Іс-шара барысында қаламгерлер мен әдебиеттанушылар қазіргі балалар әдебиетінің даму векторы, жанрдағы жаңа үрдістер, сондай-ақ әдебиеттің мәдени және креативті индустриялармен тоғысатын өзекті бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Панельдік талқылау балалар әдебиетінің бүгінгі болмысы мен болашағын жаңа қырынан саралауға мүмкіндік берді. Кездесу аясында «Балалар әдебиетінің бағандары» сериясымен жарық көрген Өтепберген Ақыпбекұлы, Тоқаш Бердияров, Бейбіт Қойшыбаев, Серікбай Оспанұлы, Нұрдәулет Ақыш және Бейсебай Кірісбайұлының таңдаулы еңбектері көпшілікке таныстырылды. Сонымен қатар, «Балалар кітапханасы» топтамасы аясында жарық көрген белгілі жазушылар Қуандық Түменбай мен Сәуле Досжанның жаңа туындылары оқырман назарына ұсынылды.
Жиын барысында Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы Елдос Тоқтарбай соңғы бес айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, әдеби процесті жүйелі түрде мониторингтеу, жас авторларды қолдау және балалар әдебиетінің сапалық деңгейін арттыруға бағытталған бастамалардың негізгі нәтижелері мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
Панельдік сессия қазақ балалар және жасөспірімдер әдебиетінің рухани кеңістігін жаңғыртып, дәстүр мен инновация тоғысындағы тың идеяларды ортаға салған мазмұнды мәдени диалог алаңына айналды.