Құрылтай • Бүгін, 08:08

Бесінші құрылтай: Ұтымды ұсыныс пен пайымды пікір

60 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Сыр топырағында қоғамдық пікір алмасу алаңынан ел дамуына ықпал ететін маңызды институцио­налдық тетікке айналған Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары басталды. Ел дамуының басым бағыттарын айқындауда, қоғам мен билік арасындағы ашық диалогті нығайтуда ерекше рөл атқарып отырған құрылтайға жиналғандар әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым, азаматтық қоғам және экономикалық даму бағыттары аясында ұйымдастырылған отырыстарға қатысты. Мұнда айтылған ұсыныстар Ұлттық құрылтай хатшылығы арқылы зерделеніп, тиісті қорытындылар жасалады.

Бесінші құрылтай: Ұтымды ұсыныс пен пайымды пікір

Азаматтық қоғам секциясында сөз бастаған Пре­зиденттің ішкі саясат мәсе­лелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев  Сырдағы құрыл­тай сындарлы шешімдер қабыл­данатын алаң болса деген тілегін жеткізді.

«Жүз жыл бұрын ел байтағы бол­ған Қы­зылорда ел тарихына алтын әріп­пен жа­зыл­ған өңір. Алғашқы театр шымыл­дығы осында түріліп, ел санасына сілкініс туғыз­ған туындылар осы топырақта дүниеге келді. Сондықтан Қызылордада Ұлт­тық құ­рыл­тайдың шақырылуы тарихи сабақтастық тұр­ғысынан орынды баста­ма. «Жүз жыл – тарих, бес жыл – белес» деген бар. Мемлекет басшысының баста­масымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, қоғам­ның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік берді. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын алтын көпірге айналды», деді ол. 

ІЖӨ 300 млрд АҚШ долларынан асты

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұман­ғарин өткен жылы еліміздің экономикасы тұрақтанып, сапалы өсім болғанын атап өтті. Ішкі жалпы өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асса, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімде де айтарлықтай өсім бар. 6,5 пайыздық экономиканың өсу қарқыны 2012 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Экономиканың барлық саласында оң динамика қалыптасты. Ішкі жалпы өнімнің өсу үлесі негізінен өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметі, құрылыс салаларына тиесілі болып отыр.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім – 5,9% болып, оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі де артқан. Былтыр ел диқандары дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жинады. Бұршақ дақылдарының, майлы тұқымдар өнімі жоғары болды. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіптік парктің құрылысы басталғаны да жағымды жаңалықтың бірі.

Мемлекеттің әлеуметтік қолдау шарала­рының бірыңғай стандарты енгізілді. Жер­гілікті деңгейде қосымша көмек түрле­рі біріз­дендірілді. Цифрландыру әлеумет­тік салада құқықбұзушылықты анықтау мен алдын алуға мүмкіндік берді. Бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік саясатты транформациялаудан 600 млрд теңге үнемделді.

«Өткен жылы жүргізілген бюджеттік мониторингінің қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 8 түзету енгізіліп, жыл басынан бері 1 триллион теңге­ден астам қаражат оңтайландырылды. Олар нақты секторға бағытталды», деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі.

Көлік логистикалық инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұлттық жос­пары 204 жобаны қамтып отыр. Инфра­құрылымның тозуын 40 пайызға төмен­детіп, энергетикалық, коммуналдық сек­торларды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылып келеді.

Экономиканың тұрақты дамуында кә­сіпкерліктің үлесін арттыру үшін жүйе­лі шаралар қолға алынған. «Өрлеу» жеңіл­детілген қаржыландыру бағдарламасы кәсіпкерлерді ынталандыра түседі. 

Жүз мың бала ЖИ-ді тереңдетіп оқиды

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осыған дейін құрылтай­ларда көтерілген мәселелердің жүзеге асуы туралы баяндады. Ғылымға құйылған инвестиция артты. Ендігі міндет – ғылым­ды өндіріспен ұштастыру, ғылыми зерттеу жобаларын өндіріске енгізу. Осындай алаңдар дайындау мақсатында Үкімет тұжырымдамасы бекітілді. Соған сәйкес, ғылымда қанатқақты жобалар Курчатов, Алматы жанындағы Алатау елді мекенінде орын тепкен ядролық-физикалық институт, Назарбаев университетінің ғылыми паркінде жүзеге асып, олар Ғылыми қалашықтар ретінде белгіленді.

