Ата заң • Бүгін, 18:00

Алматыда конституциялық түзетулер қолдау тауып, олардың мәні түсіндірілді

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өкілдері қаланың Қоғамдық кеңесі мүшелерімен кездесті. Басқосу барысында қоғамдық талқылауға шығарылған Конституцияға енгізілетін түзетулер және жаңартылған мемлекеттік-құқықтық модельді қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлі кеңінен сөз болды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда конституциялық түзетулер қолдау тауып, олардың мәні түсіндірілді

Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдап, жүргізіліп жатқан реформаны елдің саяси жаңғыруындағы шешуші кезеңдердің бірі ретінде бағалады. Талқылау барысында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктерді кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік институттардың есептілігін арттыру мәселелері көтерілді.

Ұлттық музейде Жаңа Конституция жобасы талқыланды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Конституцияны талқылауда ашық әрі жауапты қоғамдық диалогтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, реформалардың заңдылығы мен тұрақтылығы қоғамның белсенді қатысуына тікелей байланысты.

«Сындарлы сын шектелмеуі тиіс. Ашық талқылау мүмкіндігінің өзін қоғамдық құндылық ретінде бағалауымыз қажет. Тек диалог арқылы ғана қоғам қабылдайтын әрі ұзақ мерзімде тиімді жұмыс істейтін шешімдерге қол жеткізуге болады», деді депутат. Сонымен қатар ол реформалар кезеңінде қоғамдық келісімді сақтау және сезімтал тақырыптар төңірегінде алыпсатарлыққа жол бермеу қажеттігін атап өтті.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сыртқы сын-қатерлер күшейген кезеңде ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің маңызына назар аударды.

«Жаңа Конституция жобасында жаһандық саясаттағы тұрақсыздық жағдайында елдің тұрақтылығы мен аумақтық тұтастығын сақтауға арналған тетіктер қарастырылған», деді ол.

Оның айтуынша, түзетулер Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағдарланған әрі қазіргі ішкі және сыртқы сын-қатерлерге жауап береді.

Жаңа Конституциядағы отбасы және неке нормалары сарапшылар талқысына түсті

Кездесу барысында Конституция преамбуласының мазмұнына да айрықша мән берілді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Үнзила Шапақ преамбула Ата заңның тұтастай құндылықтық бағдарын айқындайтынын атап өтті.

«Конституция – мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің көрінісі. Преамбулада ұлт бірлігі, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастық нақты бекітілуі тиіс», деді ол.

Сондай-ақ жаңартылған Ата заң ұлттық мүдделер мен тарихи сабақтастықты, халықаралық құқықтық міндеттемелерді ескеруі керектігін айтты.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Совет Сейітов ұсынылып отырған өзгерістердің өзектілігіне тоқталып, Қазақстанның саяси және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Ол жастарды Конституцияны талқылау үдерісіне белсенді тартудың маңызын да ерекше айтты.

«Бұл – баршамыз өмір сүретін Конституция. Ең алдымен, жас ұрпақ үшін. Сондықтан бейжай қалмай, алдағы референдумда талқылау мен дауыс беруге белсенді қатысу маңызды», деді ол.

Конституциялық өзгерістердің әлеуметтік және құқық қорғау қырларын Қоғамдық кеңес мүшесі Богдан Джепка баяндады. Оның айтуынша, қолданыстағы бірқатар норма қазіргі заман талаптарына сай жаңартуды қажет етеді.

«Бүгінде әлем қарқынды өзгеріп жатыр: цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа әлеуметтік сын-қатерлер. Осы тұрғыда Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер дер кезінде қолға алынып отыр»,  деді ол.

Спикер ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік жүйені икемдірек етіп, бюрократияны азайтуға және билікті азаматтарға жақындатуға ықпал ететінін атап өтті. Ол сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталды.

«Жоба аясында сайлау процесінде әйелдер мен мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квотаның сақталуы – елдің әлеуметтік дамуына қатысудың нақты тетігі», деді Богдан Джепка.

Жазушылар жаңа Конституцияның рухани өзегін талқылады

Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшесі Рустам Қайрыев конституциялық өзгерістердің әлемдік тәжірибеде қалыпты құбылыс екенін айтып, оларды халыққа түсінікті тілде жеткізудің маңызын атап өтті.

«Азаматтар ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін нақты түсінуі үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қолжетімді форматта түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет», деді ол.

Талқылау қорытындысында қатысушылар Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістерді қолдайтындарын білдірді. Сондай-ақ мұндай диалог алаңдары конституциялық реформа аясында сарапшылар мен қоғамдық қауымдастықтың пікірін ескеруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Соңғы жаңалықтар