Саясат • Бүгін, 08:02

Алқалы жиын артқан міндеттер

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Ұлттық құрылтайдың төрт отырысында жарияланған бастамалар елді кешенді жаңғырту мен трансформациялаудың маңызды тетігіне айналды. Бұл бағыттағы нақты қадамдар заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіліп, 26 заң қабылданды.

Алқалы жиын артқан міндеттер

Сурет: akorda.kz

Инфрақұрылымды дамыту

Өңірлерді теңгерімді дамыту, көлік қа­ты­насын жақсарту мен инженерлік желі­лерді жаңғырту – Президент тапсыр­мала­рының негізгі бағыты. Үкімет бұл жұ­мыстарды азаматтардың іскерлік белсен­ділігі мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін фактор ретінде қарастырып отыр.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысы басталды. Ұзындығы 896 шақырым болатын бұл жоба орталық аймақтардың Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тікелей шығуын қамтамасыз етеді. Жо­баның жалпы құны – 1,1 трлн теңге.

Шағын қалалардың көліктік қолжетім­ділігін арттыру бағытында да нақты жұ­мыст­ар жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәйкес Арқалық қаласы­ның әуежайын қалпына келтіру қолға алынды. 1992 жылдан бері жұмыс істеме­ген әуе айлағын жаңғыртуға Арнау­лы мемлекеттік қордан 5,5 млрд теңге бөлінді. Жобада ұшу-қону жолағын то­лық реконструкциялау мен жаңа терминал салу көзделген. Іске қосу биылға
жоспарланған.

Өмір сапасына әсер ететін негізгі фак­торлардың бірі – тұрғын үй мен энер­гия­ға қолжетімділік. Былтыр «Наурыз» жаңа ипо­текалық бағдарламасы аясында 8,5 мыңнан астам қарыз берілді (2024 жылдан бері – 16,3 мың). Бұл азаматтардың баспана алуға мүмкіндігін арттыруға бағыт­талған шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Газдандыру ісінде де оң динамика байқалады. 2024 жылы өңірлерді газдан­дыруға 112,4 млрд теңге бөлінді, 2 мың шақырымнан астам желі салынды. «Талды­қорған – Үшарал» магистралды газ құбыры жоспардан 1 жыл 4 ай бұрын аяқталды. Бұл Жетісу облысының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге және өңірді газдандыру деңгейін 76 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. 

Адам капиталы мен жаңа идеология

Адам капиталын дамыту мен жаңа қоғамдық идеология қалыптастыру бағы­тын­дағы шаралар Президенттің Ұлт­тық құрылтайдың II, IV отырыстарында ұсынған «Адал азамат» тұғырнамасын жүзеге асырумен байланысты.

Тәрбие жүйесінің жаңа мазмұнға көшуі басталды. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» форматына өзгертіліп, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағи­да­тына негізделген мазмұн білім беру ұйым­дарына енгізілді. Бұл бағыт бойынша 110 мыңнан астам педагог арнайы оқытудан өтті.

Тарихи жадты сақтау мен зиялы қауым­ды қолдауға да ерекше назар аудары­лып жатыр. Ұлттық құрылтайдың ал­­ғашқы екі отырысында басталған бас­тама­лар жүзеге асты. Атап айтқанда, «Қа­зақ­станның Халық жазушысы» атағы қалпына келтірілді, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді, отандық авторлардың «100 кітабы» белгілі болды, Астанада Президенттік кітапхана жобаланып жатыр (пайдалануға беру – 2027 жыл).

Адал еңбек идеологиясын нығайту мақсатындағы тапсырмалар да өзекті сипатқа ие. Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысындағы тапсырмасына сәйкес 2025 жыл – «Жұмыс­шы мамандықтар жылы» болып жария­ланды. Бұған қоса өндіріс саласының өкілдері үшін марапаттау жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. 

Әлеуметтік инклюзия мен білім беру нысандары

«Адал азамат» қағидатында әлеуметтік теңдік пен инклюзия негізгі құндылық ретінде көрсетілген. Осыған сәйкес Үкі­мет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды ке­шен­­ді қолдау туралы» заң жобасын әзір­леді. Құжат ерте диагностика, цифрлан­ды­ру мен сапаны бақылау сынды үш ба­ғыт­қа негізделген. Оның негізінде пси­хо­логиялық-педагогикалық көмек ұйым­дары үшін лицензиялау енгізілетін болады.

