Саясат • Бүгін, 07:50

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттері туралы келісімге өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар депутаттар Халықаралық Азаматтық авиация ұйымына (ICAO) қатысты құжатты қабылдады. Негізінен жиын барысында Ұлттық құрылтайда көтерілген өзекті бастамалар мен басым бағыттарға айрықша назар аударылды.

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Әділетті Қазақстанның құқықтық іргетасы

Отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бір палаталы Парламент құру бастамасы ел болашағы үшін тағдыршешті әрі өте қажет шешім екенін жеткізді. Сондай-ақ ол болашақ Парламенттің Құрылтай деп аталуына қатысты пікірін білдірді.

«Біздің мақсатымыз – мүлдем жаңа сипаттағы ықпалды заң шығарушы орган құру. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын одан әрі күшейту. Қазір Мәжілісте 6 фракция қоян-қол­тық жұмыс істеп жатыр. Көп­­партиялы қызметте мол тәжі­рибе жинадық. Сол тәжі­ри­бе алда пропорционал жүйе­мен жасақталатын бір палата­лы Парламенттің негізі болуға тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының президенттік квотадан бас тартуы, Ассамблея квотасын алып тастауы – Парламентке толық дербестік беру дегенді біл­діреді. Ең бастысы бұл либералды бастаманы халықаралық саяси ұйымдар қолдайтыны анық. Халқымыздың тарапынан да кеңінен қолдау тапқанына көзіміз жетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, отандық парламентаризм тарихында батыл да демократиялық қадам жасалып жатыр. Ең бас­ты жаңалық – Президенттің болашақ Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынуы. Меніңше, тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да Парламенттің табиғатын аша түсетін атау. Құрыл­тай – қай кезеңде де дала демократиясының негізі бол­ған. Ежелден ұлт тағдырын айқын­даған, ел аманатын арқалаған институт. Президент дәл осы жауапкершілікті болашақ Пар­ла­ментке жүктеп отыр», деді Палата төрағасы.

Бұған қоса, Мәжіліс спикері Қазақстанның Халық кеңесі Парламенттің баламасы емес, бұл – мемлекет пен халық ара­сын­дағы алтын көпір болатынын айтып, нақтылады.

«Халық кеңесі – қоғамдық консенсус пен сенім алаңына айналады. Оған этно-мәдени орталықтардың, ірі қоғамдық бірлестіктердің, мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңес­тердің мүше болуы ашықтықты арттырып, нәтижелі жұмысқа арқау болады. Ол елдегі ең жоға­ры консультативтік орган дең­гейінде қалыптасады. Одан бөлек билік тармақтарын жаңғыр­ту үшін Мемлекет басшысы Вице-президент лауазы­мын енгізу бастамасын көтерді. Бір­ден айта кетейін, бұл билікті бөлу емес. Мемлекеттік бас­қару жүйесін қазіргі заманға бейім­деу. Осы ұсыныстар еліміз­дің саяси жүйесін айтарлық­тай жаң­ғыртып, жаңа институцио­нал­дық деңгейге көтереді. Мұның бәрі жаңа конституциялық түзетулер қабылдауды талап етіп отыр. Бұл – жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар өзгеріс, тарихи қадам деуге болады. Президенттің саяси бағытының өзегінде әділдік идеясы жатыр. Осы тұрғыда, Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның құқық­тық іргетасы. Кеше Президент бір топ Мәжіліс депутатын жоға­ры мем­лекеттік наградалармен мара­паттады. Бұл бүкіл палата жұ­мысына берілген баға деп бі­леміз. Ол бізге зор жауап­кер­ші­лік жүктейді. Президент ре­фор­малары мен бастамаларын заң­намалық тұрғыда қамтамасыз етуге тиіспіз», дей келе Ерлан Қошанов барлық фракция мүше­сін осы жұмысқа белсене атсалысуға шақырды. 

Туризм саласындағы ынтымақтастық кеңейеді

Әрі қарай жиында төрт мәселе қаралды. Мәжілістің Заң­нама және сот-құқықтық рефор­ма комитеті Қылмыстық істер бо­йынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвен­цияны ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмыс­қа қабылдады. Сонымен қатар «Алатау қаласының арнау­лы мәртебесі туралы» Конститу­ция­лық заң жобасы бойынша Пар­ламент палаталарының бірлес­кен комиссиясына депутаттар сайланды. Комиссия құрамына Берік Бейсенғалиев, Абзал Құспан, Нұртай Сабильянов кірді.

