Ведомствоның мәліметінше, ұлттық заңнама талаптарын бұза отырып, карантиндік өнімді әкелу әрекеті әуежайдағы карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау бекетінде жүргізілген тексеру барысында тоқтатылған.
«Фитосанитариялық іс-шаралар нәтижесінде Корея Республикасынан әкелінген, алайда шығу тегі Үндістан болып табылатын қызанақ тұқымдарынан карантиндік объект – қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы (Tomato brown rugose fruit virus) анықталды», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Аталған вирус аса қауіпті карантиндік нысандардың қатарына жатады. Ол ауыл шаруашылығы өндірісіне, әсіресе көкөніс шаруашылығына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар елдің фитосанитариялық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді.
«Карантиндік өнім иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», деп толықтырды ведомствода.
Министрлік сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан аумағына карантиндік өнімдерді әкелу кезінде карантиндік фитосанитариялық заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.