Технология • Кеше

Егінді «AgroSky» бақылайды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Диқандардың қолы ұзарды. Қарағандының егістік алқаптарында енді дрондар ұшады. Шаруа иелері жердің топырақ құнарын «құстай ұшатын» құрылғы арқылы анықтай алады.

Егінді «AgroSky» бақылайды

Сурет: agrosky.kz

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық универси­тетінің ғалымдары мен түлектері негізін қалаған «AgroSky» стартапы ауыл шаруашылығына жаңа көзқарас әкелді. Егістік жайын дрондар бақылап, ал шешімді жасанды интеллект ұсынады. Осылайша, аймақтың агромамандарына айтулы жаңалық қуаныш сыйлағалы отыр.

«AgroSky»-дың басты артықшы­лығы – болжамға емес, нақты дерекке сүйенуі. Арнайы озық технологиямен жабдықталған дрондар егістік алқаптарын әуеден жүйелі түрде шолып, көзге көрінбейтін топырақтағы және басқа да өзгерістерді қалт жібермейді. Мультиспектрлі бейнелер арқылы топырақтың күйі, өсімдіктің дамуы, ылғал мен қоректік элементтердің таралуы толық картаға түседі. Ал бұл мәліметтер онлайн платформада жасанды интеллект арқылы өңделіп, фермерлерге дайын шешім ретінде ұсынылады.

Яғни жүйе қай жерге су жетпей жатқанын, қай алқапқа тыңайтқыш артық берілгенін, қай аумақта егіннің солып тұрғанына дейін дәл көрсетіп береді. Соның арқасында су, тыңайтқыш пен жанармай босқа жұмсалмайды. Жобаның дерегінше, AgroSky технологиясы шығынды 30 пайыз­ға дейін қысқартып, өнімділікті 10–15 пайызға арттыруға мүмкін­дік береді. Бұл – бүгінгі құбыл­малы климат кезеңінде фермер үшін ауадай қажет дүние.

Жобаның тиімділігі нақты тәжірибеде де дәлелденді. Биыл жазда Қарағанды өңіріндегі Жартас ауылының маңында алғашқы ғылыми-тәжірибелік әуебақылау жүргізілді. Дрондар жинаған деректер егістіктің жай-күйін толық ашып көрсетті.

«Біз мультиспектрлі деректер негізінде егістік алқаптары­ның егжей-тегжей картасын жасадық. Ол фосфор, азот, калий мен көміртегінің шоғыр­лан­ған аймақтарын, сондай-ақ агрономиялық стресс белгілері байқалған учаскелерді анықтауға мүмкіндік берді. Бұл – жүйені жетілдіру мен алгоритмдерді нақтылау үшін аса маңызды ғылыми база», дейді жобаның ғылыми жетекшісі Дмитрий Ожигин.

«AgroSky»-дың әлеуетін жергілікті фермерлер ғана емес, халықаралық сарапшылар да жоғары бағалап отыр.

2025 жылы стартап «GCIP 2025» (Global Cleantech Innovation Programme) бағдарламасына қатысып, қатаң іріктеуден өтті. Шамамен 250 жобаның іші­нен таңдап алынған 50 үздік команданың қатарынан көрінуі  жобаның маңыздылығын айғақтайды.

«Акселерациялық бағдар­лама бізге білім ғана емес, нақты бағыт берді. Идеяны өнімге ай­налдыруға, дамудың айқын стратегиясын жасауға көмектесті»,  дейді команда жетекшісі.

Бүгінде «AgroSky» – жай ғана технологиялық жаңалық емес. Бұл – агросектордың болашағына жасалған инвестиция. Дрон мен жасанды интеллектіні дала тіршілігіне икемдеген жас ғалымдар мен инженерлер ди­қан еңбегін жеңілдетіп қана қой­май, ауыл шаруашылығын тиімді, үнемді әрі тұрақты салаға айналдыруға жол ашып отыр.

«Біз – «AgroSky» командасымыз. Дрондар арқылы алынған суреттерді пайдалы карталар мен нақты кеңестерге айналдырамыз. Бұл карталар фермерге қай жерге тыңайтқышты көбірек немесе азырақ беру керегін, егіннің қалай өсіп жатқанын және өнім көлемін алдын ала білуге көмектеседі. Біздің мақсатымыз – әр гектар жердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау, шығынды азайтып, табысты көбейту. Өзіміз жасаған технологияның, дала­лық сынақтардың және агробағ­дарламалармен байланыстың арқасында нәтиже тез дайын болады. Дрон ұшқаннан кейін фермер жеке кабинетіне кіріп, дайын карталар мен ұсыныстарды бірден көре алады», дейді агроном-сарапшы Артур Аббазов.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар