Шаруашылық • Бүгін, 08:55

Мал өсірудің машақаты

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Облыс орталығынан қозыкөш жердегі Қонысбай ауылынан 200-ден аса жылқы жоғалыпты деген суыт хабар құлағымызға тиген соң барып қайттық. Шынында да жаманат хабар жай бола ма, мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым жүген ұстап қалыпты.

Мал өсірудің машақаты

Қымбатшылық қос бүйірден қыс­қыштай қысып тұрған уақытта малсақ қауым үшін 200 бас жылқы – қыруар дүние. «Алдыртқан албырт» дегендей халықтың салы суға кетіп отыр екен. Мәселенің мәнісіне көз жүгіртсек, алдымен жылқышы, ауылдық округ­тің әкімдігі, мал иелері арасында үш жақты келісім жасалмаған. Ең алдымен қолдағы малға қажетті жазғы жа­йылымы, қысқы қыстауы анықталып, шабындық жері белгіленіп, әр басқа 5 мың теңгеден ақы қойып бағуды міндетіне алған жылқышымен арада келісім жасалу керек еді. Әйтпесе бағымдағы мал жоғалса немесе ауырып өлсе, шығынды қалай өндіріп аласың?

«Ондай міндетті ешкім мойнына алғысы келмейді. Себебі жылқышы табу өте қиын. Елде ішінара жұмыссыздық болғанымен, белсеніп ешкім шықпайды. Негізінде табыс табатын жер. Қазір жылқышылар әр басқа 5 мың теңге алады. Егер бір бақташыда 300 жылқы болса, айлық табысы 1,5 млн-нан айналар еді. Әрине, жалғыз бақпас үшін көмекші алса да ұтылмайды. Көктемде қара малды жайылымға шығарар алдында ауыл тұрғындарының жиынын өткізіп, қара малды, жылқыны кім бағады деп ақылдасамыз. Қазір жылқы тұрмақ көктемнен күзге дейін ғана бағылатын қара малға да бақташы таба алмай отырмыз. Бұл арадағы себеп түсінікті. Қазір 300-ге жуық отбасы тұратын ауылда елуге жетер-жетпес қара мал бар. Табысы аз болған соң мал бағуға белсеніп ешкім шықпайды. Кезекпен бағып жатыр. Үйінде мал бағатын адамы болмаса тіпті қиын. Азын-аулақ ақшасын төлесе де, бір күн бағып тұратын кісі жоқ», дейді Қонысбай ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Есләмбеков.

Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, сауын сиыр болмағандықтан, сүт-майын облыс орталығындағы базарлардан сатып алады екен. Бәлкім, қаладағы сұраныстың артып, қымбат­шылықтың қаулап бара жатқаны­нан да осындай жайлар жанама себепші болып жатқан шығар. Ауылда тұрып мал ұстамағаннан кейін ақшасына сатып алған күннің өзінде өзгенің несібесіне ортақтасады емес пе? Алғашқыда түпнегізі жалқаулықта жатыр-ау деп жорамалдағанбыз. Сөйтсек, ауылдық округте қолда бар малдың жазғы жайы­лымы жоққа тән, шабындық жері тоқымдай ғана екен. Оның үстіне іргеде алтын өндіретін кәсіпорын, қиыршық тас өндіретін ұжымдар қаптап тұр. Жайылым болмаған соң қайтып мал бағар. Ал өз аяғы­мен күн көреді дейтін жылқының жайы – жаңағы. Ауыл тұрғындарымен тілдескенде ұққанымыз, жоқ малдың саны 200-ден асып жығылуы әбден ықтимал. Айдың-күннің аманында тілеуін тілеп отырған қыруар жылқы қолды болғаннан кейін бір-бірімен хабар алмасу үшін ортақ чат ашыпты. Сол чаттағы тілдесулерге қарағанда жоғалған жылқы саны біз айтып отырған көлемнен әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Ауыл тұрғындары ғана емес, қаланың іргесіндегі ауыл болғандықтан, қала тұрғындары да жылқышыға сеніп, малын тапсырады.

– Менің үш бас жылқым жоғалды, – дейді ауыл тұрғыны Амантай Байдалин, – жылқышы Темірбек Ғалымов келісім­шарт жасағысы келмейді. Егер ондай талап қойсаң, «мен жылқыларыңды бақпаймын, өздерің бағып алыңдар» деп шыға келеді. Ал «мен бағамын» деп ұмтылып тұрған ешкім жоқ. Қазан айының 29-ы күні жылқышының өзі хабарласты. Екі үйір жылқым жоғалып кетті, іздеп жүрмін деді. Қараша айының алғашқы күндері хабарласқан еді. Таяу күндері жылқыны ауылға әкелемін, малыңды ұстап ал деген. Бірақ әкелмеді. Кейін менің жылқыларым жоғалғаны белгілі болды. Төлеймін деп қолхат та жазып берді. Бірақ қанша іздесек те жылқыны ғана емес, жылқышыны да таба алмай жүрміз. Үйіне қанша рет бардық, үнемі жабық тұрады. Қалта телефонын көтермейді. Енді не істерімізді білмей, әуре-сарсаңға түсіп отырмыз.

