Дәстүр мен заманауи стиль үйлесімі
Қазіргі жас креаторлардың басты ерекшелігі сол, олар ескі мен жаңаны шебер тоғыстыра алады. Ұлттық образ, әуен не құндылықтар шығармашылық тәсілмен әрленіп, қазақ мәдениетінің бейнесін өзгеше формада ұсынып отыр. Бұл үрдіс төл бірегейлігімізді әлсіретпей, керісінше оны заман ағымына сай жаңа деңгейге көтерді десе болады.
«Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды. Кино саласы да дамып жатыр. Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз», деді Президент.

Раушан Әнуарбекова «Әлемді таңғалдырған әжелер» жобасымен ақжаулықты апа-аналарымыздың бейнесін заманауи форматта көрсетіп жүр. Дизайнер ретінде ол әжелер мен қыз-келіншектерге дәстүрлі ою-өрнегі бар, бірақ заманауи сән үлгілеріне сай киім-кешек тігіп, оларды шетелде фэшн апталықтарда ұсынады. Осылайша, ұлттық болмысымызды, мәдениетімізді әлемдік сән индустриясына енгізіп, халықаралық сахнада танылуына үлес қосып жүр.
«Әлеуметтік желілер арқылы басқа елдердегі замандастарымнан жылы пікірлер естіп жүрмін. Кейбір видеоларым мен фотожобаларым халықаралық аудиторияны қамтып үлгерді. Миллиондаған қаралым жинағандары да жетерлік. Бұл ұлттық бірегейлік тақырыбы әлемге қызық екенін аңғартады. Ең бастысы – идея шынайы болса, ол міндетті түрде өз көрерменін табатыны сөзсіз. Көп адамға ой салады, шабыт береді. Өзге де шығармашыл жастарға идеясынан қорықпауға түрткі болады деп сенемін. Кейінгі жылдары еліміздегі креативті индустрияның аяқ алысы жаман емес. Әсіресе өңірлерде ашылған креативті хабтар – өте қажет нәрсе. Мұнда азаматтар бір-бірімен танысады, идея алмасады, бірлесіп жобалар жасайды», дей келе Раушан ұзақмерзімді бастамалар көбірек керек екенін айтып қалды.
Оның сөзінше, қазір түрлі стартап пен жобалар жұмыс орындарын ашып, елдің мәдени ғана емес, экономикалық әлеуетін де арттыруға үлес қосып жатыр. Алайда авторлық жобаларды тұрақты түрде дамытуға арналған жүйелі қолдау әлі де кемшін.
«Әсіресе өңірлердегі дизайнерлерге арналған гранттар мен мүмкіндіктер көбейсе игі. Бұл бастамалар ұзақмерзімді, нақты нәтижеге бағытталған болса, тіптен жақсы. Сонда бөлінген қаражаттың қайтарымы болады. Оның үстіне, авторлық еңбек әлі де толық қорғалып отырған жоқ. Кейде идеяларды көшіріп алады, ал оны дәлелдеу қиын. Меніңше, уақыт өте келе бұл бағытта да заң тұрғысынан болсын, ақпараттық түсіндіру жұмысы жандана түседі деп ойлаймын. Бір қуантарлығы, қазір жаһандық мәдениетпен еркін байланыс бар. Яғни таңданатын емес, тамсанатын күйдеміз. Кей шығармашылық өнімдерге орынды сынды да айта аламыз», деді дизайнер.

