Фото: Ашық дереккөз
Құжатта Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасындағы мәлімет алмасу тәртібі айқындалған. Бұл тетік әскерге шақырылған сарбаздарға қарыз төлемін кейінге шегеру мүмкіндігін қарастыруға және жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның мерзімді әскери қызмет өткеруі не қызметтен босатылуы жөніндегі деректерді көрсетуге бағытталған.
Қаулы жобасына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие алуға өтініш түскен кезде шақыру жасындағы азаматтың мәртебесін кредиттік есеп арқылы тексеруге міндеттеледі.
«Егер кредиттік есепте азаматтың мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқаны туралы мәлімет болса, несие беру жөніндегі өтініш кері қайтарылады», делінген құжат.
Жоба «Ашық НҚА» порталында 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Бұған дейін Қарулы күштер Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіндегі жаңалықтар жөнінде түсіндірме берген.