Жөндеу жұмысымен қатар тағылым ордасындағы бірқатар экспозиция толыға түскен. Көрерменге бұрыннан таныс отандық және әлемдік өнер жауһарларымен бірге жаңа бөлімдер ұсынылды. Атап айтсақ, график-суретші Евгений Сидоркиннің шығармалар көрмесі, «Қазақ өнеріндегі әйел бейнесі» экспозициясы, еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі өнер бөлімі, сондай-ақ ХХ ғасырдың соңы – ХХІ ғасырдың басындағы шетелдік өнердің жаңа туындыларына арналған бөлім бар. Нәтижесінде, елдегі басты көркем галерея заманауи халықаралық стандарттарға сай, халықаралық деңгейдегі көрме жобаларын іске асыруға толық дайын екені айтылды.
Өнер ордасының қайта ашылуы музейдің 90 жылдығы мен 1976 жылдан бері орналасқан ғимараттың 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңғырту жобасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан.
«Музей келушілерді жаңартылған кеңістікте тың экспозицияларымен қарсы алады. Залдардың жаңа түстік шешімі бұрыннан таныс экспонаттарды жаңа қырынан қабылдауға мүмкіндік бермек. Алдағы уақытта да түрлі жобалар мен көрмелерді, мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, шабыт сыйлап, диалог пен шығармашылыққа арналған орталық ретіндегі қызметімізді жалғастыратын боламыз», дейді Ә.Қастеев музейінің баспасөз қызметі.
Тарихы тереңде жатқан тағылым ордасы тәуелсіздік жылдарында сапалы даму кезеңіне аяқ басты. Бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталығы ретінде елдегі ең бағалы үздік көркемөнер топтамасына ие. Оның бірегей коллекциясында 26 мыңнан астам экспонат бар. Музейде бейнелеу өнері шеберлерінің шығармашылық мұрасымен қатар, ел мәдениеті мен тарихындағы ең маңызды кезеңдер айшықталған.
Мұнда қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің қазіргі заманғы шығармалары мен отандық өнер классиктері Қанафия Телжанов пен Айша Ғалымбаеваның, Гүлфайрус Исмаилова мен Евгений Сидоркиннің, Салихитдин Айтбаев пен Сабыр Мәмбеевтің, Жанатай Шәрденов пен Сергей Калмыковтың бірегей қолтаңбасы сақталған. Отандық кескіндемеден өзге орыс және Батыс Еуропа кескіндемелерінің бірегей туындыларын, Шығыс елдерінің өнері мен қолданбалы сәндік шеберліктің үздік үлгілерін музей төрінде тұр.
Тұрақты экспозициялар заманауи талаптарға сай жабдықталып, уақыт бедеріне сай цифрлық шешімдер де көрініс таба бастаған. Экспозицияларға тікелей жарық беру, мамандандырылған аспалы жабдықтау, мульти-экспликацияларды орнату және QR-ақпараттық сүйемелдеу сынды заманауи технологиялар дәстүр мен инновациялардың үйлесімімен қойылды.
АЛМАТЫ