Саясат • Бүгін, 08:05

Салық реформасының мәні неде?

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында салық реформасына баса назар аударғаны белгілі. «Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйенің негізі. Егер бюджетте қаражат болмаса, мемлекет өз функцияларын, соның ішінде әлеуметтік міндеттемелерін толық орындай алмайды», деген еді Президент. Үкімет те салық реформасына қатысты жаңа тәсілдер ұсынып, бел шеше кірісті. Қазір не өзгерді?

Салық реформасының мәні неде?

Президенттің айтуынша, кәсіби ортада да, қоғамда да қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігі туралы түсінік қалыптасқан. Ұсынылып отырған шараларға, әсіресе ҚҚС-ға қатысты сын-пікірлер көп айтылды.

«Кейбір елдер әртүрлі себептерге байланысты үлкен әлеуметтік міндеттеме­лерді өз мойнына алмайды. Ал елімізде әлеуметтік блок бюджет шығыстарының жартысынан көбін құрайды. Біздің мемлекет – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан біз білім беру мен денсаулық сақтау саласына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің Конституциялық міндетіміз. Елдің дамуы үшін аса қажет шешімдердің мәнін азаматтарға жан-жақты түсіндіру маңызды. Адамдардың бәрі экономика мен қаржыны бірдей жақсы түсіне бермейді, мүмкін мемлекеттің қандай да бір шараларды не үшін қабылдап жатқанын бәрі бірдей ұғына бермейтін шығар. Сондықтан жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін әр адамға түсінікті, қарапайым тілмен жеткізу қажет», деді Қ.Тоқаев.

Жалпы, Ұлттық құрылтайдан кейін салықта біршама өзгеріс болды. Мәселенің мәнісі сан қаралып, нақты шешімдер де қабылданды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл құжат «Салықты қалай төлейміз, қарыз болсақ не болады, қандай жеңілдіктер бар?» деген сияқты күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелерді түгел өзгертпек. Қысқаша тоқтала кетейік. Ең алдымен жеке табыс салығына өзгеріс енгізілді. Бұрын бәрі бірдей 10% төлеп келсе, енді табыс көлеміне қарай салық салынады. Егер адамның жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен аспаса, ол бұрынғыдай 10% жеке табыс салығын төлейді. Бұл шамамен 33,4 млн теңге. Ал осы сомадан артық табыс тапқан азаматтар артық бөлігінен 15% төлейді. Мұндағы мақсат – айқын. Аз табатын адамға салмақ салмау, көбірек табыс тапқандардан көбірек үлес алу.

Салықтан босатылатын табыс көлемі де ұлғайды. Бұрын ай сайын 14 АЕК көлеміндегі табысқа салық салынбайтын. Енді бұл көрсеткіш 30 АЕК болып белгіленді. Яғни айына 140 мың теңгеге дейін жалақы алатын азаматтар жеке табыс салығын мүлде төлемейді.  Әлеуметтік жағынан осал топтарға берілетін жеңілдік те күшейтілді. Атап айтқанда, 1 және 2-топтағыларды салықтан босататын шегерім 5 мың АЕК-ке дейін жеткізілді. Бұрын емделуге, оқуға немесе ипотека төлеуге байланысты салықтық жеңілдік алу үшін түрлі анықтама жинау керек болатын. Енді бұл тәртіп жеңілдейді. Құжат тапсырудың орнына бәріне ортақ стандартты шегерім қолданылады. Сонымен қатар зейнетақы төлемдері мен біржолғы төлемдер де салықтан толық босатылады.

