Фото: Видеокадр
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта 20 жастағы ер адам Молдағұлова көшесімен өтіп бара жатып, аялдаманың артқы қабырғасын теуіп сындырған. Оқиға сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оқиға орнына полиция жасағы жетіп, күдіктіні ұстаған.
Аталған іске қатысты сот оны 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ залалдың өтемін төлеуге міндеттеді.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтар қолданыстағы заңнама шеңберінде қатаң қадағаланатынын ескертті. Осыған ұқсас оқиға бас шаһарда 2025 жылы қараша айында болған.
Айта кетейік, Астанада «Тоқта, вандал» акциясы жалғасып жатыр. Оған волонтерлер, белсенділер, танымал спортшылар мен қала тұрғындары қолдау көрсеткен. Акцияның мақсаты – вандализмнің алдын алу және қаланы таза әрі тәртіпті етіп сақтау.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері прокуратурамен бірлесе отырып, вандализмге қарсы белсенді жұмыс жүргізеді. Мүлікті қасақана бұзу немесе зақымдау – 60 АЕК көлемінде айыппұл немесе 30 күнге дейін қамауға алу арқылы жазаланады.
Еске салайық, жаңа жыл қарсаңында Астанада аялдаманы бүлдірген вандал ұсталған.