Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Айтса-айтқандай, мұзарт шыңдары мыңжылдықтарда мұқалмай, жүзжылдықтардың жүрек лүпілін үзбей тыңдап келе жатқан Өр Алтай талай-талай тарланды дүниеге әкелді. Сондықтан Алтайдың тұлғасы қаншалықты асқақ болса, құрсағы да соншалықты құтты.
Арғысын айтпағанның өзінде күні кеше қазақ әдебиетіне Балемер Сахариев, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхандай қарымды қаламгерлерді берген асқаралы Алтай еді. Сол Алтай қазақ халқына еш тарылмастан Әлібек Асқаровтай қанына сия тамған тамаша сөз шеберін тарту етті. Мұндай құбылысқа қуанасың да, марқаясың да.
Әлібек Асқаров – әдебиетіміздің көрнекті өкілі, сырбаз да сыршыл жазушы. Ол шығармашылығының шыңында тыныстап, тұманың тұнығындай кәусар туындыларымен оқырманның рухани шөлін қандырып келе жатқан дарынды қаламгерлердің сойынан. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Екіаша қыстағында дүниеге келді. Маңдайына жазылғандықтан, бала кезден шығармашылықты шиырлап жүрді. Мектеп бітірген соң ауылда киномеханик болды. Күндердің күнінде Алтайын Алатаумен қауыштырсам деген ізгі иниетпен ару Алматыға тартты.
Алматыдағы көркемсурет училищесін, ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірді. Сөйтіп, бояу мен сөзді үндестіре білген қазақтың нағыз суреткеріне айналды.
Дарынды жазушының әр жылдары қаламынан туған «Құтмекен», «Тайга толғауы», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері», «Социализм хикаяты», «Кешегі күннің хикаясы», «Алтай – алтын бесік, ата жұрт», «Көңілдің көк дөнені», «Батқан күннің бояуы», «Алтайда алтын күз еді», «Әдебиет әлемінің әзілдері», «Қойға шапқан қара аю», «Көккөл», «Шанағаты», «Аспантау», «Шабанбай», «Мұзтау», «Қазығұрт», «Қайырымды Үміт мүйісі немесе Жер шетіне саяхат», «Қиғаш хикаясы» сияқты кітаптары қазақ әдебиетінің қазынасын қалыңдатқан бірегей маржан туындылар.
Осыдан елу жылдай бұрын «Құтмекенді» құлшына жазып, шығармашылық жолын жаңа бастаған қалам иесі бүгінгі Өр Алтайдай өз биігін сомдайтынын сол кезде сезбеген де шығар деп ойлайсың. Осы күнгі тұтастай «Әлібектің әлемін» жасау жолында ол қаншама тер төкті, аянбай еңбек етті десеңізші! Сол еңбегі оған төл әдебиетімізге соны тәсіл, тың өрнек әкелдірді, өзіне ғана тән қайталанбас жазу стилін орнықтырды.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Әлібек Асқаровтың шығармашылығы туралы қазақтың не бір аузы дуалы игі жақсылары мен жайсаңдары пікір білдірді. Олардың ішінде көркем тілдің абыздары, ақын-жазушылар Қадыр Мырза-Әлі, Шерхан Мұртаза, Герольд Бельгер, Мұзафар Әлімбаев, әдебиет зеттеушілері – академиктер мен ғылым докторлары Серік Қирабаев, Шериаздан Елеукенов, Сауытбек Абдрахманов, академик-философтар Әбдімәлік Нысанбаев пен Ғарифолла Есім, тарихшы Бүркіт Аяған сынды соқталы тұлғалар бар. Бәрі де көлемді мақалалар жазыпты, монографиялық зерттеулеріне арқау етіпті. Жазушы шығармалары жөнінде тұщымды ой, жақсы пікір білдіріпті. Жазушы еңбектерінің көркемдік әрі мазмұндық құндылықтарына бәрі де жоғары баға беріп, ортақ пайым жасапты.
Мұндай зор бағаға ие болу – қолына қалам ұстаған әрбір қаламгердің арманы, маңдайына бұйырған сирек бақыт дер едік.
