Digital • Бүгін, 10:13

ChatGPT кәмелетке толмағандарды автоматты түрде анықтай бастайды

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ChatGPT кәмелетке толмаған пайдаланушыларды қорғауды күшейту мақсатында олардың жасын автоматты түрде айқындайтын жүйені іске қосады, деп жазады Egemen.kz

ChatGPT кәмелетке толмағандарды автоматты түрде анықтай бастайды

Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Жаңа жүйе OpenAI платформасында қолданушының аккаунты қашан ашылғанын, қаншалықты жиі пайдаланатынын және қандай сұрақтар қоятынын қарап, оның 18 жасқа толған-толмағанын шамалап анықтайды. Егер жүйе пайдаланушыны жасөспірім деп тапса, ChatGPT автоматты түрде қосымша қауіпсіздік режиміне көшеді. Бұл режимде зорлық-зомбылық, сексуалдық мазмұн, өзіне зиян келтіру жайлы ақпарат және қауіпті әрекетке итермелейтін онлайн челлендждер көрсетілмейді.

Компания өкілдерінің айтуынша, жасты анықтайтын бұл жүйе балалардың даму ерекшеліктерін зерттеген ғылыми еңбектер мен сарапшылардың тұжырымдарына сүйеніп жасалған. Соған қарамастан, жасөспірімдер ChatGPT-ді сабақ оқуына, шығармашылық жұмысқа және анықтамалық ақпарат іздеуге бұрынғыдай пайдалана береді.

OpenAI ChatGPT-дің тегін нұсқасында жарнаманы іске қосады

Бұл жаңарту интернеттегі балалардың қауіпсіздігіне мемлекеттер көбірек көңіл бөле бастаған кезеңде жарияланды. Қазір Еуроодақ елдерінде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді шектеу мәселесі талқыланып жатыр. Ал Австралияда мұндай тыйым күшіне енген, бірақ ол талап ChatGPT-ге тікелей қатысты емес.

Тақырыптың өзектілігін арттырған тағы бір жағдай – Калифорнияда OpenAI мен оның бас директоры Сэм Олтманға қарсы сот ісінің қозғалуы. 16 жастағы жасөспірімнің ата-анасы платформа баласының психологиялық жағдайына кері әсер етті деп есептейді. Бұған дейін компания ата-аналарға арналған бақылау мүмкіндіктерін енгізген. Оның ішінде чат-боттың белгілі бір уақытта жұмыс істемеуі және әңгіме барысында қауіпті белгілер байқалса, ескерту беру функциясы бар.

Егер жүйе қолданушының жасын қате анықтаса, ол кәмелетке толғанын дәлелдеу үшін онлайн селфи жіберіп немесе жеке куәлігінің көшірмесін жүктей алады. Бұған дейін Ұлыбританияда билік партиясының депутаттары да 16 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды ұсынған. Цифрлану күшейген сайын, әлем елдері балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін қатаң бақылауға көшіп жатыр.

Осы үрдіс әлемнің бірнеше елдерінде қолдау тапқан. Айталық Аустралияда он алтыға толмаған жеткіншектер әлеуметтік желіні пайдалана алмайды. Жергілікті жұртқа енгізген заңның кілтипандарын арнайы жазған болатынбыз.

Бұл жаңалық біздің елімізде де жаңғырып жатқаны жасырын емес. Күні кеше Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, 16 жасқа толмаған азаматтардың әлеуметтік желілерде өз бетінше тіркелуіне тыйым салуды көздейтін құқықтық нормалар әзірленді. Бұл ережелер онлайн-платформалар мен БАҚ туралы заң жобаларына енгізіліп, қазіргі таңда қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар