Сауда • 12 Қаңтар, 2026

ЕАЭО-да шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауар бажсыз жеткізіле береді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларды бажсыз әкелудің шекті мөлшері сақталды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕАЭО-да шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауар бажсыз жеткізіле береді

Комиссия дерегінше, бажсыз әкелу шегі 200 еуро деңгейінде (шамамен 119 мың теңге) қалады. Бұл шекті мөлшер кейін қайта қаралуы мүмкін.

Егер шек асып кетсе, жеке тұлғалардан ұлттық деңгейде белгіленген қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемелерінен бөлек, артық сомаға 5% мөлшерінде кедендік баж салығы алынады. Сонымен қатар төлем көлемі бір килограмм үшін кемінде 1 еуродан (шамамен 595 теңге) кем болмауы тиіс. Ал кейбір тауар түрлеріне, оның ішінде автокөліктерге арнайы мөлшерлемелер белгіленген.

Ақпаратта көрсетілгендей, жаңа ережелер ЕАЭО аумағынан тыс маркетплейстерден алынатын тауарларға қатысты. Осыған байланысты қазақстандықтарға Wildberries пен Ozon платформаларынан сатып алған тауарларды декларациялау қажет болмайды.

Еліміз «ЕАЭО+» серіктестігін кеңейтпек

Сонымен қатар комиссия электронды саудада мамандандырылған декларацияны қолдануда жеңілдік берілмейтін, міндетті түрде декларацияланатын тауарлар тізімін бекітті. Аталған тізімге:

– алкоголь өнімдері
– темекі бұйымдары
– қолма-қол ақша
– әуе және су көліктері
– жекелеген көлік түрлері және олардың шассилері енгізілді.

Сондай-ақ жеке пайдалануға арналмаған тауарлар қатарына жататын бірқатар сатып алулар да декларациялануы тиіс. Олардың ішінде:

– солярий жабдықтары
– іштен жанатын қозғалтқыштар
– медициналық жиһаз
– ойын автоматтары және өзге де тауарлар бар.

Бұдан бөлек, әкелу және әкету тәртібі рұқсатпен жүзеге асырылатын тауарлар тізімі көрсетілді. Атап айтқанда:

– қару және оқ-дәрі
– қазба жануарлардың сүйектері
– қауіпті қалдықтар және басқа да тауарлар.

ЕАЭО отырысы Шымкентте өтеді

ЕЭК-тің сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнёв қабылданған шешімдер пакеті ЕАЭО Кеден кодексіне енгізілген және электронды сауда мәселелерін реттейтін түзетулердің толыққанды күшіне енуі үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтайтынын атап өтті. Бұл түзетулер ЕАЭО мемлекет басшылары тарапынан 2023 жылғы желтоқсанда қабылданған.

Жаңа тәртіп 1 шілдеден бастап енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар