Қаржы • 23 Қаңтар, 2026

Алтын бағасы рекорд жаңартты: Қазақстандағы ахуал қандай?

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

23 қаңтардағы сауда сессиясының ашылуында алтынның құны 4 954 долларға дейін жетіп, тарихтағы ең жоғары көрсеткішті жаңартты, деп хабарлайды Egemen.kz

Алтын бағасы рекорд жаңартты: Қазақстандағы ахуал қандай?

Дональд Трамптың Еуропалық одақтастарға қатысты импорттық баж салығын енгізбеу туралы мәлімдемесіне қарамастан, бағалы металдың қарқыны басылар емес. Сарапшылардың пайымынша, бұл шешім Гренландияға қатысты рамалық келісіммен байланысты. Аталған келісімнің егжей-тегжейі әлі толық жарияланған жоқ. Дания билігі аралдың егемендігі мәселесі талқыланбағанын мәлімдеді.

Алтынмен қатар күміс (96,5 доллар) пен платина (2 601 доллар) да өз рекордтарын жаңартты.

Ұлттық банктің 22 қаңтардағы ресми деректеріне сәйкес, Қазақстанда 1 грамм алтынның бағасы 79 185,42 теңгені құрайды. 9 қаңтардан бері алтынның 1 граммы шамамен 6 700 теңгеге қымбаттаған.

Елімізде алтынның бағасы қымбаттады

2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттеріне жалпы салмағы 438,4 келіні құрайтын 8 302 өлшемді алтын құймасын сатты. Сату көлемінің басым бөлігі Алматыға (71%), Астанаға (7%) және Қарағанды облысына (6%) тиесілі. Халық арасында ең көп сұранысқа ие құйма – 10 граммдық алтын, оның үлесі жалпы сатылымның 26%-ын құрайды.

Ұлттық банктің мәліметінше, алтын құймалары – инвестициялаудың сенімді құралы. 

Goldman Sachs пен J.P. Morgan секілді әлемдік қаржы алпауыттары алтынның бағасы 2026 жылдың соңына қарай унциясына 5000 – 5400 долларға дейін жетеді деп болжап отыр.

Бүгінгі теңге бағамы қандай?

Соңғы жаңалықтар