Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрынғы Жолдауында ілкімді жоба барлық саланы қамтуға тиіс екенін айтып, Үкіметке тапсырма берген еді. Әлеуметтік әмиянға салынған қаражатты банктер, коллекторлар, салық органдары өндіріп ала алмайды. Өйткені «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңмен қорғалатын қаражат тек әлеуметтік мақсатқа ғана жұмсалады. Ұлттық банк, Сауда және интеграция, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері бірлесіп, әлеуметтік әмиянды жан-жақты саралап енгізді. Әлеуметтік әмиян банк картасына балама саналады. Мұның артықшылығы – Ұлттық банк жүйесінде әрбір ел азаматына ЖСН негізінде ашылады. Шот ашу немесе банк картасын жаңартуға (әрбір 3 жыл сайын) екінші деңгейдегі банктерге барудың қажеті жоқ. Сондай-ақ әмиянға әлеуметтік төлемдерді проактивті түрде есептеудің де мүмкіндігі қарастырылған.
Тағы бір ескерер жайт, азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың қайда есептелетінін таңдау мүмкіндігі бар. Әлеуметтік әмиянға электрондық ақшамен немесе әдеттегі тәсілмен банк картасына аудару жолдары ұсынылады. Әлеуметтік әмияннан өз қаражатын банк картасына аударуға, банкоматтан шешіп алуға да болады. Банктік төлем құралы ретінде барлық қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Ең алдымен әмиянды қолданушы тарапынан екі факторлы аутентификация жүргізіледі. Дербес деректерді қорғау, сақтау, өңдеу қамтамасыз етіледі. Екінші деңгейлі банктер мен электрондық төлем жүйелеріне қойылатын қолданыстағы барлық талаптар әлеуметтік әмиянға да тиесілі. Электрондық картамен онлайн режімінде коммуналдық қызмет сынды төлем түрлерімен де есеп айырысуға болады.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында цифрландыруға баса мән беретінін атап өтті. «Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз. Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді. Себебі қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы. Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етеді деп сенемін», деді Президент.
2024 жылы еліміздегі мектептерге әлеуметтік әмиян цифрлық жүйесі енгізіліп, сынақтан өткізілді. Бұл жүйе әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 5–11-сыныптарда оқитын балаларына берілетін тегін ыстық тамақтың әділ әрі ашық түрде таратылуын қамтамасыз етуді көздейді. Басты ерекшелігі – ата-аналардан ешқандай қағаз құжат жинаудың қажеті жоқ. Қолдау алу құқығы мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде анықталады. Әлеуметтік әмиянның цифрлық шешімі мемлекеттік қолдауды анықтап, автоматты түрде көрсетіп қана қоймай, оқушының өзіне тиесілі тамақты алғанына нақты көз жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау алуға құқығы бар отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ беру үдерісін автоматтандыруға әрі ашық бақылауға арналған цифрлық платформа ілкімді жоба екенін ақтады.
Жүйенің жұмыс істеу тәртібі күрделі емес. Ата-аналарға баласының тегін тамақтануға құқығы бар екендігі туралы хабарлама жолданады. Егер келісімін берсе, отбасыға автоматты түрде цифрлық тамақтану ваучері құрылады. Бұл ваучерді ата-ана eGov mobile қосымшасы арқылы іске қосады. Оқушы мектеп асханасына барғанда арнайы сәйкестендіру әдістері – QR-код, карта немесе Face ID арқылы ыстық тамақ алады. Осыдан кейін ата-ананың телефонына баласының мектепте тамақтанғаны жөнінде хабарлама жіберіледі. Жүйеде кері байланыс функциясы да қарастырылған – ата-ана берілген тағамның сапасына баға бере алады. Ал айдың соңында көрсетілген нақты қызметтер негізінде автоматты түрде орындалған жұмыстар актісі жасалып, жеткізушіге тек нақты қызметтер үшін төлем жүргізіледі.
«Әлеуметтік әмиян» жүйесі қанатқақты режімде алдымен 20 мектепте сыннан өткізілді. Астана қаласындағы 10 мектепте, сонымен қатар Қостанай облысының 10 мектебінде оқушылар «Әлеуметтік әмиян» арқылы ыстық тамақпен қамтылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қанатқақты жобаны нәтижесіне қарай, 1–4-сынып оқушыларына да кезең-кезеңмен енгізу жоспарланып отыр. Бұл шешім білім беру саласындағы барлық жас топтары үшін тамақтану үдерісін бірізді етіп, мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен әділеттілігін күшейтеді.
Игі бастама аяқсыз қалмай, толыққанды жүзеге асырылса, мемлекеттің қолдауы шын мұқтаж жандарға көрсетіледі. Қызмет ашық жүргізіледі, ата-аналар үшін де бақылау мүмкіндігі артады. Мектеп әкімшілігінің жұмысы жеңілдеп, жеткізушілер үшін әділ төлем кепілдігі орнайды.
Мемлекеттік қолдауды цифрландыру жай ғана технология емес, әрбір мемлекеттік көмек иесіне дәл әрі әділ түрде жетуін қамтамасыз ететін сенім жүйесін қалыптастыру тетігі. Жоба әзірге екі қызметті: тегін дәрі-дәрмек пен мектеп оқушыларының тегін тамақтануын қамтып отыр.
