Саясат • Кеше

Маңызды өзгерістер мен толықтырулар талқыланды

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төртінші отырысы өтті. Онда Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды.

Маңызды өзгерістер мен толықтырулар талқыланды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Түзетулер Ата заң мәтінінің 84%-ын қамтиды

Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен барлық ұсыныстың негізінде әзірленген. Б.Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім мен 104 бап бар. «Халық кеңесі» мен «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.

«Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі мұқият ақылға салынған қадам. Олар тұжы­рымдамалық тәсілдерді өзгер­тіп, құ­қықтық дәлдікті нығайтып, Конститу­ция­ның сапасын арттырады», деп атап өтті Конституциялық комиссияның мүшесі. 

Бас құжат аңдатуы толықтай жаңарады

Конституцияның аңдатуы – преамбула­сы толық жаңартылып, ұлттық құндылықтар мен қазіргі заманның талаптарын ескере отырып қайта жазылған. Б.Нұрмұхановтың айтуынша, мұнда Конституцияны қабыл­дау­дың негізгі мақсаттары, қағидат­тары, құндылықтары мен себептері бекітілген. Сондай-ақ қоғамдық бағдарды анықтайтын мемлекет­тің миссиясы, тарихи контекст пен мәдени ерекшеліктер көрініс табады. Жалпы алғанда, Преамбула қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқындайды.

«Жобада мемлекеттің мәртебесі анық­талған – Қазақстан Республикасы демо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, ал оның ең жоға­ры құндылықтары – адам, оның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары ретінде танылған», деп атап өтті Б.Нұрмұханов.

Жалпы, ол «Конституциялық құры­лым негіздері» бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын, еліміздің егемендігін, аумақтық тұтастығы мен басқа да маңызды қағидаттарды бекітетін негізгі ережелер көр­сетілетінін атап өтті. Сонымен қатар би­лікті бөлу қағидаты туралы норма жаңаша тұжырымдалып, елдің қолданыс­тағы құқық мәселелеріне арналған консти­ту­циялық ережелер нақтыланған.

Б.Нұрмұханов қазіргі замандағы мәсе­лелерді ескере отырып, қоғамдық бір­лес­тіктердің қызметі мен олардың мем­ле­кетпен өзара іс-қимылын реттейтін консти­туциялық ережелердің де қайта қарал­ғанын атап өтті. «Мемлекет пен діннің, мемлекеттік рәміздердің және басқалардың өзара іс-қимылын реттейтін ережелер жетілдіріліп жатыр», деп атап өтті ол. 

Неке мен отбасы құндылықтары күшейтіледі

Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құ­қықтарын қорғау мен сот билігінің тәуел­сіз­дігіне қатысты нормалары айтар­лық­тай күшейтіледі. Жоба таныстырылымында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Б.Нұрмұханов ұсынылған өзгерістердің басты тұстарына ерекше тоқталып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімнің жаңа атауы қарас­тырылған мәселелерді толық қам­ти­тынын атап өтті.

Бұл ретте ұсынылған новеллалар адам­ның ең жоғары құндылық екені туралы қағидатқа сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру мен қорғау кепілдіктерін күшейтіп, толықтырады.

«Бұл өмір сүру құқығын абсолют­тік дәрежеге көтеру, адамға бағдарлан­ған саясат, адамның жеке басына қол сұғыл­маушылық пен «Миранда ереже­сінің», цифрлық дәуірде жеке мәлімет­терді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз», деді ол.

Сонымен қатар қазір Конституцияның 7-бөліміндегі сот әділдігі қағидаты ретінде қарастырылып отырған кейбір нормалардың адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде осы бөлімге көшіріліп, жеке бапқа біріктірілетінін айтты. «Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік құқығына жаңа мән-мағына беріліп, демократиялық, құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуының маңызды шарты саналатын зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерінің бөлек түрлері белгіленді», деп атап өтті.