Салық қарызына қатысты тәртіп те өзгерді. Енді қарыздың нақты шегі бел­гіленді. Егер салық қарызы 20 АЕК-тен аспаса, тек өсімпұл есептеліп, азаматқа хабарлама жіберіледі. Шот бұғатталмайды, басқа шара қолданылмайды. Егер қарыз 20 АЕК мен 45 АЕК аралығында болса, ескерту жасалып, төлем талап етіледі. Төлем жасалмаса, шығыс операциялары уақытша тоқтатылуы мүмкін. Ал қарыз 45 АЕК-тен асқан жағдайда мүлікке ты­йым салу, мүлікті сатуға дейін баратын қатаң шаралар қолданылады. Егер салық қарызы 27 мың АЕК-тен асып, 3 ай бойы өтелмесе, сот шешімімен борышкердің шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін. Бірақ бұл бірден жасалмайды. Алдымен салық органдары міндетті түрде хабарлама жіберіп, ескерту жасайды. Жаңа Салық кодексі салықты уақытша төлей алмай отырған азаматтарға да мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы саласына қатыс­ты жеңілдіктер сақталады. Шаруа қожа­лықтары өздері өндірген ауыл шаруа­шылығы өнімін сатып тапқан табыстан жеке табыс салығын 70%-ға азайта алады. Бұл ауылдағы еңбекпен күн көріп отырған азаматтарға қолдау ретінде қарастырылған. Дивидендтерге қатысты бұрынғы 30 мың АЕК көлеміндегі жеңілдік алынып тасталды. Енді дивидендтерге де прогрессивті тәртіп енгізіледі.

Көлік салығында да маңызды өзгерістер бар. Егер көлік 10 жылдан 20 жылға дейін пайдаланылған болса, салық 0,7 коэффициентпен есептеледі. Ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициент қолданыла­ды. Бұрын қозғалтқыш көлемі 3 мың текше см-ден асатын көліктерге жоғары салық салынатын. Енді бұл талап алынып тасталды. Шаруа қожалықтары бір пикап көлігін салықсыз пайдалана алады.

Экологиялық төлемдер де өседі. Қоршаған ортаға зиянды зат шығаратын кәсіп­орындар көбірек төлейді. Пайда­ланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын төлем бірнеше есе артады.

Қосылған құн салығы да жаңаша есептеледі. Негізгі мөлшерлеме 16% болады. Дәрі-дәрмек пен медициналық қыз­меттерге биыл 5%, 2027 жылдан бас­тап 10% мөлшерлеме қолданылады. Отан­дық мерзімді басылымдарға 10% белгі­ленеді. Экспорт, халықаралық тасымал және арнайы экономикалық аймақтарға жеткізілетін тауарлар 0% мөлшерлемемен қалады. ҚҚС есепке алу тәртібі де нақты бекітіледі. Тауар нақты алынған күн, импорт кезінде тауардың шығарылған күні, ЕАЭО елдерінен әкелінген жағдайда салық төленген күн негізге алынады. Бұл бұрынғыдай түсінбеушілікті азайтуға бағытталған. Енді ҚҚС бойынша өз еркімен есептен шығу болмайды. Бұрын бұл мүмкіндік салықтан жалтару үшін пайдаланылып келген. Сондықтан жаңа кодексте ол алып тасталды.

Арнайы салық режімдері де жаңар­тылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін бөлек режім енгізіледі. Мұндай азаматтардың айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы тиіс. Олар зейнетақы жарнасын өз табысынан 1% мөлшерінде төлейді. Барлық есеп мобиль қосымша арқылы жүргізіледі. Интернет жоқ жерде табыс қарапайым түрде қолмен есепке алынады.

Экономист Алмас Чукин осы өзгеріс­тердің жай-күйін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, салық реформасы аяқ астынан қабылданған шешім емес, бизнеске қысым көрсету үшін де ойластырылған қадам да емес. Бұл – елдің қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін мәжбүрлі түрде қолға алынған шара.

«Бүгінгі макроэкономикалық жағдай жаман емес. Экономика тірі, жұмыс істеп тұр. Бірақ мемлекет кірісі мен шығы­сы арасындағы теңсіздік жыл сайын қорда­ланып барады. Елемеске болар емес. Осы себепті реформа қажеттілікке айналды.  Жалпы, жағдай жаман емес. Мысалмен айтсақ, адам жай ғана ауырып тұр, бірақ егер дәрігер оны өлім аузында деп айтса, күрделеніп кетеді, елең-алаң басталады. Ал сауатты, кәсіби түрде емдеп алса, жағдай мүлдем басқа», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, дәл осындай байыпты әрі салқын бағалау ғана реформаның нақты себептерін ашық айтуға мүмкіндік береді. Мұнда дүрбелең де, дабыра да қажет емес. Егер біз елдің қаржылық негізін бұза берсек, шығыс пен кірістің айырмасы жыл сайын бірнеше триллион болса, ал жалпы шығыс көлемі шамамен 20 триллионнан асса, жағдай нашарлайды.

«Мысалы, 25 триллион шығынның 5 триллионы жетпей тұрса, бұл 20 пайыз. Біз салығы төмен, салық жинауы әлсіз елміз. Осылай жалғаса берсе, нәтиже бол­майды. Не істеу керек? Теңгеру керек. Дәл осы теңсіздік реформаны кейінге қал­­дыру­ға мүмкіндік бермеген басты себепке айналды. Салық реформасының негіз­гі идея­сы фискалдық болды. Яғни кірісті шы­ғын­ға сәйкестендіру үшін», дейді А.Чукин.

Экономист Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, салық саясатын жетілдіруді кейін­ге қалдыруға болмайтын еді.  Себебі бюджет – кез келген елдің ажырамас бөлі­гі, негізгі атрибуты. Егер бюджетке көбірек қаражат түсетін болса, соғұрлым мем­­лекеттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу әлеуеті арта түседі.

«Егер мемлекеттік институттар бюд­жетке түсуі тиіс салықты жеткілікті мөл­шер­де жинай алмаса, қоғамдағы тең­сіздік тереңдей береді. Мұндай жағ­дайда байлар байыған үстіне байып, кедейлер кедей­лене түседі. Өңірлер арасындағы әлеу­меттік әрі экономикалық алшақтық ұлға­йып, бұл елдің саяси тұтастығына нақты қауіп төндіреді. Қосылған құн салығы көтерілгенде  бюджеттің кіріс бөлігі айтар­лықтай өседі. Бұл – мемлекет үшін өте жақсы мүмкіндік. Бірақ ҚҚС тек қазына­ны толтыруға арналған құрал ғана емес. Ол біздің алыс-жақын шетелдермен экономи­калық қарым-қатынастарымызды реттеуде де маңызды рөл атқарады», дейді сарапшы.

Мәжіліс депутаты Марат Башимовтің айтуынша, салық реформасы бүгінгі күні ауадай қажет болып отыр. Себебі Конституцияда салық төлеу әр азаматтың міндеті екені анық жазылған. Бірақ бұл міндет әділеттілік қағидатымен қатар жүруі керек. Яғни кім қалай табыс табады, соған қарай салық та әділ салынуға тиіс. Осы талап Конституцияның өзінде бар. Сондықтан Президент көтерген салық реформасы Ұлттық құрылтайда маңызды мәселе ретінде қаралған еді.

«Бүгінде елімізде кәсіпкерлердің екі түрі бар. Бірі заңды сақтап, тапқан табысына адал салық төлеп отыр. Ал екінші бір топ түрлі айлаға барып, салықтан қашудың жолын іздейді. Олардың ішінде бизнесін әдейі бірнеше ұсақ компанияға бөліп тас­тайтындар көп. Мұны бөлшектеу әдісі деп атайды. Мақсаты біреу – салықты аз төлеу. Бұл әділетсіздік. Себебі қарапайым азаматтар айлығынан салықты уақытын­да, толық төлеп отыр. Дамыған елдерде салықтан жалтару жай ғана заң бұзу емес, ауыр қылмыс ретінде қаралады. АҚШ пен Еуропа елдерінде әр азамат та, әр кәсіпкер де, әр заңды тұлға да салықты бұлжытпай төлейді. Себебі мемлекеттің тұрақтылығы, қоғамдағы әлеуметтік теңдік тікелей бюджетке түсетін салыққа байланысты екенін олар жақсы түсінеді», дейді депутат.

Соңғы жаңалықтар