Президенттің экономиканы цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ғалымдарды қолдау, ғылым нәтижелерін өндіріске енгізу мен инновациялық шешімдерді ілгерілету мәселелері күн тәртібіне шықты. Кеңесті ашқан Премьер-министр жаңа Конституция жобасын қоғамға ашық әрі нақты түсіндірудің маңызына тоқталып, құжатта елде жүріп жатқан саяси әрі экономикалық өзгерістердің, соның қатарында білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтардың айқын көрініс тапқаны туралы айтты.
«Ата заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам мен оның құқықтары, бостандығы мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» үстемдік құрған, «Әділетті әрі таза Қазақстанды құру» идеясы халықтың кең қолдауына ие болып отыр. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығы мен сабақтастығын нығайта түседі», деді О.Бектенов.
Жаһандық өзгерістер, жоғары технологиялардың қарқынды дамуы мен «орта державалар» рөлінің артуы жағдайында конституциялық реформаның уақтылы әрі стратегиялық маңызы бар қадам екені баса айтылды. Талқылау барысында ғылыми қауымдастық өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап, ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының өзегі ретінде шоғырландыру қажеттігіне назар аудартты.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын бекітіп қана қоймай, еліміздің ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуының берік негізін қалыптастыратынын айтты. Ал академик Вячеслав Локшин медицина ғылымының дамуы ұлттық қауіпсіздік пен орнықты денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың негізгі факторы екеніне тоқталып, ғылымды стратегиялық ресурс ретінде танудың маңыздылығы жөнінде пікір білдірді. Осы тұрғыда жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрлық диагностика мен телемедицина бағыттарын дамыту өзекті екені айтылды.
Кеңес барысында ғылымның экономикаға қосатын үлесін арттыру мәселелері де қозғалды. Мемлекет ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға жұмсалатын шығыстарға 300%-ға дейін салықтық жеңілдіктер ұсынып, жер қойнауын пайдаланушылардың өндірістік шығыстарының 1%-ын ҒЗТКЖ-ға бағыттау тетігін енгізді. Кейінгі үш жылда ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есеге артып, биыл 214 млрд теңгеге жетті. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай ІЖӨ-нің 1%-ына жеткізу міндетін қойған.
Премьер-министр отандық ғылымның тиімділігін, инвестициялық тартымдылығы мен ашықтығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтіп, Ұлттық ғылым академиясы елдің стратегиялық дамуын қамтамасыз ететін негізгі зияткерлік орталыққа айналуға тиіс екенін айтты.
Ақылбек Күрішбаев экономикаға ғылыми әзірлемелерді жедел енгізуге бағытталған бірқатар бастама ұсынды. Академия форсайтты жоспарлаудың тұрақты құралына айналып, өңірлік және салалық деңгейде ондаған сессия өткізіп, перспективалық міндеттер мен ғылыми-техникалық тапсырмалар әзірлегені мәлім болды. Бұған қоса ғылым мен технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестердің ғылыми-инновациялық дамуды басқарудағы маңызы ерекше екені айтылды.
Салалық министрліктер нақты нәтижелерді таныстырды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тау-кен металлургия кешенінде кейінгі бес жылда 150 млрд теңгеге жуық инвестиция салынып, 1,5 мыңнан астам жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенінде отандық селекцияның 743 сұрпы тіркеліп, егіс алқаптарының шамамен 60%-ы отандық тұқымдармен қамтамасыз етіліп отыр.
Өңірлер де ғылыми-инновациялық экожүйені дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері зертханалық базаны нығайту, технологиялар трансферті мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жоспарларын таныстырды. Бұған қоса Ерлан Батырбеков, Асқар Жұмаділдаев секілді ғалымдар ғылыми әлеуетті шоғырландыру, атом энергетикасы қауіпсіздігі, радиоэкология және материалтану салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Жиын қорытындысында Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.