Білім • 19 Қаңтар, 2026

Астанада мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы №107 мектеп жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолданып жүр. Мұнда бейнебақылау камераларына ЖИ жүйесі орнатылған. Жүйе балалардың қауіпсіздігі мен тәртібін жіті назарда ұстайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Фото: Астана әкімдігі

Есіл ауданындағы білім ордасы 2024 жылы ашылған. Мұндағы 847 оқушыға 63 педагог білім береді. Мектеп толықтай цифрлық жүйеге көшкен.

«Қыркүйек айынан бастап біз ЖИ негізіндегі мектеп моделін жүзеге асыруды бастадық. Жоба шеңберінде бейнекамераларына ЖИ мүмкіндіктері енгізілді. Ол үшін біз «Protector AI» компаниясымен келісімшарт жасастық. Нәтижесінде олар бізге жаңа құрылғыларды эксперимент ретінде орнатты», деді мектеп директоры Айгүл Бейсенбина.

Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, мектепте балалардың тәртібі мен қауіпсіздігін ЖИ жүйесі орнатылған бейнебақылау камералары жіті назарда ұстайды.

«Бұл мектеп қабырғасында оқушылардың агрессивті әрекеттерін бірден байқайды. Мәселен егер балаға өзге қатарласы күш көрсетсе, болмаса ол мектепте ереже бұзса, ЖИ камералары бірден жазбаны мектеп директорына, яғни маған жолдайды. Кейін біз оқиғаға қатысты балалардың ата-аналарын мектепке шақыртып, түсіндіру жүргіземіз», деді мектеп басшысы.

ЖИ-ді білмей, мақтанба!

Сондай-ақ, бұл камералар оқушының көңіл-күйін анықтап отырады.

«Егер оқушы 5 реттен артық ашулы болып жүрсе, онда педагог қосымша жұмыстар жүргізеді. Мәселен оқушыға тренингтер өткізеді. Бұл жүйе көмекші құрал ретінде қыркүйек айында іске қосылды. Мұндағы мақсат – кез келген оқиғаның салдарымен күресу емес, керісінше олардың алдын алу. Мектепте жыл сайын бала саны артып жатыр. Оқу ордасы ашылған уақытта 242 оқушы болса, қазір олардың саны 847-ге жетті. Алдағы уақытта 1 200-ге дейін артады деген жоспар бар. Әлбетте, мектепте барлық жерде бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда олардың барлығын қарап отыру мүмкін емес. Ал ЖИ негізіндегі бейнебақылау камералары бірден оқиға туралы ескертіп отырады», деді директор.

Жасанды интеллект – стратегиялық басымдық

А.Бейсенбинаның айтуынша, жасанды интеллект білім сапасын арттыруда да көп септігін тигізіп отыр.

«Жасанды интеллект негізіндегі мектеп моделінің мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз ету ғана емес, білім беру сапасын арттыру. Сол бағытта педагогтер былтыр мамыр-қыркүйек айларында ЖИ мүмкіндіктерін меңгеру курстарынан өтті. Нәтижесінде мұғалімдер сабақтарын қызықты әрі тиімді, пайдалы өткізу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданып жүр. Тіпті бүгінде әр педагогтің жеке жинақтары бар. Онда пән сабақтары бойынша виртуальды зертханалар, тапсырмалар, тесттер енгізілген. Сабақ барысында оқушы теориялық білімді практикамен ұштастырады. Жаңа тақырыптарды соңында тест тапсырмаларымен бекітеді. Тест тапсырмаларын да ұстаздар ЖИ арқылы жасайды. Кейін оны оқушылар онлайн орындайды. Осылайша мұғалім тест құрастыру, оны тексеру бойынша біраз уақытын үнемдейді, кейін ЖИ баланың пән бойынша білімін арттыру туралы мұғалімге бағыт-бағдар береді.

Тағы бір айта кетерлігі, ұстаздар қауымы осындай түрлі конкурсқа қатысып, жүлделі орындар иеленіп жатыр. Бастысы олар бұл бағытта зерттеушілік жұмыстарымен айналысады», деді Айгүл Базарбайқызы.

Тағы бір айта кетерлігі, мектептің бірінші қабатындағы кіреберісінде үлкен LED-экран орналасқан. Мұнда ЖИ-гиді келушілерге білім ордасы туралы барлық ақпаратты айтып береді.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

Соңғы жаңалықтар