Негізгісі – «2003 жылғы 25 жел­тоқсандағы Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкі­меті арасындағы Мемлекет­тік шекара арқылы өткізу бекеттері тура­лы келісімге өзгеріс ен­гізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы. Оған сәйкес «Кеген-автожолдық» (Қазақ­стан Республикасы) – «Қар­қара-автожолдық» (Қыр­ғыз Республикасы) өткізу пункті­нің жұмыс режімін «тәу­лік­тің жарық уақытынан» «тәу­лік бойына» өзгерту көзделіп отыр. Депутаттар хаттаманы ратификациялауға бірауыз­дан келісті. Себебі бұл шешім екі елдің шекаралық ынтымақ­тастығын одан әрі дамытуға, та­уар айналымын арттыруға, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізеді.

Оған қоса, Мәжіліс Қазақ­станның Халықаралық Азамат­тық авиация ұйымы (ICAO) органдарының құрамында өкілдігі туралы мәселені ілгері­лету, сондай-ақ республиканың халық­аралық аренадағы беделін жақсарту үшін қолай­­лы жағ­дайлар жасауға бағыт­­тал­ған құжатты қарады. Хаттама­дағы өзгерістер Халықаралық аза­маттық авиация ұйымы кеңесінің құрамын және Аэронавигация комиссиясы мүшелерінің санын ұлғайтуға қатысты. Бұған дейін түзетулерді 114 мемлекет ратификациялаған. 

Импортқа тәуелділік әлі сақталып отыр

Күн тәртібіндегі мәселелер қарал­ған соң, депутаттық сауалдар жарияланды. Қазір елімізде аграрлық әлеует зор болғаны­мен, бір­қатар негізгі азық-түлік тауар­ына қатысты импортқа тәуел­­ділік әлі де сақталып отыр. Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев осы проблеманы көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, кейбір бағыт бо­йынша шетелден келетін, субси­­­дияланатын өнімдердің қысы­мына ұшырап отыруы алаң­да­тады. Еліміздегі өңдеу өнеркә­сібі­нің жеткілікті дамымауы, сақтау және логистика жүйесінің әлсіздігі, ауыл шаруашылығы өндірушілерін ұзақмерзімді әрі әділ бағамен өткізу тетіктерінің болмауы – осы саланың жүйелі проблемаларына айналып, ауыл экономикасының әлсіреуіне әкелетін қауіп төндіріп отыр», деді мәжілісмен.

Оның сөзінше, Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясы бастамашы болып отырған «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасын қабылдау – уақыт талабы. Депутаттың па­йы­мынша, аталған заң жобасы азық-түлік қауіпсіздігін мем­лекеттің стратегиялық басым­дығы ретінде айқындауға, ішкі нарықты қорғаудың нақты әрі тиімді тетіктерін қалып­тас­тыруға, отандық ауыл шаруа­шы­лығы өндірушілерін жүйелі қолдауға, өндіріс, өңдеу, сақтау және өткізу тізбегіндегі теңгерім­сіздікті жоюға бағытталған меха­низмдерді заң жүзінде белгілеуге мүмкіндік береді.

«Бұл заң – бір реттік құжат емес, ауылды сақтап қалуға, фер­мерді қорғауға, елді азық-түлікпен өз күшімен қам­тама­сыз етуге бағытталған ұзақмер­зімді стратегиялық шешім. Ол Мемлекет басшысы кешегі Ұлттық құрылтайда белгі­леп берген әділетті экономика мен мықты мемлекет құру қағи­даттарымен толық үндеседі», деді Ж.Дайрабаев.

Депутат Жанарбек Әшімжан жол сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту керектігін көтерді. Оның айтуына қараған­да, кейбір республикалық маңызы бар бағыттарда жолдар­дың тар­лығы, қарсы бағыттағы көлік­тер­дің бетпе-бет қозғалысы, қоз­ға­лыс қарқынының шамадан тыс жоғары болуы, жол инф­ра­құрылымының заманауи талап­тарға сай келмеуі жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне тікелей себеп болып отыр.

«Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, былтыр Республика жолдарында 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Полиция қызметкерлері 14 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін анықтаған. Оның ішінде жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану фактілері басым. Сонымен қатар полиция органдары 41 мыңнан астам жол тексеруін жүргізіп, 90 мыңға жуық жол кемшілігін анықтаған. Жол жамылғысын тиісті деңгей­де жөндеп ұстамағаны үшін 7,4 мың лауазымды және заң­ды тұлға жауапкершілікке тар­тылған. Бұл деректер жол сапасына қатысты мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіз екенін, ал кей жағдайларда мердігерлер мен жауапты органдардың нем­құрайлы жауапкершілікпен шек­теліп отырғанын көрсетеді», дей келе депутат Үкімет тарапы­нан жол құрылысы мен жаңғыр­ту жұ­мыстарына қатысты бақы­лауды түбегейлі күшейту, жа­уапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың нақты әрі дербес жауапкершілігін бекіту аса өзекті екенін жеткізді. 

ГРЭС құрылысы неге тоқтап тұр?

Өз кезегінде Еділ Жаңбыршин энергетикалық жүйенің қоры ең төменгі шекке жеткенін ай­тып, бірқатар қаладағы жылу электр орталығының құрылысы неліктен әлі басталмағанын сұрады.

«Ел іс жүзінде «энергети­ка­лық тығырыққа» тірелді. Бұл – ес­­кір­ген технологиялар­мен жұ­мыс істейтін энергети­ка­лық нысандар мен инфра­құрылымның әбден тозуына және заманауи шешімдерді қолдана отырып, уақтылы жаңғыртылмауына байланысты. Мысалы, мұнай-газ секторын есептемегенде, еліміздегі көмір қоры 33 млрд тоннаға баға­ланады, бұл тиімді пайдаланған жағдайда үш ғасырға жетеді. Көршілеріміз көмір отынымен жұмыс істейтін экологиялық таза әрі икемді генерацияны игеріп үлгерді. Ал біз әлі күнге дейін зиянды әрі тиімсіз ескі технологияларды жамап-жасқап ұстап отыруға мәжбүрміз. Көкшетау, Семей және Өскемен қала­ларында жылу-электр орта­лық­тарының құрылысы осы уақытқа дейін қандай себептермен басталмаған? Екібастұздағы ГРЭС-2-ні кеңейту жобасының қазіргі мәртебесі қандай және ГРЭС-3 құрылысын бастау қашан жоспарланған? Курчатов қа­ла­сындағы электр станса­сын уақтылы пайдалануға беру үшін қандай нақты шаралар қабыл­данып жатыр?», деп Еділ Жаңбыршин Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Роман Склярға көмір саласын жаңғырту туралы сауал жолдады.

Ал депутат Абзал Құспан профилактикалық іс-шараларды көбірек жүргізуді ұсынып отыр. Мәжіліс кулуарында ол «Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс» деп кесіп айтты.

«Егер екеуара келісіммен жүзеге асса, оның өзінде олар кәмелет жасына толған азамат болса ғана, әрине, бұл қылмыс болмайды. Қалған жағдайда, зорлықпен жасалған әрекеттің барлығы қылмыс деп саналады. Мәжбүрлі түрде адамды бір нүктеден екінші нүктеге апарса, «Адам ұрлау» деген баппен сотталады. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы 21 жастағы Нұрай есімді студенттің қаза табуына қатысты пікір білді­ріп, бұл қылмыстың қоғамды елеңдеткен аса ауыр трагедия екенін атап өтті. Сондай-ақ бірқатар тапсырма жүктеді. Негізі Президент осы бағыт­тағы мәселені Атырауда өткен Құрылтайда көтеріп, қыз алып қашу – қылмыстық қудалау қажет деп нақты тапсырма берді. Осыған байланысты былтыр Қылмыстық кодекске бірқатар жаңа норма енгізілді. Оның ішінде сталкинг, некеге тұру­ға мәжбүрлеу сияқты баптар бар. Кең ауқымда ақпараттық түсін­діру, профилактикалық жұмыс жүргізу керек», деді мәжілісмен. 

Соңғы жаңалықтар