Б.Нұрмұхановтың сөзінше, Консти­ту­цияда неке мен отбасы құндылық­тарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қор­ғау міндеттемелері күшейтіледі. «Аты өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құ­қық қорғау тетіктері» бөлімінде айтар­лық­тай өзгерістер бар. Оған сот ісін жүр­гізу нысандарын кеңейтуге, әділдік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағи­дат­тарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйе­сін­дегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәсе­лелері бойынша маңызды түзетулер кіреді», деді.

Сондай-ақ ол Конституциялық комиссия мүшелерінің назарын адвокатураның құқықтық мәртебесін бекітетін жеке бап­тың қарастырылғанына аударды. «Конс­титуцияға өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім Ата заңның мәтінін ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Халық кеңесі азаматтар мүддесін білдіреді

Конституциялық комиссия мүшелері Ата заңның негізгі бөлімдеріне түзетулерді дайындау кезінде ауқымды жұмыс атқар­ды. Атап айтқанда, ел Парламентінің өкі­лет­тіктері мен рәсімдеріне айтарлықтай ре­визия жүргізілді. «Президент» бөлімінің ережелері, яғни президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен, басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шы­ғару функциялары тұжырымдамалық тұрғы­дан қайта қаралды.

Б.Нұрмұхановтың айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу аясында «Құрылтай» бөліміне кең ауқымды түзету­лер жобасы дайындалды. Атап айтқан­да, екі палаталы Парламент пен оның осындай жүйедегі қызметі туралы ережелер алынып тасталды.

«Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Құрылтайдың сессиялары мен қызметін ұйымдастыруға қатысты барлық бап жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъек­ті­лердің тізімі кеңейтілді. Құрылтай қабыл­даған заңдармен реттелетін негізгі қоғам­дық қатынастардың тізімі де кеңей­тілд­і. Заң жобаларын қарау мен қабылдау рәсім­­дерін реттейтін ережелер қайта қарал­ды», деді Конституциялық сот төраға­сының орынбасары.

Б.Нұрмұханов атап өткендей, ел азаматтары арасынан құрылған Қазақстанның Халық кеңесіне қатысты ережелер жеке бөлімде шоғырланған. Сондай-ақ жаңа жоғары кеңес органы ел халқының мүд­делерін білдіру мен заң шығару бастамасы құқығына ие болатыны бекітіледі.

Сонымен қатар салалық конституция­лық заңда көрсетілген Конституциялық соттың құқықтық мәртебесі туралы ережелер де Конституция жобасына енгізілді. «Конституциялық қадағалауды жүзеге асыратын, бүкіл ел бойынша Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі мәртебесін бекітеді», деп атап өтті Б.Нұрмұханов. 

Аумақтық тұтастық туралы норма өзгерген жоқ

Конституцияға белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режім енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін қарас­тыратын норманы енгізу ұсынылып жатыр. Б.Нұрмұхановтың айтуынша, бұл Астана халықаралық қаржы орта­лы­ғының қызметі мен Алатау қаласын дамы­туға қатысты. Аталған шаралар рес­публиканың тиімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл ретте, Б.Нұрмұханов ұсынылып отырған норманы Конституцияның негізгі ережелерімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігін атап өтті. Аталған ережелерге сәйкес, елдің әкімшілік-аумақтық құры­лымы тек қана конституциялық заңмен анықталады.

«Мемлекеттің біртұтастығы, ел аумағы­ның тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзге­ріссіз қалады», деп атап өтті Конститу­ция­лық сот төрағасының орынбасары.

Жалпы отырыс соңында Конститу­ция­лық сот төрағасы Эльвира Әзімова комис­сияның келесі отырысы 29 қаңтар­да, яғни бүгін өтетінін хабарлады. Комис­сия мүшелері Ата заңға енгізілетін өзгеріс­тер­ді топтық жұмыс аясында одан әрі талқылады. 

Соңғы жаңалықтар