Жанкештілікті талап ететін өнер
Темірдің бабын тауып, көрігін қыздырған ұста Ертай Сәрсенов ата-бабадан жалғасқан зергерлікті бүгінгі заман талабына сай жаңғыртып жүр. Оның қолынан шыққан әр бұйымда қазақы дүниетаным, нәзік талғам мен терең мағына үйлесім тапқан. Ол тек зергерлік бұйым жасаумен ғана шектелмей, шәкірт тәрбиелеп, ұлттық қолөнердің қадір-қасиетін дәріптеп, жас буынды төл мұраға құрметпен қарауға баулиды.
«Әкем де темірден түйін түйген шебер. Бала кезімде технология пәнінен сабақ беретін оның артынан бір елі қалмай, еріп жүріп, шеберханада дәнекерлеу, станокта темір жону сынды шаруаларды үйрендім. Кейін ата кәсіпті жалғаймын деп, мектеп бітірген шақта ойланбастан Алматыдағы Қазақ педагогикалық университетінің көркемсурет факультетіне оқуға түстім. Мұнда қазақтың маңдайына біткен аңыз адамдар дәріс оқиды. Қобызды жасауға деген қызығушылығым дәл осы тұста, студент кезімде ашылды. Сол кезеңдерде төл мәдениетімізді, мұхит асып АҚШ-тан келген ғалымдардың зерттеп жүргеніне де куә болдық. Университеттен кейін қол жаттықтырып, көз қанықтыру мақсатында ЮНЕСКО көлемінде танымал зергер Серікқали Көкеновтің қол астында жүріп, күмісті баппен балқытудың қыр-сырын меңгердім. Кейін туған өлкем Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына оралып, мектепке жұмысқа орналастым. Балаларды бекзат өнерге қызықтыруға күш салдым. Одан бөлек жеке шеберханамды да аштым. Біраз уақыт өткен соң, Астанаға қоныс аудардым», деді шебер.

Қазір Қосшы қаласының №3 мектебінде технология пәнінен сабақ беретін Ертай Сәрсеновтің қолынан шыққан бұйымдар әртүрлі көрмелер мен сатылымдарда сұранысқа ие. Қыз-келіншектерге арнап жасаған әшекей бұйымдарына бергісі Орталық Азия, арғысы Канададан тапсырыс беретіндер де бар. Бір ерекшелігі – бұйымдарды жасауда ол әлі күнге дейін ата-бабадан мирас болып қалған көне тәсілдерді қолданады. Әрі оны 10-15 балаға үйретіп, тәрбиелеген.
«Шетелдіктердің қызығатыны, жұмыстарым абстракциялы қазіргі заман талабына сай. Соған қарамастан әр бұйымның өзегінде ұлттық нақыш, қазақы болмыс сақталады. Маған ең маңыздысы – дәстүрді жоғалтпай, оны бүгінгі заман тілімен сөйлете білу. Нарықта автоматтандырылған технологиялар жасаған өнімнен гөрі, қолмен жасалған дүниелерге сұраныс жоғары. Сол себепті шәкірттеріме төзім мен табандылықты, іске жауапкершілікпен қарауды үйретемін. Қолөнер – тек кәсіп емес, ол уақыт пен жанкештілікті талап ететін өнер екенін ұғындыруға тырысамын. Оған қоса, ағаш, сүйек өңдеумен де айналысамын. Енді тері өңдеуді үйреніп, артынша халықаралық аренада жаңа форматта тың дүниелер ұсынғым келеді», деді Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі.

Өмірдің өзі – үздіксіз еңбек
Қазақ – жеті атасын түгендеп, тегін таныған халық. Бұл – жай шежіре емес, тұтас бір өмір салты мен рухани сабақтастық. Самғау Нәсіпханұлына да оның мәні терең. Ол бабаларынан жалғасқан етікшілік өнерді кәсіпке, кәсіпті елдік мұратқа айналдыра білген еңбек адамы.
Самғау аяқкиім тігумен 2011 жылдан бері кәсіби түрде айналысады. Десе де шеберге тән сабыр мен ұқыптылықты бойына бала кезде сіңірген.

