Фото: ЖИ
Вице-министр коммуналдық инфрақұрылымды тұрақты пайдаланудың, жүйелі басқарудың, бақылаудың және шығындарды азайту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Ұлттық жоба аясында су арналары кәсіпорындарының процестерін кезең-кезеңімен автоматтандыру көзделіп отыр.
2026-2028 жылдары 3,6 млн-нан астам «ақылды» су есептеу құрылғыларын орнату жоспарланған. Бұл су шығындарын айтарлықтай оңтайландыруға және жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
«Отандық және халықаралық сарапшылармен бірге Астана, Шымкент, Орал, Екібастұз, Шахтинск сынды 5 қаладағы су арналары қызметінің жұмысын бағалау жүргізілді. Нәтижесінде процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындалды, біртұтас цифрлық шешімдерді және кезең-кезеңімен енгізуді қарастыратын техникалық-экономикалық негіздемені дайындау үшін тапсырма әзірленді. Сумен жабдықтау аспаптарын орнату бойынша өтінімдерді қалыптастыру мақсатында әкімдіктер мен табиғи монополия субъектілерімен жұмыс жүргізіп жатыр», деді Қуандық Қажкенов.
Сонымен қатар Мемлекет басшысысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауы аясында су секторына халықаралық тәжірибенің озық үлгілерін енгізуді тапсырған. Осы мақсатта былтыр ірі халықаралық желілік операторлар – Veolia, Suez және Aqualia компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Қуандық Қажкеновтің айтуынша, мұндағы мақсат активтерді беру емес, мемлекет бақылауын сақтай отырып, басқарушылық құзіреттер мен халықаралық үздік тәжірибелерді енгізуге бағытталған. Қазіргі уақытта еліміздің су инфрақұрылымын басқарудағы тәжірибесі мен құзыреттілігін кеңейту үшін бірнеше азиялық компаниямен келіссөздер жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Қуандық Қажкенов бүгінгі Үкімет отырысында еліміздің барлық елді мекені 100% ауыз сумен қамтылғанын жеткізді.
Былтыр ел өңірлеріндегі бірнеше елді мекенге таза ауыз су берілгенін хабарлағанбыз. Мәселен, өткен жылы шалғайдағы Ақбастыға су жетіп, Сыр өңірі ауыз су мәселесін толық шешті.
Сондай-ақ, Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылы газға қосылып, таза ауыз сумен қамтылды.
Маңғыстауда да ауыз су тапшылығы жоқ екені хабарланды.