Экономика • 27 Қаңтар, 2026

Авиаотын нарығында делдалдар азайды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халықаралық әуехабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасы азаматтық авиация саласын жүйелі жаңғыртуды талап етті. Осы бағытта Әуежай инфрақұрылымын дамыту, авиаотынмен үздіксіз қамтамасыз ету, баға қолжетімділігін арттыру мен бәсекелі орта қалыптастыру бойынша кешенді шаралар қолға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Авиаотын нарығында делдалдар азайды

фото: istockphoto.com

Кешенді шара нәтижесінде еліміздің ірі әуежайларында авиациялық керосинді жеткізу мен өткізу жүйесі оңтайланып, халықаралық маршруттар желісін кеңейтуге мүмкіндік туындады.

Биыл ұлттық компания «ҚазМұнайГаз – Аэро» Алматы мен Астана әуежайларында «қанатқа құю» тәсілі бойынша әуе компанияларын делдалсыз тікелей жанармаймен қамту ісін бастады. Бұл шешім Көлік және Энергетика министрліктерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қабылданып, әуе тасымалдаушыларына инфрақұрылымға тікелей шығуды қамтамасыз етті.

Қабылданған шара бағаның тұрақтануына ықпал етіп, бүгінде еліміздегі әуежайларда әуе керосинін өткізу құны тоннасына 1 000 доллардан аспай отыр. Жаңартылған тарифпен Turkish Airlines, Fly Dubai, Air Cairo, Somon Air, AJet, Pegasus Airlines, Red Sea Airlines, One Air, Hungary Airlines пен Fly Meta сынды шетелдік тасымалдаушылар қамтамасыз етілді. Компания алдағы кезеңде тікелей құю көлемін ұлғайтып, нарықтағы бағаның кезең-кезеңімен одан әрі төмендеуін жоспарлап отыр. Айталық, отандық әуе компаниялары қызмет көрсететін көрші елдерде керосин құны тоннасына 1200-1300 доллар деңгейінде.

Шымкент әуежайы авиаотын бағасын қолдан өсірген

Бұдан бөлек, «ашық аспан» режимінің кеңейтілуі де өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде еліміздің 17 әуежайында пайдаланылып отырған бұл ірежим шетелдік әуе компанияларына бесінші дәрежеге дейінгі әуе еркіндігін иеленуге мүмкіндік береді. Мұндай талап өңірлік авиация нарығындағы бәсекені арттырып, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге жол ашады.

Азаматтық авиацияны сапалы әрі тұрақты отынмен қамтамасыз ету ісінде мемлекеттік органдар да маңызды қадам жасады. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өткен жылғы 13 қарашадағы тапсырмасына сәйкес импорттық авиаотынға қатысты нормативтік-құқықтық база жаңартылды. Соның аясында жуырда Көлік министрінің жаңа бұйрығы қабылданып, биылғы 22 қаңтарда Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Құжат 6 ақпаннан бастап күшіне енеді.

Жаңа өзгерістер импортталатын авиаотынның маркалары мен стандарттары тізбесін кеңейтуді көздейді. Нәтижесінде елімізде халықаралық талаптарға сай Jet A-1 стандарты бойынша керосин пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Бұл баламалы жеткізу бағыттарын ашып, нарықтағы тәуекелді төмендетеді. Қазірдің өзінде алғашқы 500 тонна авиаотын жеткізілсе, ақпан айында тағы 1 000 тонна келуі жоспарланып отыр.

Жылына 54 мың тонна авиаотын өндіре аламыз ба?

Жалпы, қабылданған шаралар авиаотын нарығында реттеудің икемділігін арттырып, бәсекелі ортаны күшейтуге, энергия көздерінің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Инфрақұрылымның жаңғыруы, баға саясатының тұрақтануы мен стандарттардың заманауи талаптарға сай жетілдірілуі еліміздің өңірлік авиациялық хабқа айналу міндетіне қызмет етеді.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы авиациялық ынтымақтастық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілді

Соңғы жаңалықтар

Хандарды қашап сомдаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:40

Басым бағыттар айқындалды

Саясат • Бүгін, 09:20

Басылым бәсі артса игі

Басылым • Бүгін, 09:10

Кен орнындағы рекордтық көрсеткіш

Пайдалы қазбалар • Бүгін, 09:00

Ұлттың рухани темірқазығы

Басылым • Бүгін, 08:55