Шығыс Қазақстан облысы өткен жылы ана өлімі тіркелмеген санаулы өңірлердің қатарында аталды. Сонымен қатар өңірде медициналық кадрлардың тапшылығына байланысты бірқатар жүйелі мәселелер бар екені, сондай-ақ бір жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау бойынша белгіленген көрсеткіштің толық орындалмағаны айтылды.
Облыста ғылымды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Атап айтқанда, 664 ғылыми жұмыс жарияланып, 67 әзірлеме өндіріске енгізілген. Өңірде өңдеуші өнеркәсіпке арналған кобальтсыз қатты қорытпалар әзірленіп жатыр, сондай-ақ травматология мен ортопедияда қолданылып жатқан 20-дан астам медициналық имплантат түрі жасалады.
Сонымен қатар облыста орта білім беру сапасын арттыруға бағытталған жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді. Өңірде ерекше назар аударуды талап ететін басым бағыттар айқындалып, соның ішінде оқушылардың оқу, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын жүйелі түрде дамыту жұмыстарын жандандыру қажеттігі көрсетілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деректеріне сәйкес, өңірде жұмыссыздар саны, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықтың артқаны байқалады. Өндірістік жарақаттану мәселелері де өзекті болып отыр.
Өңірде туристік инфрақұрылымды, навигация мен саланы ақпараттық қолдауды, сондай-ақ инклюзивті спортты дамыту қосымша назар аударуды қажет етеді.
Жиын қорытындысы бойынша Аида Балаева әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою жөнінде нақты тапсырмалар берді.