Саясат • Кеше

Адал қызмет пен табанды еңбек нәтиже береді

20 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы­лық мониторинг агентті­гін­де жиын өткізді. Алдымен сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Прези­дент­тің айтуын­ша, осыдан бес жыл бұрын, ел ішінде ауқымды өз­геріс­­тер қолға алынып жат­қан тарихи кезеңде құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен орындап келеді.

Адал қызмет пен табанды еңбек нәтиже береді

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

– Жалпы, осындай қысқа мер­зім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгін­де Қаржылық мониторинг агент­тігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйе­сінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қыз­мет­тің нәтижесі деуге болады. Агент­тік қызметкерлеріне риза­шы­лығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі, алдымызда биік мақсаттар мен ауқым­ды жұмыс бар. Әсіресе қазір өте қарқынды дамып жатқан цифр­лық технология мен жасанды интел­лект дәуірінде жұмысқа түбегей­лі жаңа көзқараспен қарау мін­деті тұр. Бұл мәселе туралы «Turkistan» газетіне берген сұх­батымда және Ұлттық құрыл­тай отырысында анық айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқық қорғау меке­мелері, соның ішінде Қаржы­лық мониторинг агенттігі техно­логиялық тұрғыдан артта қалып қойса, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін деп санайды.

– Цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллект жүйесін Агенттік қызметіне жаппай енгізу – кезек күттірмейтін аса маңыз­ды міндет. Онсыз тиімді жұмыс болмайтыны анық. Қазір күш­тік құрылымдар мен қыл­мыс әлемінің арасындағы күрес тех­но­логиялық тұрғыдан мүлде бас­қа сипатқа ие болды. Қарақ­шылар, яғни қылмыскерлер жасан­­ды интеллектіні белсенді пай­­да­­­ла­натын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Құқық қор­ғау мекеме­лері, соның ішінде Қар­жы­лық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, заман талабына сай озық болу үшін, ең алдымен, дұрыс шешім қабылдап, тиімді әрекет етуіміз керек. Құқық қорғау органдары тиянақты, белсенді жұмыс істеп, озық цифрлық шешімдер арқы­лы елдегі өзгерістердің жедел және сапалы іске асуына септігін тигізуі мүмкін. Бұл ауқымды эконо­микалық жаңғыру жолына бет бұрған еліміз үшін өте маңыз­ды қадам болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қаржысын жымқыратын алаяқ­тармен күрестің маңызды­лығына да тоқталды.

– Біз елімізді дамытуға арнал­ған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік сала­ға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тос­қауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізіп жатыр. Түп­теп келгенде, көлеңкелі эко­номи­камен үзілді-кесілді күре­су керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңыз­ды міндет. Қаржылық мони­то­ринг қыз­меті­нің алдында тұр­ған мін­дет белгі­лі: бұл – мемлекет қар­жы­сы­ның тек қана ел игілі­­гіне жұм­салуын қадағалау. Осы маңыз­ды мін­деттің сапалы іске асуы сіз­дер­­дің қыз­меттері­ңіз­ге тікелей бай­ланысты, – деді Президент.

Президент мемлекет Агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын атап өтті.

– Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген на­ғыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек. Әрине, нақ­ты жетістіктер де бар. Халықаралық ын­ты­мақтастық нығайып келеді. Елі­міз «Financial Action Task Force» ұйы­мы­ның тек­серісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жыл­­дан бері «Эгмонт» тобының қар­жы­лық барлау бірлестігінде Еуразия айма­ғы­ның мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ап

Мемлекет басшысы елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлім­шесі ашыл­ғанын тілге тиек етті. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Қ.Тоқаевтың айтуынша, былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді.

– Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталып, 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз, – деді Президент.

Осылай дей келе Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Мен жақында «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы заңға қол қойдым. Бұл заңға сәйкес Агенттік алғаш рет экономикалық қылмыстың алдын алумен айналысатын толыққанды құрылым ретінде көрсетілді. Осыған орай, қылмыстың алдын алуға қажетті жаңа әрі тиімді шаралар қажет. Көп жағдайда келтірілген залалды өтеу мәселесі оң шешімін таппай жатады. Сол себепті, қылмыстың салдарын емес, себебін анықтап, онымен күресу маңыздырақ. 2023 жылы шығын көлемі 325 миллиард теңгеге бағаланды. Оның 53 миллиард теңгесі немесе шамамен 16,5 пайызы қайтарылды; 2024 жылы шығын көлемі 4,4 триллион теңгеге бағаланды. Оның 236 миллиард теңгесі немесе 5,5 пайызы қайтарылды; 2025 жылы шығын көлемі 135 миллиард теңгені құраған, яғни айтарлықтай азайған. Оның 20 миллиард теңгесі немесе 15 пайызға жуығы қайтарылған. Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болу үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді. Сол арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Осы ақпараттық жүйенің аясын кеңейте түсу қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, алдымен әлеуметтік салада қалыптас­қан қаржылық жағдайды ретке келтіру керек. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт бола­шағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс екенін ерекше атап өтті Президент.

– Осыған дейін де айтып өттім, жалпы әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес. Қаржы операцияларына мониторинг жүргізу кезінде нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заманауи тәсілдерді ұтымды пайдалану қажет. Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. «Шаш ал десе, бас алып», шектен шығуға болмайды. Қайталап айтамын: Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше, экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау. Бұл ретте цифрлық жұмыс тәсілдері ауа­дай қажет. Бірақ жасанды интеллек­тіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқай­мын. Яғни адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйреніп жатыр, – деп атап өтіп, Мемлекет басшысы мұның салдары ауыр болатынын да ескертті.

Осыған сәйкес, Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап ететінін айтты.

Президенттің айтуынша, мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды.

– Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отан­шылдықты дұрыс түсіне білгеніміз жөн. Мен мұны Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншыл­дықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекет­тің әлеуметтік міндеттемелеріне қатыс­ты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпарат­тық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Агенттіктің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды.

– Бизнестің дамуын тежейтін кедер­гілерді жою керек. Бұл бағытта біраз жылдан бері жүйелі жұмыс жүр­гізіліп келеді. Бірақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, жекелеген бизнес өкілдерінен әлі де арыз-шағым түсіп жатыр. Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қыл­мыспен пара-пар екенін түсінуге тиіс. Бұл, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты. Маған аймақ­тарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, осындай істердің салдарынан кәсіп­керлер шығынға ұшырап, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қарау қажет екенін айтты Президент.

– Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек. Кәсіпкерлер де заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттің оң көзқарасы мен қорғауын пайдаланып, салықтан жалтаруға, алаяқтық схемалар жасауға болмайды. Алаяқтыққа мүлдем жол бермейміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресті жандандыру мәселесіне де тоқталды.

– Жаңа салық саясаты күшіне енгелі бері нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер келіп түсті. Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады. Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді. Кірісті жылыстату және капиталды астыртын криптооперациялар арқылы заңсыз шығару проблемаға айналды. Бүгінге дейін 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды. Осы істердің аясында 2,6 миллиард теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек, мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан «көш бас­тап тұрған мемлекеттердің» бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін, – деді Президент.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін айтты.

– Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауап­кершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек деп мәлімдеді. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, Президент қолдайтынын айтты.

– Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді, – деп Президент мәселенің мәнісін түсіндірді.

Мемлекет басшысы есірткі бизнесімен күресті күшейтуді де талап етті.

– Өкінішке қарай, қазір есірткі сауда­сынан түскен табысты тексеру жұ­мысының тиімділігі төмен. Қылмыс­керлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайта­рылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заң­дастыруына қатысты жазаны күшей­ту керек. Бұл қадам халықаралық стандарт­тарға толық сай келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

– Сіздерге жүктелетін жауапкер­шілік – өте жоғары. Агенттік Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік қызметімен, Ішкі істер министрлігі секілді басқа да құқық қорғау органдарымен үйлесімді әрекет етуі керек. Олар да Қаржылық мониторинг агент­тігі­не қолдау көрсетуге тиіс. Құзырет­тік міндеттердің қайталануы, жөн-жосықсыз бәсеке, бақталастық мемлекет мүддесіне зардабын тигізеді. Әлемде стратегиялық белгісіздік белең алған қазіргідей жағдайда бұл өте қауіпті. Ұлттық мүддемізге зиян келтіруге жол беруге болмайды. Үнемі айтамын: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Мұны баршамыз, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері әрдайым есте ұстауы керек. Әр қызметкер, ең алдымен, адал азамат және мықты маман болуға тиіс. Ар тазалығын сақтау, Отан алдындағы антқа берік болу – парыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – көпшілікке қарата айтылған ұран емес, бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір адамның өзінен басталуға тиіс саналы қадам. Біз Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды өзгерістердің келесі – шешуші кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформаны қолға алдық, бүгінде Комиссия белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Барлық ұсыныс мұқият сарапталады, түзетулердің жобасы әзірленеді. Халық бұл жобамен танысып, референдумда түбегейлі шешім қабылдайды. Осылайша, елімізде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптасады. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыстың қарқынмен жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов ведомствоның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары жөнінде баяндама жасады.

Бұдан соң Президент қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін Қаржы­лық мониторинг агенттігінің бір топ қызметкерін мемлекеттік наградамен марапаттады. 

Соңғы жаңалықтар