Сурет ашық дереккөздерден алынды
Кейінгі жылдары елімізде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жасанды интеллектіге негізделген бейнебақылауды көбейтуге барынша назар аударылып келеді. Бұл – мемлекеттік органдар тарапынан қылмысқа қарсы күрестің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Өйткені мұндай бақылау жүйесі қылмысты анықтауға ғана емес, құқықбұзушылықтың алдын алуға да ықпал етеді. Қазір республикада 1,5 млн-нан аса бейнекамера жұмыс істейді. Оның 25%-ы ІІМ-нің жедел басқару орталықтарына қосылған. Соның көмегімен кез келген құқықбұзушылықты нақты режім уақытында көріп, кезекші жасақтардың әрекетін үйлестіруге мүмкіндік артты.
Статистикалық деректерге көз салсақ, өткен жылы жүйелі профилактикалық әрі жедел жұмыстың нәтижесінде қылмыс деңгейі 9 пайызға, яғни 8 мыңға, ал әкімшілік құқықбұзушылық 20 пайызға немесе 15 млн-ға дейін төмендеген. Әсіресе кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық секілді басқа да ауыр, аса ауыр қылмыстардың айтарлықтай азайғаны байқалды.
«Бізге қарасты камералар қылмыстың алдын алуға едәуір ықпал етіп жатыр. Қоғамдық орындардағы қылмыс кейінгі жылдары 1,6%-ға, ал көшелерде көрсеткіш 7,8%-ға дейін қысқарды. Бақылау жүргізе келе, анықтағанымыз, камера мен полиция қызметкерлері көп шоғырланған аумақтарда қылмыс аз тіркеледі екен», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев.
Бүгінде әр облыста жедел басқару орталықтары (ЖБО) бар. Тіпті аудандар да кіші орталық санын арттыруға көңіл бөліне бастады. Мәселен, Павлодарда ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен 24 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, қоғамдық тәртіп сақталуына айтарлықтай үлес қосылды.
«ЖБО-ның негізгі міндеті – қылмыстар мен оқиғалар туралы хабарламалар мен өтініштерді қабылдау, полицияның жедел әрекет етуін қамтамасыз ету және олардың оқиға орнына уақтылы жетуін бақылау. Криминогендік жағдайы күрделі, құқық бұзушылық жиі тіркелетін және адам көп жиналған аймақтарға басымдылық беріледі. Негізінен, камера орнату барысында, қылмыс статистикасы, халық тығыздығы, көлік қозғалысының қарқындылығы, әлеуметтік маңызы бар нысандардың болуы, қоғамдық тәртіпке қауіп төнетін факторлар ескеріледі. Өткен жылдың қорытындысында жедел басқару орталығында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 196 қылмыс ашылды. Сонымен қатар 24 729 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 2 094 – ұсақ бұзақылық, 2 871 – қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, 16 758 – жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі», деді Павлодар облысы ПД ЖБО бастығының міндетін атқарушы Гомар Шабиденов.
Жалпы, «Жедел басқару орталықтарына шығара отырып елді мекендерді жаппай бейнебақылау жүйелерімен қамту» жобасы аясында 100 тұрғынға шаққанда 15 бейнекамера орнату көзделіп отыр. Бұл көрсеткішке сәйкес елімізде шамамен 3 миллион камера қажет болады. Демек, енді тағы да 1,5 миллионы керек.
Сонымен қатар жасанды интеллект кірістірілген, бет-әлпетті тану, күдіктінің мінез-құлықын анықтау мен тағы басқа функцияларды орындай алатын 19 мың камера сынақтан өткізіліп жатыр. Осы жүйенің көмегімен былтыр 569 күдікті анықталып, ұсталған. Оған қоса халық көп жиналатын орындарда дауыс зорайтқыш, микрофон және полицияға тікелей байланыс орнатуға арналған «SOS» түймелері де орнатылып жатыр. Дегенмен бейнебақылаудың әсері әрқашан анық әрі оң бола бермейтінін айтпасқа болмас.
