзақ уақыт бойы бұл өңір халықаралық туристердің назарынан тыс қалып келген, алайда бүгінде оған деген қызығушылық артып отыр. Сапар барысында журналист Ресей, Қытай және Италиядан келген туристерді жолықтырғанын айтады. Ал америкалық саяхатшылар бұл бағытты енді ғана тани бастаған. Журналист жолсерігі Антон Дикиннен білгенінше, ол он жылдан астам уақыт бойы өңірде тур ұйымдастырып жүрсе де, АҚШ-тан келген қонақты әлі кездестірмеген.
Дженнифер Мюллер бір түнді «киіз үй мотелінде» өткізгендерін айтады. Алайда кейін топ мүшелерінің бәрі бір ауыздан далада, табиғат аясында оянғанды қалар едік деген ойға келген. Бұл Маңғыстауға келетін саяхатшылардың өңірге ең алдымен бірегей табиғатпен және адам қолы тимеген кеңістіктермен қауышу үшін ат басын бұратынын көрсетеді.
Айта кетейік, «Washington Post» 1877 жылы Вашингтон қаласында құрылған. Алғашында аймақтық басылым болғанымен, уақыт өте келе The Washington Post ұлттық әрі халықаралық деңгейдегі, қоғамдық пікір мен саяси күн тәртібіне елеулі ықпал ететін басылымға айналды. 2025 жылғы жағдай бойынша The Washington Post басылымының шамамен 2,5 миллион цифрлық жазылушысы бар. Бұл сайттың ақылы аудиториясы мен цифрлық жаңалықтарға жазылған оқырмандар санын көрсетеді. Ал баспа нұсқасының таралымы – күнделікті шамамен 97 мың дана.
Бұдан екі апта бұрын АҚШ-тың жетекші Дюк университетінің газетінде қазақ фольклоры туралы мақала жарық көрген еді.