Фото: acat.kz
Магеррам Магеррамовтың айтуынша, әрбір төртінші тонау, жол-көлік оқиғасы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құқықбұзушылықтардың жартысынан астамы мас күйде жасалған.
Ол елімізде сауда нысандарының кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктерді сатпайтынына ешкім кепілдік бермейтінін, себебі мұндай нысандардың көптігінен оларды физикалық тұрғыдан толық бақылау мүмкін емес екеніне тоқталды.
«Осыған байланысты бұрын қолданыста болған, балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салатын норманы қайта енгізу қажеттілігі пісіп-жетілді. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сататын сауда нүктелерінің санын шектеу де маңызды. Қазақстан халық партиясы алкоголь өнімдерін міндетті таңбалауды ұсынады. Бұл ел аумағында алкогольді заңсыз сату фактілерінің бар-жоғын неғұрлым нақты қадағалауға мүмкіндік беріп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді», деді Магеррам Магеррамов.
Депутат аталған мәселені шешу үшін алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне енгізуді, оны сату орындарын нақты айқындап, өзге жерлерде алкоголь сатуға жалпыға бірдей тыйым салуды, бөлшек саудада 20:00-ден кейін сатуға, мейрамханаларда 22:00-ден кейін сатуға және онлайн сатуға тыйым салуды ұсынды.
Айта кетейік, бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Темір Қырықбаев сәбіз экспортына тыйым салуға қатысты шаруаларды алаңдатып отырған мәселерді көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады.
Ал «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мүтәлі Әбүтәліп ел аумағында жасырын бақылауға арналған техникалық құрылғылардың бақылаусыз айналымы мен жаңа буындағы автомобильдер арқылы жеке деректердің шетелге кету қаупіне назар аударды.
Сондай-ақ депутат Еділ Жаңбыршин өңірдегі кәсіпкерлермен кездесу барысында арнайы реестрден сертификат алу мәселесі қозғалғанын айтты.