Сурет: baq.kz
Бүгінде ұлттық жобаға қатысуға коммуналдық кәсіпорындар тарапынан жоғары қызығушылық байқалады. Осы күнге дейін 101 кәсіпорын 439 жобаны жүзеге асыруға өтінім берсе, 34 жоба жүзеге асырылып жатыр, тағы 65 жоба басталмақ. Вице-премьер сәуір-мамыр айларында жөндеу жұмыстарының белсенді кезеңіне өтуіне байланысты техникалық оператормен бірлесіп, Ұлттық жобаның жоспар-кестесінің орындалуына мониторинг жүргізіп, бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Жоспар-кестеде желілердің параметрлерін, әр өңірде инфрақұрылым бағытымен қаржыландыру мөлшері, нақты міндеттер мен көрсеткіштер жазылған. Биыл біз жылумен жабдықтауда тозу деңгейін 48%-ға дейін, электрмен жабдықтауда 62%-ға дейін, сумен жабдықтауда 37%-ға дейін, су бұруда 49%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу да маңызды. Сондықтан жоспар-кестені қатаң сақтауға тиіспіз», деді Қанат Бозымбаев.
Өңір әкімдіктеріне «қызыл аймақта» тұрған кәсіпорындармен жұмысты жеделдетуді тапсырды. Қазір ұлттық жобаға шамамен 54 осындай субъект кіреді.
Отырыс барысында кәріздік-тазарту құрылыстарын (КТҚ) жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Ұлттық жоба аясында 36 КТҚ қамтылған. Оларды қаржыландыру тетіктері талқыланды. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздары есебінен де, халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарту арқылы да түйткілді шешу маңызды. КТҚ жобаларын жүзеге асыру үшін, оның ішінде Дүниежүзілік банкпен жұмыс бағыттарын қамтитын Жол картасы бекітіледі. Әкімдіктерге, техникалық және қаржылық операторларға тиісті тапсырмалар берілді.
Қанат Бозымбаев Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылатын барлық шаруаны уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің дерегінше жалпы құны 148 млрд теңге болатын 76 жоба қаралды.
Ұлттық жоба аясындағы негізгі кредиторлардың бірі – Қазақстанның Даму банкі. Банктік сараптаманың әртүрлі кезеңдерінде 14 коммуналдық кәсіпорынның жалпы жобалық құны шамамен 375 млрд теңгені құрайтын кредиттік өтінімдері қаралуда. Қаржыландырудың тағы бір көзі – мемлекеттік бағалы қағаздар. Былтыр 15 жобаны жүзеге асыру үшін 29,3 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды. Биыл осы жобаларды аяқтауға қосымша 26 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Ұлттық жобаны үздіксіз жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер сатып алулар бойынша электрондық платформаны жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ салалық ведомстволарға есепке алу құрылғыларына қатысты бірыңғай стандарттарды қабылдауды жеделдетуді жүктеді. Сонымен қатар биыл жазда іске қосылады деп жоспарланған «Smart Turmys» ақпараттық жүйесін уақытында енгізуді тапсырды.