«Етікші десе, көбі кенже қалған кәсіптің түрі ретінде көреді. Алғаш осы іспен айналысамын деп ата-анама айтқанымда, олар бір жағынан қолдады, бір жағынан сынап та көрді. Әкем «қазір нарық заманы, аяқкиім көп, соны да ескер» деп ақылын да айтқан. Соған қарамастан, бұл кәсіпке деген ниетімнен қайтпадым. Аяқкиім саласында 40 жылға жуық дизайнер болып еңбек еткен шебер Кенжеғали Сәткеновтен бір айдай тәлім алдым. Кейін етік тігіп, оны әкеме көрсеттім. Ол кезде 30-40 малымыз болған, бірақ сол жылы көбі бруцеллез ауруына шалдығып, қырылып қалды. Содан екі бұзаулы сиыр ғана аман қалды. Оны сатып, әкем қолыма 300 мың теңге ұстатты. Міне, осы кезде өз-өзіме «Мен бұл істен нәтиже шығарамын» деп уәде бердім. Сол қаржыға тігін машинкасы мен аяқкиімнің қалыптарын сатып алдым. Осылайша, кәсібім 70 шаршы метрлік үйіміздің бір бұрышындағы өз бөлмемнен басталды. Қазір Астананың іргесінде шеберханамыз бар. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын. Сұраныс та жоғары. Жаппай өндіріс және жеке тапсырыс арқылы аяқкиімдер тігіледі. Балалар, әйел мен ерлерге арналған аяқкиім, кроссовка, туфли, бәрі бар», деді етікші.
Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының тумасы негізінен механик машинист оқуын бітірген. Дегенмен қызығушылығы қолөнерге жетелеген Самғау енді өнімін әлемдік брендке айналдыруды мақсат етіп отыр. Қолөнер шебері үшін бұл тек аяқкиім тігу емес – маркетингке, адам ресурстарын басқаруға және қаржыны тиімді ұйымдастыруға да баса мән берілген күрделі үдеріс. Оның сөзінше, етікші ретінде еліміздегі аяқкиім өндірісін дамытса, кейін тері өңдеу саласы да ілесе ілгерілейді. Осылайша, өндірістің әр тармағы өзара байланысып, толыққанды кластерлік даму жүйесі қалыптасады.
«Біздің концепция – пайда табудан гөрі пайдалы болуға негізделген. Көп адам акцентті ақшаға қояды, негізі ақша дұрыс ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі. Сол себепті алдағы уақытта 5-10 жыл, тіпті ғасырлап отандастарымызды тұрақты жұмыспен қамтитын жүйе құрғымыз келеді. Мәселен, бұл тәжірибені Қытай, Түркия қолданады. Әрі бұл мемлекеттерде тері, аяқкиімнің қалыбы, қораптары болсын бәрі бір жерде өндіріледі. Бізге негізінен көп шикізат Шымкенттен жеткізіледі. Алдағы уақытта үлкен фабрика ашқым келеді. Ол Қазақстандағы, ТМД-дағы ең үздік өндіріс, сонымен қатар елімізді көтерме аяқкиіммен қамтамасыз ететін фабрика болады деп ниеттеніп отырмыз», деді кәсіпкер.
Самғаудың ел көлемінде 100-ден аса шәкірті де бар. Етікші кейінгі буынға тек кәсіби дағдыны үйретіп қана қоймай, қолөнердің мәнін де түсіндіргісі келеді.
«Меніңше, қолөнер тек кәсіп емес, ұлт дәстүрімен, руханиятымен, бала тәрбиесімен, өмір салтымен біте қайнасқан құндылықтар жиынтығы. Сол себепті жаһанданудың ағынына жұтылмай, өз дәстүрімізді сақтап, ұлттық қолөнерді заманауи тәсілмен дамытып, келешек ұрпаққа жеткізу – әр азаматтың міндеті. Қолөнерге келген жас түсінуі керек: бұл үздіксіз еңбек. Мұнда бір дүниені жасап болып, демала қаламын деген түсінік жоқ. Өмірдің өзі еңбектен тұрады. Мен де өлгенше жұмыс істеп өтемін», деп сөзін түйіндеді Самғау Нәсіпханұлы.
Түйін. Креативті индустриядағы жастар феномені – кездейсоқ құбылыс емес, қоғамның ішкі сұранысынан туындаған заңды үдеріс. Олар ұлттық болмысты сақтай отырып, заманауи ойлау жүйесімен жаңа мазмұн қалыптастыруда. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау, өңірлердегі бастамалар мен жеке шығармашыл тұлғалардың ізденісі үйлесім тапса, креативті индустрия мәдени ғана емес, сөзсіз экономикалық өсімнің де маңызды тетігіне айналады.