Әлем • 12 Қаңтар, 2026

Нобель комитеті: Бейбітшілік сыйлығын Трампқа беру мүмкін емес

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венесуэла оппозициясының жетекшісі әрі Нобель сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадоның өзіне берілген Бейбітшілік сыйлығын АҚШ президенті Дональд Трампқа табыстау туралы мәлімдемесіне Норвегия Нобель комитеті ресми жауап қатты. Комитет мұндай әрекет ұйымның ережесіне сай келмейтінін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Нобель комитеті: Бейбітшілік сыйлығын Трампқа беру мүмкін емес

Фото: ашық дереккөз

Норвегия Нобель комитетінің хабарлауынша, сыйлықты басқа адамға беру немесе кері қайтарып алу тетігі қарастырылмаған. 

«Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреатын марапаттан айыру мүмкін емес. Альфред Нобельдің өсиетінде де, Нобель қорының жарғысында да мұндай мүмкіндік көрсетілмеген. Нобель қоры жарғысының 10-параграфына сәйкес, «сыйлық беру туралы шешім шағымдануға жатпайды». Стокгольм мен Ослодағы бірде-бір Нобель комитеті бұрын-соңды берілген сыйлықты қайтарып алмаған», деді комитет мүшелері.

Комитет сонымен бірге лауреаттарға сыйлық табысталғаннан кейін олардың саяси мәлімдемелері мен іс-әрекеттеріне баға бермейтінін атап өтті. Нобель комитетінің өкілеттігі тек белгілі бір жылдағы сыйлықты тағайындауға дейінгі кезеңмен шектеледі.

Бұған дейін Мария Корина Мачадо 2025 жылы өзіне берілген Нобель бейбітшілік сыйлығын Дональд Трампқа тапсыруды қалайтынын айтқан. Ол мұны Трамптың «демократиялық құқықтар үшін тынымсыз күресі» және Венесуэланың демократияға өтуіне қосқан үлесімен түсіндірді.

6 қаңтарда Мачадо «Мен бұл сыйлықты оған жеке табыстап, венесуэлалық халық оны онымен бөліскісі келетінін айтқым келеді» деген. Оның айтуынша, ол лауреаттар 2025 жылғы 10 қазанда жарияланған сәттен бастап бұл марапатты Трампқа сыйлаймын деп ниеттенген. Сонымен бірге ол сол күннен бері АҚШ президентімен сөйлеспегенін де мәлімдеді.

Айта кетейік, АҚШ-тың Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы әскери операциясынан кейін, оны елден шығарды.

Мачадо бастаған оппозиция Мадуро тұтқындалған жағдайда билікті өз қолына алуға дайын екенін жариялады. Ал 3 қаңтарда Дональд Трамп Мачадоның елді басқару мүмкіндігіне күмән келтіріп, оның «елде жеткілікті қолдауы мен беделі жоқ» екенін айтқан.

Соңғы жаңалықтар