Сурет: yandex.kz
Мамандар жаппай қырылудың себебін қыстың қаталдығымен, қалың қар мен мұздың қатуымен, сондай-ақ күйектен кейін әлсіреген жануарлардың суыққа төтеп бере алмағанымен байланыстырады. Алайда негізгі себеп басқада. Ол – қоныс аудару жолдарының бөгелуі.
Ертеде күн суыта киіктер Бетпақдала мен Қарақұмды бетке алып, оңтүстікке қарай ойысатын. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары түз жануары бұл дәстүрлі қоныс аудару мүмкіндігінен айырылып отыр. Мәселен, Жезқазған мен Бетпақдала арасындағы 418 шақырымдық теміржол бойы толықтай шарбақпен қоршалған. Жаңадан салынған автожолдарда да жануарларға арналған өткелдер (экодуктар) қарастырылмаған. Салдарынан мыңдаған киік діттеген жеріне жете алмай, қақаған аязда қырылып қалды.
Бүгінде елімізде киік саны айтарлықтай өсті. Әуе санағы бойынша Бетпақдала популяциясының өзінде 1,15 миллионнан астам киік бар. Бұл – 2000 жылдардың басында браконьерліктен киік саны небәрі 20 мыңға дейін азайып кеткен жағдаймен салыстырғанда экожүйені қорғаудағы үлкен жетістік. Дегенмен санның артуы жаңа проблемаларды туындатты. Қыста азық таппаған жануарлар ауыл іргесіне келіп, қора жағалауға мәжбүр болды. Бұл киіктің шектен тыс көбейгенінен емес, өрісінің тарылғанынан хабар береді.
Ендігі міндет – киікке табиғи қоныс аудару жолын қайтару. Теміржол мен күре жолдарда арнайы өткелдер салу кезек күттірмейтін мәселе. Менің ұсынысым – ауа райының қолайлы кезеңдерін пайдаланып, киіктерді күйекке дейін Бетпақдалаға қарай өткізуді жыл сайын жүйелі ұйымдастырып отыру қажет. Диқандар мен малшылар егістік пен шабындықты қоримыз деп киікті қырға қарай ығыстырды. Бұл дұрыс емес. Мамандардың айтуынша, қыс қатал болса, киік саны 40–50%-ға дейін кемиді екен. Дегенмен олар асығыс шешім қабылдап, популяцияны жасанды жолмен азайтуға болмайтынын ескертеді.
Киік – қазақ даласының сәні әрі киесі. Оның тағдырына бейжай қарау – болашаққа жасалған қиянат. Ендеше, түз тағысы қырылмасын десек, жергілікті билік жедел қимылдап, олардың еркін көшіп-қонуына жағдай жасауға тиіс.
Мешітбай ОМАРОВ,
Қаражал қаласының құрметті азаматы
Ұлытау облысы