Қазір пысықталып жатқан «Қазақстан балалары» – саладағы маңызды жаңалық­тың бірі. Инклюзивті білім беруден бастап, денсаулық, әлеуметтік қолдау, баланың цифрлық қауіпсіздігіне ұласатын бұл бас­тамада біраз мәселенің шешімі бар. Бұл ретте Финляндияның алдыңғы қатарлы оқу орындары мамандарын жұмылдыру арқылы көптеген бағдарлама жазылды.

Министр былтыр елімізге 2 суперкомпьютер жеткізілгенін атап өтті. Оның бірі әлем рейтингі бойынша 86, екіншісі 103-орында тұр. Еліміздегі 4 университетте суперкомпьютер бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі осындай құ­рыл­­ғы әлемнің мықты математиктері жаса­ған күрделі есептер шешімін 3 сағатта табады.

«Қазір жасанды интеллект этикасы, оны қолдану мәселесі дүниежүзін ойландырып отырғаны белгілі. Тіпті ғалымдар арасында «PhD бағдарламасының мағына­сы қалды ма, жоқ па?» деген де талас жүріп жатқанын айтпай отыра алмаймыз. Оқу бағдарламалары қалай өзгеру керек? Жалпы, ЖИ-мен қалай жұмыс істеу қажет? Бүгінгі талқыға осы мәселелер түседі», деді министр.

Ол өз сөзінде демографиялық өсім, еңбек нарығының өзгеруі, технологиялық бәсеке мен қоғамның әлеуметтік әділдікке деген сұранысы университеттердің сапасы мен ғылым саясатының тиімділігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Ал­дағы жылдары 18 жасқа толатын жастар са­нының едәуір артуы жоғары білімге сұранысты күшейтпек.

Осыған байланысты тұжырымдама аясында қолжетімділік пен тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шара қабылданған. Атап айтқанда, гранттар көлемін ұлғайту, шәкіртақыны кезең-кезеңмен арттыру, сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру кредиттері енгізіліп келеді. Сонымен қатар «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі мен «Ұлттық қор – балаларға» бастамасына негізделген жаңа қаржылық архитектура қалыптасып жатыр.

Министрдің айтуынша, жасанды интеллект саласында ЖОО аралық стандарт қабылданып, 38 білім бағдарламасы әзірленген. Енді жаңа ББ түлектері Python-да бағдарламалау, кітапханалармен және фреймворктармен жұмыс істеу, деректерді талдау мен визуализациялау, табиғи тілді өңдеу деректер базаларымен жұмыс істеу, ЖИ шешімдерін бизнес-үдерістеріне интеграциялау, нейрондық желілерді әзірлеу мен енгізу, ЖИ-ді пайдалана отырып, үдерістерді автоматтандыру секілді дағдыларға ие болады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситеті базасында Сеул техникалық университетімен бірлесіп ЖИ мен информатика жоғары мектебі ашылды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында «City University of Hong Kong» филиалы (жасанды интеллект бойынша қос диплом бағдарламалары), Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Лу Бань шеберханасымен бірлесіп, Жасанды интеллект орталығы білім бере бастады.

«Былтырдан бастап Ai-sana бағдарла­масын қолға алдық. Жыл ішінде 668 мың студентті оқыттық. Енді міндетті түрде бүкіл студент осы бағдарлама аясында ЖИ курстарынан өтеді. Ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталады, 100 мың бала тереңдетіп оқытылады», деді министр.

Сонымен қатар университет ғылымын жаңа деңгейге көтеру үшін 42 PFLOPS қуатты­лығы бар Академиялық кластер құру жос­парланып отыр. Бұл инфрақұ­рылым үлкен деректермен жұмыс істейтін, әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Ғылым мен экономиканың нақты байланысын күшейту бағытында сөйле­ген министр ғылыми ұйымдар мен ЖОО-ларға сатып алу рәсімдерін жеңіл­дету, қаржыландыруды арттыру, жас ға­лымдарды қолдау мен ғылыми нәтиже­лерді коммерцияландыру – осы саясаттың негізгі тетіктері екенін айтты.

Қолжетімділік, сапа, оқытушы әлеуеті, есептеу инфрақұрылымы, индустриямен байланыс пен ғалымның әлеуметтік мәртебесі бір жүйеге айналғанда ғана білім мен ғылым ұлттық қуатқа айналады.

Қоғамдық диалогтің жаңа үлгісіне айнал­ған Құрылтай аясында көтеріліп, жүзеге асқан, елге пайдалы бастама көп. Сессия жұмысында елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқан саяси өзгерістер, азаматтық қоғам институттарының жұмысы жайлы сөз болды. Балалар қауіпсіздігі, сот реформалары жайлы ұсыныстар айтылды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар