Сурет: infonews.kz
Бұған дейін ауылдағы екі пәтерлі тұрғын үйдің бейімделген тар бөлмесін паналап келген медициналық пункт енді еңселі ғимаратқа көшті. Жаңа нысанның жалпы аумағы – 196,4 шаршы метр. Бұл – медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне, ауыл тұрғындарының сапалы ем қабылдауына жасалған қолайлы жағдай.
Жаңа ғимарат материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген. Процедуралық кабинет соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, өкпенің тыныс алу функциясын тексеретін спирометр, жүрек қызметін бақылайтын кардиограф, тыныс жолдары мен құлақ ауруларын емдеуге арналған кварц шамдары орнатылған. Сонымен қатар науқастар қажеттілігіне қарай магнит өрісімен емдеу, небулайзер аппараты арқылы ингаляциялық шаралар жүргізіледі.
Қазір Ивановка ауылында тұрақты қызмет ететін бір медбике 500-ден астам тұрғынға, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 114 балаға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Ал дәрігер арнайы кестеге сай, Алтай ауылындағы амбулаториядан аптасына бір рет келіп, қабылдау жүргізеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл нысан – ауылдық жердегі медицина сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір парасы ғана. Жалпы, 2024–2025 жылдары өңірде аталған бағдарлама аясында 30 жаңа медициналық нысан салынған. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 4 млрд 800 млн теңге қаражат жұмсалған. Нәтижесінде, облыс бойынша 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 23 медициналық пункт пайдалануға берілді. Осы игі істің игілігімен ауылдық жердегі 15 мыңнан астам тұрғын сапалы медициналық қызметпен қамтылып отыр.
Павлодар облысы