Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бағытындағы бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы, сондай-ақ Орталық Азияда өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы өтті.
Отырыстарға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Отырыста «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары қаралды. Былтыр Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен жобаларды іске қосу рәсіміне қатысты
Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады.

Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті. Сырдария өзенінде әр мемлекет аумағында бес-бестен автоматтандырылған гидробекет нысанын салу жоспарланып отыр.
«Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға болды. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.