Мәселенің түп-төркіні – ғылыми басымдықтарды айқындау жүйесінде жатыр. Елімізде ғылыми зерттеулердің тақырыптары, көбіне қоғам мен экономиканың сұранысына байланысты емес, ғалымдардың мүмкіндіктеріне қарай белгіленетіні шындық.
Сонымен қатар ғылымды қаржыландырудың 7 басымдығы мен 153 мамандандырылған бағыттан тұратын қазіргі қолданыстағы моделі стратегиялық мақсатқа негізделуі тиіс еді. Нәтижесінде, әлеуметтік мәселелер ұсақ тақырыптарға бөлшектеніп отыр. Сондықтан «XXI ғасырда елдің идеологиялық және қоғамдық тұрақтылығын ғылыми тұрғыда қалай қамтамасыз етуге болады?» деген сұрақ әлі көкейкесті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Академия ғылыми басымдықтардың төрт деңгейден тұратын жаңа, иерархиялық моделіне көшуді ұсынады:
1) стратегиялық деңгей – ұлттық қауіпсіздік пен экономиканың бәсекеге қабілетті секторлары үшін шешуші маңызы бар жобалар;
2) перспективалық деңгей – әлемдік деңгейдегі құзыреттерді қалыптастырып, ұзақмерзімді технологиялық әлеуетті қамтамасыз ететін бағыттар;
3) базалық деңгей – қолданбалы шешімдерді қамтамасыз етудің негізі саналатын іргелі және инженерлік зерттеулер;
4) әлеуетті кеңейту деңгейі – жаңа және дамушы бағыттарды қолдау, резервті қалыптастыру және ғылыми портфельді әртараптандыру.
Бұл модельдің түпкі мәні мемлекет ғылымды жеке-жеке тақырыптар жиынтығы ретінде емес, ұлттық міндеттер портфелі ретінде басқаруға құрылады. Әлеуметтік ғылымдар үшін бұл модель маңызды. Адам капиталы, қоғамдық қатынастар, тарих, тәрбие, тіл саясаты, мемлекеттік басқару сапасы мен құқықтық тәртіп мәселелеріне қатысты зерттеулер Стратегиялық контурда нақты айқындалуға тиіс. Өйткені дәл осы салалар елдің ұлттық қауіпсіздігін және әлеуметтік тұрақтылығын айқындайды.
Алайда мұндай жоғары мәртебе жіті жауапкершілікті де талап ететіні сөзсіз. Субъективизмді болдырмау үшін біз әрбір ғылыми бағыт бойынша «Сараптамалық деректеме» құралын енгіземіз. Бұл – ғылыми әлеуетті, нақты қоғамдық сұранысты, кадрлық базаны және халықаралық трендтерге сәйкестікті бағалайтын қатаң аудит. Бұл қадам әлеуметтік зерттеулерді «тақырыптар жиынтығынан» нақты нәтижеге шынайы сұранысы бар ұлттық міндеттер жүйесіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Стратегияның екінші элементі – цифрлық жылдамдық. Әлемдік трендтерді дер уақытында болжай алмасақ, ең мінсіз деген басымдықтар моделі де тиімсіз. Сондықтан Ұлттық ғылым академиясы Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) бірлесіп, «AI SilkNet» орталығын – ұлттық форсайт предиктивті талдау жүйесін құрды. Бұл жүйе жарияланымдар, патенттер мен технологиялар секілді ауқымды деректерді біртұтас интеллектуалды цифрлық экожүйеге біріктіреді. Әлеуметтік-гуманитарлық мәселелер үшін бұл аса маңызды. Біз көші-қонды басқару, теңсіздікпен күрес, саяси мәдениетті және ақпараттық орнықтылықты арттыру салаларындағы үздік әлемдік тәжірибелерді нақты уақыт режімінде көріп, оларды жедел түрде ұлттық ғылыми-техникалық тапсырмаларға айналдыруымыз қажет. «AI SilkNet» – жаһандық ақпараттар ағынындағы мемлекеттің «көзі».
