Шахмат • 24 Қаңтар, 2026

Бибісара бесінші орында

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нидерландтың Вейк-ан-Зее қала­сында өтіп жатқан шахмат фестивалінде Бибісара Асаубаева үздіктерден қалыспай келеді.

Бибісара бесінші орында

Тұсаукесер кездесуінде аме­ри­калық Энди Вудфорды ұт­қан Асаубаева одан кейін әзер­бай­жандық Айдын Сулейманлы, арген­тиналық Фаустино Ора, испаниялық Даниил Юффамен ұпай бөлісті. Бесінші турда Василий Иванчукпен кездесті. Кеңес дәуірінде өзін түбегейлі мойындатып, командалық есепте әлем чемпио­ны атанып, төрт бірдей Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында топ жарып, әлем чемпионатының финалисі, Еуропа чемпио­ны, рапид пен блицтен әлем чемпионы атанған 56 жастағы Украинаның майталманымен Бибісара тең ойнады.

Қазір жарыс кестесінде жеке-дара көш бас­тап тұрған ешкім жоқ. Үш ойыншы үзеңгі қағыстырып келеді. Олар – Айдын Сулейманлы, Фаустино Ора, Энди Вудфорд. Әрқайсысының қоржынында 4 ұпайдан бар. 3,5 ұпайы бар Маурицци төртінші орында. Ал Б.Асаубаева үш ұпаймен бесінші сатыға табан тіреді.

Қызғалдақтар еліндегі жарыста барлығы 14 шахматшы бақ сынап жатыр. Олардың тоғызының рейтингісі Бибісарадан жоғары. Соған қарамастан Асаубаева мықтылармен тең дәрежеде айқасады. Фестиваль 1 ақпанда мәреге жетеді.

Соңғы жаңалықтар