Балалар құқығын жүйелі қорғау мақса­тында «Қазақстан балалары» бірыңғай бағ­дарламасының тұжырымдамасы дайын­дал­ды. Жоба баланың қауіпсіздігі, білімі, денсаулығы, әлеуметтік қорғалуы мен от­басы институты бағыттары бойын­ша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимы­лын күшейтеді. Бұл зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға әрі әр балаға тең қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Осы аяда ел бойынша 10 553 білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен жаб­дықталды. Мектеп инфрақұрылымын жаңар­ту бағытында өткен жылы 267 мың орын­ға арналған 232 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның қатарында 112 нысан «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. 2029 жылға дейін күрделі жөндеуден өтетін 1 231 мектептің тізімі бекітілді. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен 50 мектеп салынып жатыр. Қосшы қаласында халықаралық үлгідегі колледж құрылысы қарастырылып отыр.

Қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігі

Тұрақты дамудың іргетасы – «Заң мен тәртіп». Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде қоғамдық қауіп­сіздікті күшейтуге бағытталған ауқымды заңнамалық пакет қабылданды.

Оның қатарында «Құқық бұзушылық­тың алдын алу туралы» бірыңғай заң қа­был­данды (5 заң біріктірілді), ойын биз­несі мен букмекерлік қызметті реттеу күшейтілді, лудоманияға қарсы шара­лар енгізілді, вейптерді шығару мен тара­туға толық тыйым салынды, есірткі қыл­­мы­сына қатысты жауапкершілік сара­лан­ды (курьерлерге жұмсартылып, өнді­ру­шілерге қатаңдатылды), сотталған әйел­дердің, оның қатарында жүкті әрі сәби­лі әйелдердің жағдайын жақсартуға бағыт­талған өзгеріс­тер дайындалды, «дес­труктивті діни ағымдар» терминін бекітіп, теологиялық білім алуды реттейтін түзетулер әзірленді. 

Мәдениет, спорт және туризм

Шетелде мәдени қатысуды арттыру тапсырмасын орындау мақсатында Бей­жіңде «Қазақстанның мәдени орта­лығы» ашылды. Мәскеуде осындай орталық ашу мәселесі талқыланып жатыр.

Анимация саласы да жаңа серпін алды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде «Қиял vs қадам» мен «Бәйтерек туралы аңыз» фильмдері жарық көрді. 43 анима­ция­лық шығарма YouTube желісінде жария­­ланды. 2019 жылдан бері алғаш рет 5 толық­­метрлі мультфильм түсірілді («А­лтын адам», «Желаяқ», «Шоқан. Қашқария сапа­ры», «Адам. Нартәуекел», «Тоқты мен Серке»).

Ақтауда өткен халықаралық «Үркер» анимация фестивалінде «Алтын көл» фильмі бас жүлдені алды, ал «Тұран» туын­дысы «Үздік қысқаметрлі фильм» аталымына ұсынылды.

Спорт саласында коммерцияланды­ру мен бюджет шығынын азайту бағы­ты жалғасып отыр. Бірнеше футбол клу­бы жекешелендіріледі. Олар – «Жеңіс» (Аста­на), «Қайсар» (Қызылорда), «Қызыл­жар» (Петропавл), «Шахтер» (Қара­ғанды). Ал «Ақтөбе», «Елімай» (Семей), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Тобыл» (Қоста­най), «Тараз» (Тараз), «Ертіс» (Павлодар) бойын­ша инвес­торлармен келіссөздер жүріп жатыр.

Былтыр 15 желтоқсанда Көкше­тауда құны 13,6 млрд теңге болатын көп­функционалды спорт кешені пайдалануға берілді. Жобаның 12,6 млрд теңгесі Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген. 

Цифрландыру бағыты

Президенттің Ұлттық құрылтайдағы тап­сыр­малары мемлекеттік басқару мен қаржы жүйесін технологиялық жаңғыр­туды қамтиды. Ұлттық ЖИ платформа­сын әзірлеу шеңберінде 15 орталық мемле­кеттік органда 36 жасанды интеллект жобасын енгізу жоспары бекітілді. Ұлт­тық цифрлық мұрағат құрудың жол карта­сы қабылданды. Жоба отандық деректер орталығы мен бұлтты аналитика гибри­дімен іске асырылады, цифрлық мәдени контент үшін «е-кітапхана», «е-мұрағат», e-culture, e-museum жүйелері біріктіріліп жатыр. Цифрлық активтер айналымын реттеу бойынша Ұлттық Банк халықаралық тәжірибеге негізделген түзетулер пакетін әзірледі.

Қорытындылай келгенде, Ұлттық құрылтайдың тапсырмаларын орындау кешенді сипатқа ие. Инфрақұрылымдық жаңғырту, әлеуметтік саясат, индустрия­лық даму, жаңа мәдени және идеологиялық мазмұн, заң үстемдігі мен цифрлық интеграция бар. Бұл бастамалар еліміздің жүйелі жаңаруы мен Президент белгілеген модернизациялық бағдардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Соңғы жаңалықтар