Мұндай мәселе жалғыз Қонысбай ауы­лында ғана емес, көптеген ауылға тән. Білетін адамдардың айтуына қарағанда, қазіргі жылқышылар – «ерке». Малсақ қауымның күні өздеріне қарап қалғанын білгеннен кейін мойындарына ешбір жауапкершілік алғысы келмейді. Қонысбай ауылдық округі әкімінің тілімен айтқанда, балама ұсыныс жоқ. Балама болмағаннан кейін амал жоқ ауыл тұрғындары бар малын түбінде әлдебір олқылық орнын алып қалса орнын толтыра алмайтынын біле тұра бақтыруға мәжбүр.

«Менен алты бас жылқы жоғалды, – дейді осы ауылдың тұрғыны Серікбол Бекболат, – өзімнің топшылауымша 2024 жылғы қыркүйектен бастап жоғалған болуы мүмкін. Жылқышыдан сұрасам, үйірде жүр дейді. Өз бетіңше жылқыға барып малыңды көре алмайсың. Біреу-міреудің тай-жабағысы жоғалса, күдік тууы мүмкін. Ал жылқышы көрсет­пейді. Содан алты ай бойы жоқ малдың айлық ақысын төлеп тұрдым, сосын тоқтаттым. Жылқышы төлей бер деп қояды. Мен осы малды мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы бойынша несие алып мал өсірмекке ниеттеніп алып едім. Әуелде төлбасы болсын деп құлынды бие, тай, жабағы алдым. Бәріне ен салынған, жамбасына белгісі басылған. Бірлі-жарым желіндеп жүрген биелерім аман, ал пышақ көтеретін, қысыр қалған семіз биелерім қолды болып отыр.

Осылайша, мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына жанды қамқорлық жасалып, бағдарламалар қабылданып жатқанымен, түпкі нәтижесі осылай болып отыр. Бұл – бір ғана мысал. Бәлкім бағдарламалардың баянды болмауына кедергі болып тұрған дүние жергілікті жерде тіршілікті дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан шығар.

– Мен осы округке былтыр әкім болып сайланғаннан кейін жылқышымен сөйлестім, – дейді округ әкімі Жасқайрат Жақсыбайұлы, – келісімшарттың жасал­мағаны рас. Тәртіп бойынша жылқышы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек, салығын төлейді. Ондай жағ­дайда бағым ақысы сәл қымбаттауы мүмкін. Өт­­кен жылы іргедегі Красный селосынан жыл­­қы­шылар табылған, бірақ, өкінішке қарай, олар да келісімшарттан бас тартып отыр.

Ақыр соңында бүтін бір ауыл жүген ұстап қалды. Ауыл тұрғындары жиналып, ол жиынға аудандық ішкі істер бөлімінің адамдары қатысып, арыз-шағымдарын жазып алған екен. Ендігі үміт – тәртіп сақшыларында.

Қыс басында Ерейменнің етегінен екі үйір жылқы жоғалды. Ізім-қайым. Көкшетау қаласы тұрғындарының 17 бас жылқысы қолды болды.

«Мал жоғалғаннан кейін төңіректің бәріне сұрау салдық. Көздеріне түсті ме екен деп. Орманшылармен хабарластық. Болмады. Кілең семіз жылқылар еді», дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Аллаберген Жомартов.

Айтпақшы, Қонысбай ауылдық округіне қарасты Дөңгілағаш ауылының қара малы түп-түгел шығынға ұшырады. Себеп егін ал­қабында шашылып қалған химиялық ты­ңайт­­қышты жеген болып шықты. Абырой бол­­ғанда іргедегі «Алтынтау Көкшетау» ак­цио­нерлік қоғамы қорасы қаңырап қалған ауыл тұрғындарына жанашырлық көрсетіп, шы­ғын­ның орнын толтырмақ болып оқталып отыр.

– Ауыл тұрғындарының жағдайын ойлау – ең алдымен жергілікті әкімдіктің міндеті, – дейді ел ағасы Асылбек Есмағам­бетов, – өзім де бірнеше жыл ауылдық округтің әкімі болып істедім, өзге жерлерді қайдам, қала іргесіндегі ауылдарға жылқышы табуға болатын шығар, ауда­н, облыс орталығын­да қаншама халық бар. Жұмыссыздарды құлақтандырып шақырса неге келмесін. Тек жағдай жасау керек. Қазір малшы­лардың еңбегін ескеру керек деген мәселе жиі айтыла бастады. Егер қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта, Арқаның ақырған аязында ат үстінде жүретін еңбеккерлер зейнет демалысына ертерек шықса, оларға мемлекет тарапынан қосымша көмек көрсетілсе, ынталандыру болмас па еді.

Әзіргі жағдай – осындай. Мал ұрлығы белең алып, жылқы жарықтық айдаса – жаудікі, ысқырса – желдікі болып тұрған кезде мал бағудың машақаты мың батпан.

 

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар

Соғыс болмаған ел

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:20

Нағыз қыс – Шанағатыда

Ауыл • Бүгін, 09:15