Саясат • Кеше

Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыланды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада V Ұлттық құрылтай аясында «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясының отырысы өтті. Оның жұмысына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Талқылауға Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері талқыланды

Жиынды ашқан Аида Балаева Ұлттық құрылтайдың қоғам үшін маңызы зор, тұрақты әрі жүйелі диалог алаңына ай­нал­ғанын атап өтіп, онда ел да­муының ұзақмерзімді бағыт-бағдары айқындалып, өзекті әлеу­меттік мәселелер кеңінен талқыланатынын жеткізді.

«Ұлттық құрылтай аясында айтылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде монито­ринг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселе­лер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқа­рылды. Атап айтқанда, заң­на­маны жетілдіру мақсатында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жобасына, сон­дай-ақ Президент жарлықтары мен ке­шенді даму жоспарларына өз­герістер енгізу бойынша жұмыс­тар жүргізілуде», деді Премьер-министрдің орынбасары.

Секция отырысына қатысу­шылар өз ұсыныстары мен баста­маларын ортаға салды. Талқы­лау­дың негізгі өзегін мәдениетті да­мыту, креативті индустрия­лар­ды дамыту, әлеуметтік саланы жақ­сарту және отбасы құн­дылық­тарын нығайту мәселелері құрады.

Сондай-ақ балалар контентін дамыту мен анимация индус­триясын өркендету тақырыбы көтерілді. Осыған байланыс­ты Аида Балаева мультфильм өндірісіне арнайы тоқталып, бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда, әрі Қор құ­рылымында анимацияға ар­нал­ған жеке бағыт қарасты­ры­ла­ды. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психологиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қордың толыққанды жұ­мысы басталғаннан кейін анимация индустриясы тың серпін алып, қарқынды дами түседі деп сенемін», деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.

Басқа да мәселелерді талқылау барысында қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақ­тау және «кітап оқитын ұлт» қа­лып­тастыру – қазақстандық қоғам­ды жаңғыртудың маңызды құрам­дас бөлігі екенін баса айтты. Осы­ған орай Аида Балаева аударуға және басып шығаруға ұсыныла­тын кітаптар тізбесін айқындай­тын арнайы комиссия құруды ұсын­ды. Сонымен бірге заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйе­лі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.

Кеше «Білім және ғылым», «Азаматтық қоғам» және «Эконо­микалық даму» бағыттары бо­йын­ша тағы үш секцияда тал­қы­лаулар өтті. Екі күн бойы мем­лекеттік саясаттың өзекті мәсе­лелері талқыланатын болады.

Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен V Ұлттық құрылтай­дың пленарлық отырысы өтеді. Іс-шараға еліміздің барлық өңі­рінен делегат ретінде келген Ұлттық құрылтайдың 110 мүшесі қатысады.

Соңғы жаңалықтар