Өткен жылдың өзінде өңір маршруттарына 36 жаңа автобус шығарылған. Бұл шаралар – жолаушылар тасымалы саласындағы қордаланған проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған жұмыстардың бір парасы.
Жоспарлы жаңарту басталғанға дейін қоғамдық көлік саласындағы жағдай автобустардың тозу деңгейінің жоғары болуына, көлік қолжетімділігінің біркелкі еместігіне байланысты күрделене түскен. Автобус паркі соңғы рет 2018 жылы жаңартылған, ол Қонаев қаласында небәрі 11 көлікпен шектелген еді. Бұл қарқынды дамып, аумағы кеңейе түскен өңірдің қажеттілігін толық қамтуға мүмкіндік бермеді. Әсіресе ішкі ауданаралық бағыттар мен шалғай ауылдық елді мекендерде мәселе айқын сезіліп, қоғамдық көлік көп жағдайда жалғыз қатынас құралы болып қала берді.
Мәселенің өзектілігі ескеріліп, 2023 жылдан бастап облыста автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту тетігі қалыптастырылды. Сол жылы тасымалдаушылар өз қаражаты есебінен 33 автобус сатып алса, одан кейінгі жылы 44 автобус жаңартылды. Оның 27-сі жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында алынған. Былтыр тағы 33 автобус жеңілдетілген қаржылық құралдар арқылы сатып алынып, іске қосылды. Бұл тәсіл бірреттік сатып алудан тұрақты жаңғырту моделіне көшуге жол ашты.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл тағы 31 автобусты жаңарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 автобус қаңтар айында сатып алынды.
Биылға арналған жоспарды қалыптастыру кезінде әлеуметтік жүктемесі жоғары маршруттарға, бұрын көлік қолжетімділігі жөнінде күрделі мәселе тіркелген бағыттарға басымдық беріліп отыр. Негізгі мақсат – тозығы жеткен автобус паркінің үлесін біртіндеп азайтып, маршруттық желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Автобус паркін жаңғырту арқылы жолаушылар тасымалы саласындағы жүйелі мәселелер шешімін тауып, тұрғындардың қоғамдық көлікпен қатынауына қолайлы жағдай жасалып келеді.
Алматы облысы