Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өткен жыл ел автоөнеркәсібі үшін нақты көрсеткіштермен есте қалды. Жыл бойы елдегі зауыттар 171 мың бірлік көлік құралын шығарды. Оның ішінде жеңіл автомобильдер де, жүк көліктері мен автобустар да бар. Қазақстанның Автокөлік одағы (ҚАО) келтірген дерекке сәйкес, өндірілген техниканың жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асты.
Ал 2024 жылы зауыттардан 145 мың бірлік техника шыққан болатын, оның жалпы құны 1,9 трлн теңге еді. Бір жыл ішінде өндіріс көлемі 17,8 пайызға өскені тіркелді. Қазір автоөнеркәсіп өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 8 пайызын алып отыр. Машинажасау саласының ішінде бұл сектордың үлесі 41,7 пайызға жетті.
Бұл кезеңде салаға қаржы құю да жалғасты. 2025 жылы автокөлік өндірісіне 113,6 млрд теңге инвестиция бағытталды. Қаражат зауыттарды жаңа жабдықтармен қамтуға және автомобиль компоненттерін өндіруге жұмсалды. Алматы мен Қостанай қалаларында жаңа өндіріс орындары іске қосылды. «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» және «Kia Qazaqstan» зауыттары осы жылы жұмысын бастады. Осы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін саладағы жұмыс орындарының саны артты. Жыл соңындағы есеп бойынша автоөнеркәсіпте 111 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр.
ҚАО президенті Анар Мақашеваның сөзінше, өткен жыл автоөнеркәсіп үшін өндіріс көлемі өскен кезең болды.
«Жаңа зауыттар іске қосылды, соның әсерінен жұмыс орындарының саны артты. Қазір салада 11 мыңнан аса маман еңбек етіп отыр. Автомобиль өнеркәсібінің машина жасау саласындағы үлесі 41 пайызға жуықтады. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі 8 пайыздық үлеспен қатар жүріп жатыр. Қосалқы бөлшектер өндірушілер тарапынан қызығушылық бар екенін байқап отырмыз. Инвестициялар келіп жатыр, бірақ алда әлі де шешілуге тиіс мәселелер жеткілікті. Негізгі міндеттердің бірі локализация деңгейін арттыру және өндірістік үдерістерді жүйелі түрде дамыту», дейді ол.
Өндіріс құрылымына келсек, 2025 жылы жеңіл автокөлік бұрынғыдай негізгі үлесті сақтап қалды. Жеңіл автокөлік өндірісі 2024 жылғы 158,9 мың бірлік көрсеткішпен салыстырғанда 19 пайызға артты. Коммерциялық автокөлік сегментінде 12,2 мың техника шығарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға жоғары.
Нақты зауыттардың жұмысына тоқталғанда өңірлер арасындағы айырмашылық та байқалады. Қостанай қаласындағы Allur тобына кіретін «СарыарқаАвтоПром» зауыты 92,1 мың техника құрастырды. Бұл көрсеткішке жеңіл автомобильдер мен жүк көліктері кіреді. Бір жыл бұрын зауыт 90,5 мың техника шығарған еді. Алматы қаласында орналасқан «Hyundai Trans Kazakhstan» кәсіпорны 52 мың жеңіл автомобиль өндірді. Бұл 14,6 пайыздық өсім ретінде тіркелді. Жаңа іске қосылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауыты төрт айдың ішінде 15,1 мың автомобиль шығарды.
«Коммерциялық техника өндірісінде де әртүрлі нәтиже бар. Семей қаласындағы «СемАЗ» зауыты 3 мың коммерциялық техника жөнелтті. Бұл көрсеткіш 5,3 пайызға төмендеді. «Kia Qazaqstan» зауыты үш ай ішінде 2885 коммерциялық техника өндірді. Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан QazTehna зауыты 2,6 мың техника шығарып, өткен жылмен салыстырғанда 69,1 пайыздық өсім көрсетті. Көкшетаудағы «КамАЗ Инжиниринг» кәсіпорны 1426 бірлік жүк көлігін құрастырды, бұл 6,4 пайызға азайған. Алматыдағы «Hyundai Trans Almaty» зауыты 754 бірлік коммерциялық техника өндірді. Семейдегі «Daewoo Bus Kazakhstan» кәсіпорны 341 техника шығарды. «Уральскагрореммаш» зауыты 25 бірлік арнайы техника өндірді», деді ҚАО президенті.