Қолдаудың нақты әрі ашық көрсетілуін қамтамасыз ететін «Әлеуметтік әмиян» жобасын әлі де күшейтіп, дамытудың маңызы зор. Президент Жолдауында алдағы үш жылда еліміз толықтай цифрлық мемлекетке айналуға тиіс екенін атап өтіп, нақты стратегиялық міндеттерді жүктеді. Мемлекет басшысы әрбір азаматтың лайықты табысқа қол жеткізіп, сапалы әлеуметтік қызметтер алуына барлық жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Мұндай игі істің бірі, әлбетте, «Әлеуметтік әмиян» жобасы.
«Amanat» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова ілкімді бастама ата-аналарға, созылмалы ауруға шалдыққан азаматтарға, өзге де санаттағы адамдарға бюрократиялық кедергілерсіз тиісті қолдау көрсетуде әлеуметтік саясаттың тиімді цифрлық құралына айналғанын айтады. Қазірде осы жоба арқылы ыстық тамақпен қамтылған 1,6 млн бала, электрондық рецепт арқылы дәрі-дәрмек алатын 2 млн-нан астам ересек адам тіркелген.
– Әлеуметтік әмиянды мектептерде енгізу, біріншіден, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік берді әрі қаражаттың ашық жұмсалуына жол ашты. Екіншіден, ата-аналар балалардың мектеп асханасына барғаны туралы, күнделікті ас мәзірі жайында ақпарат алып отыр. Біз әрбір адамның өзіне тиесілі әлеуметтік қолдаулар туралы ашық әрі нақты ақпаратқа қол жеткізуін қалаймыз. Алайда ата-аналар бұл жүйеге белсенді араласпаса, кері байланыс жасамаса, жүйе толыққанды жұмыс істей алмайды. Былтыр қазан-қараша айларында 19 мың ғана ата-ана мектептегі тамақ сапасына баға берген, бұл жалпы ата-аналардың небәрі 0,04%-ы ғана. Ал дер кезінде жүргізілген бақылау – мектеп асханаларындағы улану секілді резонанстық жағдайларды болдырмауға септігін тигізеді, – дейді Т.Дүйсенова.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Айнұр Жүсіпова бүгінде 6,7 мыңнан астам білім ошағында оқушылардың мектеп асханаларында тамақтануын есепке алатын аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылғанын жеткізді.
– Бұл кешен, яғни турникет мектептің кіреберісіне орнатылған. Оқушы бет-әлпетін тану жүйесі арқылы өтеді. Осындай турникеттер мектеп асханасының кіреберісіне де қойылған. Жүйе асханаға қай уақытта, қай сыныптан, қай бала кіргенін тіркейді. Бүгінде 910 мың бала осындай бақылау жүйесі (скуд) арқылы тіркелді. Мұндай турникет орнатылмаған, шағын жинақталған мектептерде бақылау арнайы қосымша арқылы жүргізіледі, – деді комитет басшысы.
Дәрімен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыру ісінің де нәтижесі көңіл қуантарлық. Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, кейінгі үш жылда 15,8 млн рецепт жазылса, оның ішінде 12,8 миллион дәрі-дәрмек «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілген. Электронды рецепт пациенттерге, әсіресе диспансерлік есепте тұрғандарға өте қолайлы. Себебі цифрландыру шарапаты тигенге дейін олар қағаз құжатты жаңарту үшін емхана табалдырығын тоздыратын еді.
– Мақсатымыз – цифрландыру деңгейін 90%-дан асыру. Бұл бағытта біршама нәтижеге қол жеткіздік. Ең әуелі дәрі-дәрмектер қолжетімді бола бастады. Министрлік азаматтарға тегін дәрі-дәрмекті тек әлеуметтік дәріханалардан ғана емес, сонымен қатар жекеменшік дәріханалардан да алуға мүмкіндік беретін қанатқақты жобаны жолға қойып жатыр, – деді вице-министр.
Түйіндей айтқанда, цифрлық мемлекет құрудың алғышарты саналған игі жоба өз жемісін беріп келеді. Кей облыстарда «Әлеуметтік әмиян» іске қосылғалы мемлекет қазынасына бөлінетін қаражат әжептәуір үнемделген. Десе де кей ата-аналар ұялы телефондарына «Әлеуметтік әмияннан» келетін хабарламаларға күмәнмен қарап, алаяқтардың арам пиғылы деп сенімсіздік танытатын көрінеді.
Келешекте «Amanat» партиясы Саяси менеджмент академиясы шамамен 4 млн адамды қамтитын кең ауқымды жаппай оқу науқанын бастамақшы. Әр өңірдегі мектептер мен емханаларда министрлік мамандары әлеуметтік педагогтерді, ата-аналарды, тегін дәрі-дәрмек алатын азаматтарды оқыту жұмысын жүргізеді. Өйткені мемлекет жыл сайын әр балаға, балабақшаға баратын бүлдіршіннен студентке дейін қомақты қаржы бөледі. Әр отбасы бұл сомаларды өздерінің цифрлық профильдерінен көре алады. Демек «Әлеуметтік әмиян» әлеуметтік саясаттың мүлдем жаңа деңгейдегі айнасы болады.