«Қазір Астана қаласының полиция департаменті Жедел басқару орталығының 47 мыңға жуық бейнебақылау камерасы бар. Көп жағдайда азаматтар камераны байқап, заң бұзудан бас тартады. Яғни бейнебақылаудың бар екенін ескеріп, заңға қайшы әрекеттерден тартынады, демек бір жағынан қоғамда заңсыз әрекеттерге «тежеуші фактор» рөлін атқарып тұр. Алайда ол шешім қабылдауда адамды толық алмастырмайды, тек полиция қызметкерлерінің жұмысын толықтырады. Жедел басқару орталығы әдетте мониторинг, байланыс және талдау үшін заманауи технологиялар кешенін қолданады, технология қателескен кездер байқалса, мәліметтер міндетті түрде қызметкер тарапынан қайта тексеріліп жүр. Тағы бір айта кетерлігі, кейбір көшедегі қылмыстар саны азайғанымен, интернет және алаяқтық сипаттағы қылмыстардың артуы байқалады», дейді Астана қаласы ПД ЖБО бастығының міндетін атқарушы Ержан Ануарбекұлы.
Көшедегі бейнебақылау жүйелерінің қылмыс деңгейіне ықпалы халықаралық деңгейде кеңінен зерттелген. Мысалы, Ұлыбритания – бейнебақылау жүйелері ең ерте және ең кең таралған елдердің бірі. Ел аумағында, әсіресе Лондон қаласында, қоғамдық орындарда камералардың тығыз орналасуы қалыпты жағдайға айналған. Зерттеулердің басым бөлігі камералардың ұсақ қылмыстарға, атап айтқанда автокөлік ұрлығы мен қоғамдық орындардағы мүлікке қол сұғу әрекеттеріне белгілі бір деңгейде тежеуші әсері бар екенін көрсетеді. Алайда зорлық-зомбылық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру немесе қарулы қылмыстарға қатысты айтарлықтай төмендеу әлі де байқалмаған.
Британиялық тәжірибе бейнебақылаудың қылмыстың алдын алудан гөрі, қылмысты ашу мен дәлелдеу құралы ретінде тиімді екенін айқын көрсетеді. Ал АҚШ-та бейнебақылау орталықтандырылған ұлттық жүйе емес, жергілікті билік пен жеке сектордың бастамалары арқылы дамыған. Сол себепті камералардың әсері әр қалада әртүрлі. Тиімділік көбіне нақты ортаға байланысты байқалады: автотұрақтарда, метро стансаларында, әуежайлар мен сауда аймақтарында бейнебақылау ұрлық пен тәртіп бұзушылықтарды азайтуға ықпал еткен. Ал әлеуметтік мәселелері күрделі, қылмыс деңгейі жоғары аудандарда камералардың әсері шектеулі. Америкалық криминологиялық зерттеулер бейнебақылаудың қылмыстың негізгі себептеріне әсер етпейтінін, тек қауіп факторларын бақылау құралы екенін көрсетеді.
Қытай бейнебақылау технологияларын ең кең ауқымда және ең қатаң форматта енгізген елдердің қатарына жатады. Мұнда біздің елдегідей камералар жасанды интеллект жүйелерімен біріктірілген. Бұл жүйелер қоғамдық тәртіпті сақтауда және қылмысты жедел анықтауда жоғары тиімділік көрсеткен. Алайда Қытай тәжірибесі жеке өмірге қол сұғу, азаматтық еркіндіктердің шектелуі мен мемлекеттік бақылаудың күшеюі тұрғысынан халықаралық деңгейде сынға ұшырап отыр.
Германия, Франция, Нидерланд сияқты Еуроодақ елдерінде бейнебақылау жүйелері қатаң құқықтық нормалармен реттеледі. Мұнда камера орнату қажеттілігі дәлелденуге тиіс, деректерді сақтау мерзімі шектеулі, ал азаматтардың жеке өмірін қорғау басты қағида ретінде қарастырылады. Бұл елдерде бейнебақылау көбіне терроризм қаупі бар аумақтарда, ірі қоғамдық іс-шаралар кезінде және көлік инфрақұрылымында қолданылады.
Шетелдік тәжірибелерді ескере келе, мынадай тұжырым жасауға болады: бейнебақылау жүйесінің тиімділігі оның қолдану әдісі, құқықтық реттелуі, әлеуметтік орта және технологиялық мүмкіндіктерге тікелей тәуелді. Сондықтан біздің елде де бейнебақылау тек қылмысты анықтау мен алдын алу құралы ретінде ғана емес, жеке өмірді қорғау және құқықтық нормаларды сақтау қағидаларын ескере отырып, кешенді жүйе ретінде қолданылғаны маңызды.