Сурет: nur.kz
О.Перепечина Тепличное ауылындағы 4,8 км шақырымды құрайтын жаңа қорғаныс бөгетінің құрылысымен танысты. 2024 жылы мыңдаған үйді су басқан тасқынынан кейін алапатқа қарсы қауіпсіздік мәселелері қазір ерекше бақылауда. Құрылыс жұмыстары қаңтардың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Қайта құру жұмыстары көктемгі су тасқыны басталғанға дейін аяқталуға тиіс. Бұл ретте технологиялар мен материалдардың сапасы жоғары болуы қажет, өйткені бұл өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді», деп атап өтті Сенат төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын жаңа емхананың құрылыс алаңында, хоккей кортына арналған металл-тентті құрылыс нысанында, Бескөл №2 орта мектебінде, бейімделген ғимаратта орналасқан Подгорное ауылындағы мектеппен Белое ауылындағы апатты жағдайдағы мектепте болды.
Ал Сенат депутаттары Нұрлан Бекенов, Дархан Қыдырәлі, Алтынбек Нухұлы Ақмола облысындағы Бурабай ауданын аралады. Олар спорт сарайы мен аудандық мәдениет үйі, «Білім-инновация» IT мектебінің жұмысымен танысты. Сенаторлар аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесіп өткізген дөңгелек үстел отырысына да қатысты. Онда Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатының негізгі тұжырымдары, алдағы кезеңдегі бірлескен жұмыстың басым бағыттары талқыланды. Сондай-ақ депутат Н.Бекенов Ақкөл ауданында болды. Ол Домбыралы мен Кеңес ауылдарындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңартылған кентішілік жолдар мен су құбыры желілерін көріп шықты. Сенатор сонымен қатар Кеңес орман шаруашылығында болып, мекеменің материалдық-техникалық жабдықталуы мен қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысты.
Сенат депутаттары Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысындағы Хромтау, Қарғалы, Мұғалжар мен Алға аудандарында болды. Ол Хромтау ауданындағы Табантал ауылында жел электр стансасының құрылысы мен Ақжар ауылдық округінің жазық стансасындағы жаңа мектепті, «АҚМЭЗ» ЖШС-нің кеңейтілетін өндірісі мен мәдениет үйін, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Хромтау қаласындағы қалалық қазандықты қарап шықты. Депутат сондай-ақ Қарғалы ауданында аудандық орталық аурухананың қосымша құрылысымен, Бадамша ауылындағы балалар шығармашылығы және өнер мектебінің жұмысымен танысты. Ал Мұғалжар ауданында аудандық аурухананың жөндеу жұмыстарын, теміржол вокзалын жаңғырту мен Қандыағаш қаласының Самал шағын ауданында жаңа мектеп құрылысын көріп шықты.
Атырау облысына барған сенаторлар ауылдық аумақтарды дамыту барысы мен мамандар жағдайын талқылады. Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде болды. Онда оқу орнының материалдық-техникалық базасын, оқу кабинеттерін заманауи жабдықтармен жарақтандыруын, жалпы білікті маман даярлау ісінің жай-күйін бақылап қайтты. Өйткені бұл салада олқылық болмау керек. Мемлекет басшысы жұмысшы, инженер мамандарды сапалы даярлауды тапсырған еді.
Депутаттар Махамбет ауданында да болып, Талдыкөл ауылының тұрғындарымен кездесті. Халық ауыл инфрақұрылымының жай-күйін, энергетика нысандары мен коммуналдық желілердің жұмысын сөз етіп, басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Депутат Сергей Карплюк Қостанай облысында болып, өнеркәсіп секторының өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен, сондай-ақ өңір активімен кездесті. Сенатор «Allur» компаниясының өндіріс алаңында болып, кәсіпорынның логистика, көлікке қолжетімділік, инфрақұрылымдық шектеулер секілді мәселелеріне зер салды. Зауыт өкілдері логистика тізбектерін жетілдіру, шығындарды азайту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мен отандық өндірушілерді қолдау жөнінде ұсыныстар айтты.
Сенатор Серік Өтешов Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында болды. Сондай-ақ ол Бұқар жырау ауданында орналасқан «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына барды. Ол бұған қоса Қарағанды қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметімен танысты. Бұқар жырау ауданының Баймырза ауылындағы ауылдық округтің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған өртке қарсы ерікті жаңа бекетте де болды.
Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандарында болған Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев өңірдің аграрлық секторына зер салды. Келес ауданында сенаторлар кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан Ecoculture-Eurasia индустриялық жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Қазір қазандық шаруашылығының негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, заманауи жылыжай технологиялары енгізіліп жатыр, өндірістік блоктардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызуға арналған. Бүгінде нысанда 100-ге жуық адам жұмыс істейді, ал кешен толық іске қосылғанда 1 300-ден аса тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жобаның бірінші кезеңінде 51 гектардан аса жер игерілмек, жалпы көлемі 42 млрд теңгені құрайды.
Сенат депутаттары Сұлтан Дүйсембинов, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Есбай Жетісу облысында болып, әлеуметтік, мәдени, инженерлік нысандарды аралады. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» спорттық-оңалту орталығына барып, ондағы оңалту, спорттық сабақтарды өткізу жағдайымен танысты, сондай-ақ орталық қызметкерлерімен және келушілерімен сөйлесті.