«Үнді көрерменіне қазақ әндерінің, оның ішінде Абайдың, Тәттімбеттің, қазақ классикалық шығармаларының орындалуы үлкен әсер қалдырды. Мұндай концерттік бағдарламалар екі ел арасындағы бірінші кезекте мәдени дипломатияны одан әрі нығайтуға септігін тигізеді», деді Үндістандағы Қазақстан елшілігінің дипломаты Қайрат Нұрмолда.
Үнді жұрты мен шетелден барған қонақтар қазақтың классикалық музыкасымен танысып, дәстүрлі билерін тамашалады. Сахна төрінде Абайдың әндері шырқалып, Құрманғазының күйлері тартылды. Бағдарлама аясында біздің өнерпаздар үндістандық көрнекті музыканттар – Лакшминараяна Субраманиам және Кавита Кришнамуртимен бірлесіп өнер көрсетті.
«Концертте атақты композитор Субраманиаммен, дирижер Абзал Мирасбекұлымен, композитормен жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе. Осы елде Қазақстанның атағын шығарып, намысын қорғау біз үшін зор құрмет», дейді Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы «Гәкку» би ансамблінің солисі Гүлдана Шоқпарова.
Аталған жоба қазақ-үнді мәдени дипломатиясының жарқын үлгісін көрсетіп, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық мәдени беделін арттыруға ықпал етті. Бұған дейін концерттік бағдарламалар Калькутта, Дели, Чандигарх қалаларында ұсынылды. Гастрольдік сапар Бангалор қаласында жалғасады.