Үшінші элемент – бәсекелестік сапасы мен ғылыми міндеттердің ауқымы. 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсында ғылыми-техникалық тапсырмалардың 42%-ы бойынша бір ғылыми тақырыпқа бір ғана өтінім келген. Бұл жағдай әсіресе гуманитарлық блокта анық байқалады. Жүргізілген талдаулар ғылыми бағдарламалар арасындағы бәсекелестіктің төмендігі олардың сапасын әлсірететінін көрсетіп отыр. Біздің ұсынысымыз – ұсақ әрі бытыраңқы жобалардан ірі трансдисциплинарлық мегагранттарға көшу. Біз социологтерді, экономистерді, демографтарды, заңгерлерді, психологтерді және IT мамандарды қазіргі заманның негізгі сын-қатерлері төңірегінде біріктіруіміз керек. Мұндай мегаміндеттер қатарына мыналар жатады:
- «Демографиялық тұрақтылық және көші-қон» – жай ғана статистика емес, қоныстану мен еңбек нарығын модельдеу. Яғни тұрғындардың қоныстануын, ішкі және сыртқы миграцияны, еңбек нарығын және демографиялық үдерістердің әлеуметтік тұрақтылыққа әсерін модельдеу.
- «Мемлекеттік басқару сапасы және құқықтық жаңғырту» – реформаларға арналған дәлелдемелік база. Бұл мемлекеттік институттарды оңтайландыру, басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету.
- «Ұлттық бірліктің идеологиялық платформасы» – құндылықтарды ғылыми негіздеу, этностар мен мәдениеттер арасындағы интеграцияны нығайту, азаматтық бірегейлікті дамыту.
- «Цифрлық гуманитаристика және мемлекеттік тілдің болашағы» – ғылым, білім және мемлекеттік басқаруда қазақ тілінің тілдік корпустары мен сандық модельдерін (LLM) және талдау құралдарын жасау.
- «Білім беру мен адам капиталының жаңа моделі» – жасанды интеллектінің сын-қатерлеріне бейімделу, білікті кадрлар даярлау, XXI ғасыр дағдыларын дамыту.
- «Су қауіпсіздігі және әлеуметтік-экологиялық адаптация» – суды пайдалану бойынша жаңа «қоғамдық келісім» моделін әзірлеу, тұрақты дамудың құндылықтық аспектілерін зерттеу, экологиялық мәселелердің әлеуметтік әсерін бағалау.
Бұл мегаміндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде тек есептер емес, қос мақсатты көздеген (ғылыми әрі басқарушылық) өнімдер ұсынылады: саясатқа арналған шешімдер пакеті, әдістемелер, цифрлық платформалар, әлеуметтік ахуалды өлшеу құралдары.
Төртінші элемент – аумақтық тұрақтылық және өңірлердің рөлі. Ғылым саласында айтарлықтай өңірлік теңгерімсіздік сақталуда. Қазір ғалымдардың 61%-дан астамы және бюджеттік қаражаттың 71%-дан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл зерттеу ұйымдары мен өңірлердің, кәсіпорындардың нақты қажеттіліктері арасындағы алшақтықты күшейтіп, қолданбалы ғылымның дамуын тежеп отыр.
Мемлекет басшысының өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Академия «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бағдарламасының бастамашысы болды. Өңірлік теңгерімсіздікті жою жаңа басқару технологияларын қажет етеді. Жергілікті атқарушы органдар өңірді ғылыми негізде басқару құралына ие болуы керек. Бұл – табиғи, демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді шешім қабылдауды қолдау жүйелеріне интеграциялау деген сөз. Осы ретте біз кеңістік-уақыттық жасанды интеллектіні қолданамыз. Ол миграциялық ағындарды болжауға, әлеуметтік шиеленістің жасырын аймақтарын анықтауға қабілетті әрі басқарушылық шешімдер қабылданбас бұрын олардың салдарларын модельдей алады.
Осы логика бойынша Академия Ұлттық аграрлық университетпен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан облысы үшін шешім қабылдауды қолдау жүйесін құруға арналған қанатқақты ғылыми бағдарламаны жүзеге асырмақ. Академия базасында Қытай Ғылым академиясының академиктерімен бірлесе отырып, кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект зертханасы ашылып, отандық DeepBas ЖИ моделін құру жұмыстары басталды.
Осылайша, Ұлттық ғылым академиясының ұсыныстары бір арнаға тоғысқан тұтас жүйеге айналады: нақты мемлекеттік міндеттер (мағынасы айқындалмаған, түсініксіз тақырыптардың орнына); басымдықтардың ашық контурлары (бұл жерде әлеуметтік ғылымдар – стратегияға айналады); «AI SilkNet» аналитикалық қуаты (цифрлық форсайт); ауқымды пәнаралық мегагранттар, олар қоғам мен өңірлердің дамуына нақты серпін береді. Сонда ғана әлеуметтік ғылымдар тек «шындықты пассивті түсіндірумен» шектелмей, Қазақстанды тұрақты, әділетті әрі бәсекеге қабілетті етуге тікелей үлес қосатын белсенді қалыптастырушы күшке
айналады.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, академик