Тұлға • Бүгін, 08:38

Ғалым еңбегімен беделді

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жалпы биология және геномика» кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы, Сардарбек Әбиұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Ғылымға және білімге ғұмыр арнаған тұлға» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға ғалымның әріптестері мен шәкірттері, бала күнінен бірге өскен дос-жарандары түгел жиналып, микология ғылымының майталманы туралы, оның ғылыми мектебі мен ұстаздық өнегесі турасында мазмұнды әңгіме өрбітті.

Ғалым еңбегімен беделді

Басқосудың беташарында сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай бұл жиынның оқу орны үшін де үлкен мәртебе екенін жеткізе келе, университет басшылығының құттықтау хатын жеткізді.

«Сіз биология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, ғылыми-педа­гогикалық қыз­метіңіз арқылы білікті маман­дар­дың бірнеше буынын тәрбиеле­діңіз. Терең біліміңіз, жоғары кәсібилігіңіз және ғы­лымға адалдығыңыз әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіз үшін үлгі», делінген құттықтауда.

Дөңгелек үстелге биология ғылымының ғана емес, басқа да саланың өкілдері қатысты. Мәселен, филология ғылымының докторы, профессор Амантай Шәріп ғалым еңбегінің елдік мәні туралы айтып өтті.

«Бізде ғалым аз емес. Бірақ солардың бірі еңбегін кеңінен насихаттайды, енді бірі үнсіз жүріп-ақ талай іс тындырады. Сардарбек Әбиұлы – дәл сондай еңбекқор, зерттеулері елге қызмет етіп жүрген тұлға. Мысалы, бәріміз күнде тұтынатын нанды алайық. Ет жемейтін адам болуы мүмкін, бірақ нан жемейтін адам аз. Ал нанның төркіні – бидай. Ағамыз осы бидай құрамындағы белок 18–20 па­йыз болса, саңырауқұлақта ол 30 пайызға жақын екенін айтады. Ғалым тат саңырауқұлақтарын көп зерттеген. Астық тұқымдас дақылдардың өте зиянды ауру­ларының қатарына осы тат саңырауқұлақтары да жататынын зерттеген. Бұлар бидай өнімін 20–30 пайызға дейін жо­йып жіберетін көрінеді. Қысқасы, ағамыздың зерттеулері бір ғана ғылыми ортаға емес, күллі қо­ғамға, ауыл шаруашылығына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қызмет ететін жұмыс», деді ол.

Бұдан кейін сөз алған жиын қонақ­тары ғалымның өнегелі өмірінің әр сәтінен сыр шертісті. Білікті тұлға саналы ғұмырында басшылық қыз­мет­тер­ді атқара жүріп, бірнеше шәкірт тәр­бие­леген. Ол – 250-ден астам ғылыми еңбектің, 9 монографияның, жоғары оқу орындарына арнал­ған «Фитопатология» және «За­манауи микология» деп аталатын 2 оқулықтың авторы. Оның жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 9 ғылым кандидаты, 14 PhD докторы диссертациялық жұмысын қорғаған. Ғалымның еңбектері отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарық көрген.

Осы ретте мерейтой иесінің адами болмысы мен ұстаздық болмысын айрықша атап өткендердің бірі медицина ғылымдарының докторы, профессор Оралбек Ілдербаев болды.

«Кафедрамызда Сардарбек ағаның орны бөлек. Оның беделі – лауазыммен емес, жылдар бойы қалыптасқан адал еңбекпен, әділ ұстаныммен, сөз бен істің бірлігімен келген бедел. Қай жерде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, ол кісі үшін ең бірінші орында абырой, адамгершілік, әділдік тұрады. Ал оны бір күн емес, тұтас бір ғұмыр бойы сақтап қалу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін асыл қасиет. Бүгінде мерейлі жасқа келсе де, Сардарбек аға «бердім, болдым» дейтін жан емес. Керісінше, бергенінен берері әлі көп екенін күнделікті еңбегімен дәлелдеп келеді. Оның бойынан шаршау­ды емес, жас ұрпаққа деген жауапкершілікті, ғылымға деген адалдықты көреміз. Педагогика мен ғылымдағы мол тәжірибесі біз үшін бағыт-бағдар, кәсіби өлшем іспетті. Жас оқытушылар үшін – ұстаз, біз үшін – ақылшы тірек, ал кафедра үшін рухани өзек деуге болады. Ағамыздың тағы бір ерекше қыры – ешқашан өзін алға шығармайды. Керісінше, шәкіртінің жетістігіне шын қуанып, әріптесінің табысын өз жеңісіндей қабылдайды. Бұл – нағыз ұстазға тән биік мәдениет, үлкен жүректің белгісі», деді О.Ілдербаев.

Мазмұнды жиынның тағы бір тағылымды тұсы – Сардарбек Әбиұлы атындағы «Ботаника және микология» аудиториясының ашылуы болды. Университет ұжымы ғалымның өмірлік еңбегі мен ғылыми мектебіне құрмет ретінде арнайы кабинетті таныс­тырып, оның маңдайшасына мерейтой иесінің есімін берді. Бұл кабинет алдағы уақытта жас зерттеушілерге бағыт-бағдар болатын орталыққа, шәкірттері мен ізбасарлары бас қосатын рухани құтханаға айналмақ.

Соңғы жаңалықтар