Мәселен, Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романы жайында заңғар жазушыларымыздың бірі Шерхан Мұртаза «Лев Толстойдың Қажымұратындағы соқа жырып кеткен түйежапырақтың тамырындай ауылдың жаны сірі, тамыры тереңде. Осы көріністі көркем әдебиеттен көрем деген кісі осы кітапты оқысын», деп оқырманға бағыт сілтейді. Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Әлібек өзінің туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елітіп оқисың. Әйгілі Алтайдың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Әлібек інімнің талантына мен дән риза болдым» деп ағынан жарылады. Академик Серік Қирабаев «Бұл – бір ғажайып лирикалық хикая, жұп-жұмсақ, мөп-мөлдір, адамның сезімін, ойын тереңнен қозғап, құйылып тұрған сыр» екенін бүкпесіз жеткізеді. Айтулы ғалым, қазақтың нағыз зиялысы Шериаздан Елеукенов: «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» – тәуелсіздік кезеңі әдебиетінің шұғылалы шығармасы», – деген салиқалы ой тастайды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов: «Әлібек Асқаровтың маңдайына қазақ сөз өнерінде сафари жанрының ізашары болу жауапкершілігі жазылыпты, осы бақыт қаламгердің тағдырына бұйырыпты. Э.Хэмингуэй, Х.Маккой, Дж.Адамсон, т.б. қаламгерлердің тұнып тұрған таза да тұмса табиғаттың қойнау-қолатында тікелей өзі барып, бәрін өз көзімен көріп, өз таным-түйсігімен ақ қағаздың бетіне төгілдіріп түсірген тамаша жазбаларынан кейін осы жаңа жанрға қалам тартқан Әлібек Асқаровтың осы тақырыптағы шығармалары жыл өткен сайын табиғат-анамыздан алыстатып, жанымызды жүдетіп бара жатқан мына жаһандану дәуірінде айрықша аяулы» деп зерделі ойын айшықтайды.
Әлібек Асқаров қабырғалы қаламгер ғана емес, қажырлы қайраткер.
Бәрін тізіп көрсетпей-ақ, бір-ақ мысал келтірейін. Тәуелсіздік жылдарында ұлт руханияты мен мәдени мұрамызға қатысты 350 мың таралыммен шығарылған 160 том кітап Әлібек Асылбайұлының тікелей үйлестіруімен жарыққа шықты.
Әлібек ағамен, Президент Әкімшілігінде, Мәдениет және ақпарат министрлігінде ол кісі – басшы, мен қосшы, ол кісі – ұстаз, мен шәкірт дәрежесінде біраз жыл қоян-қолтық бірге қызмет атқардық. Кейде ресми құттықтау мәтіндерінде көп қолданылатын «білімді, білікті, тәжірибелі, қажырлы» сықылды сын есімдер құдды бір Әлекеңе арнап айтылған ба деп ойлайсың. Құрғақ мақтау емес, қу сөзден қуырдақ қуыру да емес. Расында да көп біледі, білгенін ешкімнен аяп қалмайды. Төрағамын деп төбеңнен оймайды, бастықпын деп басынбайды. Тапсырманы майдан қыл суырғандай етіп шуақты пейілмен береді. Салиқалықпен жүктелген мұндай міндетті енді сапалы орындамай көр. Ұрысып істеткеннен гөрі, ұялтып істеткеннің жауапкершілігі әлдеқайда зор болатынын әрі нәтижесі мол болатынын сол кісіден үйрендім. Бір сөзбен айтқанда, дегбірсіздікті жаны қаламайтын дегдар жан. Маңайына шарапатын төгіп жүретін мамыражайлығымен қоса, қасындағы әріптестерін қорғауда – діңі берік. Бірде еліміздегі үлкен саяси науқан алдында өңір-өңірге таратылатын үгіт-насихаттық плакаттың мәтініндегі сөзге байланысты дау шықты. Оны бекітіп таратуға пәрмен бергендердің ішінде Әлібек Асқаровпен бірге қазір елеулі лауазымдар атқарып жүрген белгілі тұлғалар бар. Аппараттық тәртіп қатаң. Қалайда жауапты адамдардың біреуіне жаза қолданылып, қызметтен кетуге тиіс. Осы жерде Әлекең ашығын айтты. Жігіттер, мен біраз жылдардан бері үлкенді-кішілі қызметтер атқарып келемін. Ал сендер енді өсіп келе жатырсыңдар. Шығар биіктерің әлі алда. Мен сендердің орта жолда қанаттарыңның қырқылып қалғанын қаламаймын. Сондықтан бәрін өз мойныма аламын. Сендерден сұрайтын болса, бірден маған сілтей беріңдер» деп байлам жасағаны әлі күнге дейін есімізде.
Мұзтаудың мұнарлы шыңдарындай бүгінде жетпіс бестің жоталы биігіне көтерілген осындай қаламгер һәм қайраткер ағамыздың ғибратты ғұмыры ұзақ та ұлағатты даңғылмен жалғаса берсін деп тілейміз.
Қуат БОРАШ